ШҚО әкімі: Қалалар мен аудандар әкімдерінің жұмысы KPI арқылы бағаланады

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде облыс әкімі мен Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен аудандары әкімдері арасында қалалар мен аудандар әкімдерінің қызметін бағалау рейтингі нәтижелері бойынша меморандумға қол қойылды, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Бұл бағалауда KPI көрсеткіштерінің орындалуына басты назар аударылатын болады.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасы бойынша іс-шараларды сапалы жүзеге асыру және әрбір әкім үшін сандық немесе пайыздық мәндегі негізгі тиімділік көрсеткіштерін (KPI, Key Performance Indicators) анықтау мақсатында облыстық жұмыс тобы өңірдің қала және аудандарына іссапармен аралады.
KPI құрамына 2025 жылға арналған қалалар мен аудандардың ірі әрі маңызды жобалары енгізілді. Бұл жобалар экономиканың өсуіне, жұмыс орындарының құрылуына және салық түсімдерінің артуына елеулі үлес қосады.
"Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қалалар мен аудандар әкімдерінің қызметін бағалау рейтингінің қорытындысын шығару механизмін өзгерту бойынша ұсыныс енгізу қажет. Бұл рейтингте KPI көрсеткіштерінің орындалуына басымдық берілуі тиіс. Әр әкімге 2025 жылға арналған салық түсімдерінің өсуін қамтамасыз ету және төрт нақты жобаны жүзеге асыру бойынша көрсеткіштер белгіленген", – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Меморандумға облыс әкімімен қатар, Өскемен, Риддер, Алтай қалаларының, сондай-ақ Алтай, Самар, Үлкен Нарын, Марқакөл, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Шемонаиха аудандарының әкімдері қол қойды.
Фото: ШҚО әкімдігі ұсынған материал