ШҚО-да өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстыратын форум өтіп жатыр

Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысының инвестициялық әлеуетін таныстыруға арналған форум өтуде. Іс-шараға тоғыз елдің дипломатиялық миссияларының өкілдері қатысып жатыр.
Ауқымды форум барысында өңір өз өндірістік, ғылыми және туристік мүмкіндіктерін халықаралық қауымдастыққа ұсынып отыр. Қазақстанда аккредиттелген Корея Республикасы, Беларусь, Өзбекстан, Ресей, Швеция, Қытай, Бельгия және Қырғызстан елдерінің дипломатиялық өкілдері форум қонағы болуда.
– Сіздердің бұл сапарларыңыз өзара тиімді әріптестік пен халықаралық экономикалық байланыстарды дамытуға деген ұмтылыстың жарқын дәлелі, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов форумның ашылуында.
Форум өңір мен шетелдік әріптестер арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды тереңдету жолындағы кезекті маңызды қадам болды. Оның аясында Шығыс Қазақстанның инвестициялық әлеуетін көрсететін көрме ұйымдастырылып, қонақтарға металлургия, энергетика, туризм, ауыл шаруашылығы мен ғылым салаларындағы болашағы зор жобалар таныстырылды.
Айрықша назар индустриалдық мүмкіндіктерге аударылды: шетелдік делегация әлемдік нарықта сұранысқа ие өнім шығаратын бірқатар кәсіпорындарды аралады.
Форум аясында шетелдік қонақтар Өскеменнің Cол жағалау кешенінде болып, этнографиялық және әскери экспозициялармен, «Жібек жолы» саябағымен, қалалық зообақпен, ботаникалық бақпен және қайық станциясымен танысты. Бұл нысандар – облыстың туристік әлеуетін сәтті жүзеге асырудың жарқын мысалы әрі отбасылық демалысқа арналған аймақ.
Сондай-ақ форум аясында индустриялық кәсіпорындармен бірлесіп жүзеге асып жатқан қолданбалы жобалар жүргізілетін зертханалар, ғылыми кластерлер мен инженерлік алаңдар көрсетілді.
– Бүгінгі пленарлық отырыс – ашық диалог алаңы, басым бағыттарды талқылауға және жаңа өсу нүктелерін іздеуге арналған маңызды платформа, – деп атап өтті өңір басшысы.
Форум Шығыс Қазақстан облысының ашықтығын және шетелдік инвесторлармен әріптестікті тереңдетуге дайын екенін көрсетті. Бүгінде ШҚО – еліміздің тек өндірістік аймағы ғана емес, сонымен қатар сыртқы экономикалық байланыстар үшін келешегі зор өңір.
Фото: ШҚО


Ең көп оқылған
