Ұлттық ұлан офицерлері Өскеменде жауынгерлік дайындықтан өтіп жатыр
Жиында теориялық сабақтар практикалық жатығулармен бірге өткізілді
Өскеменде Қазақстан мен Ресей Федерациясының әскери жоғарғы оқу орындарының офицер-түлектерімен үш күндік оқу-әдістемелік жиын өтіп жатыр.
Офицер-түлектер әскери оқуды былтыр тәмәмдаған. Олармен оқу-әдістемелік жиын өткізудегі мақсат – оқу орнын аяқтаған соң іс-жүзінде, яғни жауынгерлік міндеттерін атқару кезінде бір жылда алған білімдерін тексеру, сондай-ақ дағдыларын жетілдіре түсу.
Жиынға қатысқандардың ішінде офицерлермен қатар сержанттар да бар. Жалпы саны – 30-ға жуық адам.
Жауынгерлік дайындық бойынша тәжірибелі офицерлер дәріс беруде. Олар - Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарындағы Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімде қызмет етіп жатқан әскерилер.
Оқу-әдістемелік жиынды өткізу кезінде жас лейтенанттар дене дайындығы мен атыс даярлығы, лауазымдық және арнаулы міндеттерді білу, Қарулы Күштердің жарғылары және басқа да оқу пәндері бойынша сынақтар тапсырды. Жиында теориялық сабақтар практикалық жаттығулармен ұштастырылып отырды. Мысалы, әскерилер түрлі жағдайларда әрекет ету бойынша әдістемелік даярлықтан өтті: әскери қалашыққа шабуыл жасалғанда бөлімшенің кезекшісі мен ішкі қарауыл қалай әрекет етуге тиіс немесе қызметтің күшейтілген тәртібіне ауысу кезіндегі лауазымдық тұлғалардың жұмыс алгоритмі және т.с.с. Әдістемелік даярлықтан бөлек, әскери педагогика, әскери психология бойынша дәрістер тыңдап, тактикалық медицина бойынша практикалық жаттығулар жасады. Онда шайқас алаңында күйік не үсік шалғанда, немесе қандай да жарақат алған кезде қалай дұрыс әрекет ету керек екені айтылды. Офицелердің дене және атыс даярлығына да ерекше мән берілді. Олар әр түрлі қашықтыққа жүгіруден сынақ тапсырып, Макаров тапаншасы мен Калашников автоматын атып көрді. Сонымен қатар қатысушылар психологиялық тесттен де өтті. Мұның да әскери қызметте маңызы зор.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік даярлық басқармасының бастығы Сергей Сергеевтің айтуынша, әрбір лейтенант мамандығының маңызын түсінуі керек. Өйткені олар жеке құрамды басқару және кәсіби деңгейін арттыру бойынша үлкен жұмыс атқарады.
- Жас офицерлерге оқу кезінде тәжірибеде қолдануға тура келетін қажетті тәжірибелермен бөлістік. Сондықтан, мұндай жиындар жас лейтенанттар үшін өте маңызды. Олар жауынгерлік қызметте көп нәрсені үйренеді. Әр офицер тек әскери қызметшілер арасында ғана емес, айналасындағылардың барлығына үлгі болуға тиіс, - дейді жауынгерлік даярлық басқармасының бастығы.
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметі