Санкт-Петербургте жолаушыларды құтқаруға қазақ жігіті атсалысқан
Ерхан Аханов сол жақта жүргізуші болып істейді
Санкт-Петербург тұрғыны Ерхан Аханов ресейлік «Фонтанка» басылымына Мойкаға батып кеткен автобустан бірінші болып шыққан жолаушыларды құтқаруға қалай қатысқанын айтып берді, деп хабарлайды Malim kz.
Оның айтуынша, 10 мамырда күндіз ол жұмыстан үйіне келе жатып, қираған қоршау мен батып бара жатқан автобусты көрген. Бірінші ойы суға секіру болғанымен, өзге куәгерлер оны бұл ойынан тайдырады. Артынша Ерхан көлігінің жүксалғышынан тросс әкеліп, қоршауға байлайды. Сосын алдымен бір дағыстандық түсіп, артынан Ерханның өзі де түседі.
Жігіттер люкті ашып, әйелді шығарып жатты, мен оған алғашқы көмек көрсету үшін жүрекке массаж жасай бастадым. Ол аузын ашып, суға тұншығып қалды. Бүйіріне жатқыздым да, қайтадан жүрек массажын жасай бердім. Жігіттердің бірі көмектесіп, жасанды тыныс алдыра бастады, - дейді ол.
Осыдан соң жұрт екінші жолаушыны қамқорлыққа алады. Бірақ олар люктен басқа ешкімді шығара алмайды. Себебі, су басқан салонға арқансыз түсу қауіпті, оның үстіне терезесін сындыратын ештеңе жоқ.
Ерхан Ахановтың өзі бұл әрекетін ерлік деп санамайды.
Жалғыз ойым адамдарды құтқару болды. Бұл біреудің ата-анасы, біреудің балалары. Қолымыздан келгенше көмектестік. Өзін ер адаммын деп санайтын кез келген адам тоқтап, көмектесер еді деп ойлаймын, - дейді ол.
Ерхан Ахановтың айтуынша, ол Қазақстанда туған, бірақ соңғы үш жылдан бері Санкт-Петербургте тұрып, жүргізуші болып жұмыс істейді.
Айта кетейік, 10 мамыр күні түсте жолаушылар мінген автобус Поцелуев көпірінен Мойка өзеніне құлаған еді. Жүргізуші Үлкен Морская көшесінің бойымен 262-бағытпен келе жатып, сол жақтағы жаяу жүргіншілер жолағына шығып кеткен. Содан кейін өз жолағына қайтпақшы болып, Үлкен Морскаядан Поцелуев көпіріне бұрылыста қарсы қозғалысқа шығып кетіп, рульге ие бола алмай қалған. Сөйтіп, автобус айналып кетіп, қоршауды қиратып өтіп, суға құлаған. Жол апаты видеоға түсіп қалған.
Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары суға батқан автобустан тоғыз адамды алып шықты. Соңғы мәліметтер бойынша, жетеуі қайтыс болды. Оның бірі Көкшетауда дүниеге келген әйел.
Фото: fontanka.ru