Сарапшы: Дәрігер мәртебесін полициямен теңестіру керек

Айшолпан КЕРІМ

  • 15.04.2022

Өткен аптада еліміздің медицина қауымдастықтары дүр сілкінді. Әйгілі гастроэнтеролог Юрий Шумковтың қазасы медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі жайлы көп күмән тудырып, дәрігер статусы тақырыбын қайта талқылау басталды. Артынша Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жедел шешім қабылдап, медицина қызметкерлерінің құқығын қорғайтын заң жобасы әзірленгенін мәлімдеді.

Malim.kz тілшісі сарапшы, дәрігер Әкім Тұрсұнмен бұл заң жобасы қандай мәселелерді шешіп, қаншалықты тиімді болатыны туралы сөйлесіп көрді. Сарапшы елдегі заңнама дәрігерлер мүддесін қорғамайды деп есептейді. Ол ДСМ жасаймыз деп уәде берген заң жобасында дәрігер мәртебесі анық бекітілуі керек деп есептейді.

Медицина қызметкерлерінің мәртебесі бойынша арнайы заң жобасы дайындалуы керек. Бұл мәселені осыдан төрт жыл бұрын мұғалімдер мәртебесі сөз болған кезде де қоғам белсенділері болып көтерген едік. ДСМ 2018 жылы талқыланып, 2020 жылы қабылданған “Денсаулық” кодексіне сілтеме жасап, онда дәрігерлер мәртебесі жайлы арнайы бөлім болады, ал кодекс заңнан жоғары тұрады деп сендірді. Рас, дәрігер мәртебесі деген пункт енгізілген, бірақ ештеңе толыққанды ашылып жазылмаған. Мұғалім мәртебесін қарайтын болсаңыз, қандай жағдайларда мұғалім заң бойынша сол мәртебесін қорғай алатыны анық жазылған.

Сарапшы дәрігер мәртебесі әскери қызметкерлермен теңесуі керек деп есептейді. Сондай-ақ сарапшы сөзінше, дәрігерлерге қатысты жасалған қылмыс үшін жазаны ауырлату керек.

Дәрігерлер бірігіп, көптен айтып жүрген ұсынымыз мынау: медицина қызметкерлерінің мәртебесі әскерилер мен қорғаныс саласы, ішкі істер саласы қызметкерлерімен теңестірілуі керек деп есептейміз. Неге десеңіз, мысалы жедел жәрдем мен стационар дәрігерлерінің шұғыл көмегі қажет болған жағдайда кейбір түрлі дін ағымдары мен басқа наным-сенім адамдары қоңырауға келген дәрігер ер адам болса, әйелдерін қаратуға рұқсат бермей жатады. Бұл маманның қызметіне кедергі келтіру болып есептеледі. Одан бөлек дәрігерлерге қатысты күш қолданылатын жағдайлар көп болады, қоғам тарапынан агрессия көп. Дәрігерлерге қатысты жасалған қылмыс үшін жазаны ауырлату керек. Бірақ мынадай альтернатив негізінде болса дейміз: тіпті сотқа жетпей, бір-біріне кешірім беріп, келісімге келген күннің өзінде науқасты да жібере салуға болады дейміз, бірақ дәрігердің денсаулығына қатты зақым келгені расталса, бәрібір кінәлі тарап жазалануы керек. Солай болған жағдайда дәрігерге ешкім жұдырық ала жүгіріп, қол көтермейтін болады. Осылайша дәрігер міндеті - адам өмірін құтқару процессіне ешкім кедергі келтіре алмайды. Бірақ бұл ұсынысты  тек дәрігер мүддесін емес, науқас пайдасын да ойлап жасап отырғанымызды айта кеткен жөн. Себебі хәл үстінде жатқан адамға дер кезінде дәрігерлік көмек көрсете білу маңызды. Кез келген заң халық игілігі мен пайдасы үшін жасалуы керек. Халықтың жағдайын жасап, өмірін құтқарып қалу үшін дәрігер мәртебесін өсіріп, нақты бекіту керек. Мысалы полиция қызметкеріне көшедегі тәртіп орнату үшін ешқандай кедергі келтірілмейді, полицияға қарсы шығып, кедергі келтіріп, қол көтерер болса, бұл қылмыстық кодекспен қаралады. Дәрігерлер дәрежесі де осындай болуы керек.

Әкім Тұрсын елдегі көп дәрігер тәуекелге бел буып, батыл шешім қабылдай алмайды, бұған да заң жүзінде жағдай жасалу керек деп отыр. 

Шұғыл операция жасау барысында науқастың денсаулығын сақтап, аман алып қалу - дәрігердің басты міндеті. Дәрігерлер батыл қадамға барып, жедел шешім қабылдап, жылдам көмек көрсете алуы үшін заң жүзінде жағдайы жасалуы керек.

Аурханаға көз жарақатымен ауыр жағдайдағы науқас түссе, көз алмасын алмастыру керек болуы мүмкін. Себебі әдетте көз жарақаттанғанда, дер кезінде ота жасап, алып тастамаса, көз бұршағы детальдары қанға түсіп кетсе, бұл екінші көзге аутоимундық соққы болып, екінші көз де көрмей қалады. Ал науқас тіпті жан сақтау бөлімінде жатқан болса, дәрігер ота жасау үшін оның жақындарынан рұқсат алуы керек, оны іздеп, тым құрыса, қоңырау шалып, ескерткен соң ғана, операция жасауға кіріседі. Дәрігерлердің өз бетінше батыл шешім қабылдау мүмкіндігі жоқ, ал мұндай жағдайларда жан сақтап қалу үшін әрбір минут маңызды.

Шумков әріптесіміздің өлімінен соң бәріміз есеңгіреп қалдық. Бұл қайғылы жағдайдың өзі дәрігер мәртебесі деген ұғымның әлдеқашан заңмен шегеленуі керек екенін тағы бір еске салды. Бұл әрине тағы да еліміздегі көп медицина қызметкерлерінің өміріне қауіп бар  екенінің дәлелі. Тек дәрігер емес, қоғамымызда барша адамның өміріне қауіп төніп тұр деуге болады, қашан, кім өлтіріп, ұрып-соғып кетерін білмейсіз. 

Мысалы дәрігерді сабап кетіп, оны сараптама жеңіл жарақат деп таныса, дәрігер сол жарақаттан көңілі түсіп кетті, мазасызданып, кезекшілігі мен қаншама науқастар жайына қалды - жалпы жұмысына кедергі келтірілгені үшін екінші тарапқа қосымша жаза беру мәселесі қарастырылмаған. Ал полиция немесе әскерилер тап осы жағдайда тап болса, қылмыскер қылмыстық кодекске сай қатаң жазаланады. Дәрігер жағдайында мұндай құқықбұзушылықтар күні бүгінге дейін қарапайым көшедегі екі адамның қақтығысы ретінде қылмыстық кодекс негізінде реттеліп келді. 

Бұлай қашанғы жалғаса берерін білмеймін, алайда жаңа заң жобасы дәрігер мәртебесін асқақтатады деп сенемін.

Байланысты жаналықтар

Қарағанды облысында ауыл тұрғындары медқалдық жағатын цехқа қарсы

30.11.2024

Елімізде жылына 40 мыңнан астам адам инсультке шалдығады

29.10.2024

Шымкенттегі медицина: биыл бірнеше орталық ашылып, бөлімшелер іске қосылды

24.10.2024

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшылары жауапкершілікке тартылды

11.10.2024

Физиология және медицина саласы бойынша Нобель сыйлығының иегерлері анықталды

07.10.2024

Жедел жәрдем тәулік бойы қызмет көрсетпеуі мүмкін бе? Министрліктің жауабы

26.09.2024
MalimBlocks
Қарағанды облысында ауыл тұрғындары медқалдық жағатын цехқа қарсы

Еш құжаты болмаса да пеш орнатылып қойған

Елімізде жылына 40 мыңнан астам адам инсультке шалдығады

Бүгін – бүкіләлемдік инсультке қарсы күрес күні

Шымкенттегі медицина: биыл бірнеше орталық ашылып, бөлімшелер іске қосылды

басты мақсат – медицина саласын жоғары деңгейге көтеру.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшылары жауапкершілікке тартылды

Физиология және медицина саласы бойынша Нобель сыйлығының иегерлері анықталды

Сыйлық гендік белсенділікті реттеудің негізгі принципін ашқаны үшін берілді

Жедел жәрдем тәулік бойы қызмет көрсетпеуі мүмкін бе? Министрліктің жауабы

Денсаулық сақтау министрлігі жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгеріс енгізу жөніндегі бұйрық жобасын әзірледі