457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Құрбанды онлайн шалуға да болады. Маңызды мәліметтер

Ел бойынша құрбан шалуға арналған арнайы орындардың тізімі жарияланды

Бүгін мұсылмандардың діни мерекесі — Құрбан айт басталды. 3 күнге созылатын бұл мейрамның басты атрибуттары – айт намазы, құрбан шалу, қайырымдылық шаралары және мерекелік дастархан. Қасиетті мейрам қарсаңында Malim.kz Kazinform.kz - ке сілтеп құрбан шалу орындары, арнайы сайт, мерекелік намаз уақыты сынды пайдалы деректерді топтастырып, оқырман назарына ұсынады.

Құрбан айт күні қалай белгіленді?

Мереке қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы баспасөз мәслихатын өткізіп, биылғы Құрбан айттың 6 маусымда басталатынын ресми түрде жариялады.

Биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі 6 маусымда басталады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірқатар алыс та жақын мұсылман елдердің ғұламаларымен, пәтуә шығару орталықтарымен кеңесіп, осындай пәтуә қабылдады, — деді Бас мүфти.

ҚМБД мәліметінше, Ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санауы ай фазасының өзгеруіне негізделген. Жаңа айдың көрінуімен жаңа ай басталады. Қамари ай кейде 29 не 30 күн болады.

Зулхижжа айын анықтау үшін зул-қағда айының 29-нда айды бақылайды. Күн батқан кезде жаңа ай көрінсе, келесі күні зул-хижжа айы басталған болып саналады. Егер күн бұлтты болып, ай көрінбесе, зул-қағда айын 30 күнге толықтырады.

Осы негізде 2025 жылы 27 мамырда жаңа айдың көрінуіне байланысты биыл зұлхижжа айы 28 мамырда басталып, арапа 5 маусымға, ал құрбан айт 6 маусымға сай келеді.

Құрбанды онлайн шалуға болады

Биыл да елімізде Құрбан шалу онлайн және оффлайн форматта өтеді.

Діни басқарма халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban.muftyat.kz сайтын іске қосты. Дінімізде құрбандық шалу рәсімін басқа біреуге тапсырып, оны өкіл ете алады. Егер өзі бара алмаса, бір кісіге өтініш жасап, құрбан шалуға рұқсат етілген. Демек онлайн форматта құрбан шалуға тапсырыс бере аласыздар, — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Оның айтуынша, мұндай құрбандықтан түскен ет мұқтаж жандарға жеткізіледі.

Онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, Kaspi QR арқылы төлем жасай алады. Тапсырыс сәтті өтсе, ұялы телефонға SMS хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен нөмірге жіберіледі.

Сондай-ақ ҚМБД мұсылман жамағатқа мынандай маңызды ескерту жасады.

— Құрбан айт мерекесі кезінде өздерінің теріс мақсаттарын жүзеге асыру үшін кейбір белгісіз азаматтар мен ұйымдар жалған құрбандық сайттарын ашып, халықты адастырып, құрбандыққа аударған қаражаттарын өзге мақсатқа пайдаланып кетуі мүмкін.Сондықтан баршаңызды абай болуға шақырамыз, - делінген хабарламада.

Құрбан шалу кімдерге міндет?

ҚМДБ мәліметінше, Ханафи мәзһабында құрбан шалу – уәжіп. Уәжіп деген – парыз бен сүннеттің арасындағы амал. Уәжіпті тәрк еткен адам сұралады. Оны орындамаған адам қазасын өтейді. Ал сүннетті тәрк еткен адам сұралмайды, қазасының өтелуі талап етілмейді.

Құрбан айт уақыты өтіп кетсе де, мұсылманның мойнынан құрбан шалу міндеті түспейді. Сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді немесе сойып, барлық етін садақа етеді, одан ештеңе жемейді. Өйткені уақыты өтумен құрбандық міндеті садақа міндетіне ауысады. Құрбандықты әлі сатып алмаған болса, құрбандық құны мөлшерінде садақа етеді, - дейді ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлов.

Оның айтуынша, құрбан шалу ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, ауқатты, әрбір ер және әйел мұсылманға бұйырылған. Ал жолаушыға, уақытша (15 күннен аз) қоныстанған және кедей адамға құрбандық шалу міндет емес.

Бай деген – өзінің және отбасының негізгі қажеттілігінен артық мал-дүниесі зекет нисабына жеткен (85 грамм алтыны, 40 қойы, 30 қарамалы немесе 5 түйесі бар) адам. Ақыл-есі түзу, балиғат жасына толған адам құрбандықты өз атынан шалады. Кішкентай балалары атынан құрбандық шалу міндет емес.

Айт намазының уақыты

3 маусым күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ел өңірлеріндегі Құрбан айт намазының кестесін жариялады.

Ондағы дерекке сай, еліміздің 3 мегаполисі мен 17 облысындағы намаз уақыты таңғы 06:00 мен 07:00 арасында өзгеріп отырады.

Құрбан шалу орындары 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет және қайырымдылық» қоры ел бойынша құрбан шалуға арналған арнайы орындардың тізімін жариялады. Олар:

Астанада — «Жайлау», «Баракат», «Шанхай», «Шопан ата», «Ет хан», «Шаушен» шаруа қожалығы (Алаш тас жолы, 136Б) мал базарлары;

Алматыда — «Алтын сақа» мал базары;

Шымкентте — «Халал Қасап» мал базары мен қасапханасы;

Семей қаласында — «Сары» мал базары және «Ақшың» қасапханасы.

Көкшетау қаласында – «Бижан ет өңдеу» және қалалық мал базарлары.

Ақтөбе қаласында — СПК «Айбек» ет комбинаты, «Дала елі» ЖШС, «Есік» ЖШС, ЖК «Молдабеков», ЖК «Қасым» мал базарлары;

Алматы облысында — Қонаев қаласы, Қарлығаш шағынауданында;

Атырау қаласында — «Тума» мал базары мен «Иманғали», «Құспан молла», «Қ. Мұңайтпасов» мешіттері;
Орал қаласында – «Ел ырысы» және «Адал ет» мал базарлары;

Тараз қаласында – «Байданов» және «Рамазан» мал базарлары.

Талдықорған қаласында – «3-ші бөлімше» тұрғын үй алабы мен қалалық мал базары.

Қарағанды қаласында – «ТОО АРАЙ КЗ» (Гоголя 2/23), «ШҚ Хасенов» (Сейфуллина 53), «ИП АБИШЕВ» (Резника 18) мекенжайларында орналасқан мал базарлары;

Қостанай қаласында – «Амиго» және «СОЮЗ» ТС мал базарлары;

Қызылорда қаласында – 1 мал базары;

Ақтау қаласында – «Көркем Әлем ет комбинаты» мал базары;

Павлодар қаласында – «Құлагер» ипподромы;

Петропавл қаласында – Жұмысшы кентіндегі (Космонавтар көшесі, 2) мал базары.

Түркістан облысында «Түркістан-Ахмет Яссауи» облыс орталық мешіті, «Кентау орталық», «Шолаққорған орталық», «Ысқақ» орталық, «Дәулетұлы Бегалы ата», «Түлкібас ата», «Нақыпбекұлы Әуен», «Ы.Иманалиев», «Нұр», «Мұсылмандар», «Абдул Әкім», «Шардара орталық», «Нұғман», «Сатыбалды Иманбердіұлы», «Дервиш Әли» мешіттері, сондай-ақ «Құлагер Ет» ЖШС, «Қарабұлақ», «Сайрам» қасапханалары;

Жезқазған қаласында – «Құлжанов» және «Рыбачий» мал базарлары;

Өскемен қаласында – «Атығай Асуы» құрбан шалу орны.

Фото: muftyat.kz