Ұлттық ұлан сарбазы Абайдың 50-ден астам өлеңін жатқа біледі

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшісі Бахытжан Артықбай қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 50-ден астам өлеңін жатқа оқи алады, деп хабарлайды Malim.kz.
Шымкент қаласында қызмет атқаратын 6506 әскери бөлімінің сарбаздары ұлы ойшылдың туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылған онкүндікке белсенді қатысты. Қоғамдық тәртіпті күзетіп жүрген жауынгерлер арасында Абай мұрасын ерекше қастерлейтіндер көп.
Бахытжан Артықбай бала кезінен әдебиетке қызығушылық танытып, Абай өлеңдерін бастауыш сыныпта жаттап үйренген. Кейін республикалық Абай шығармаларын мәнерлеп оқу байқауында жеңімпаз атанған.
"Абайдың әрбір сөзі – адамгершілік пен даналық мектебі. Бос уақытымда оның өлеңдерін қайталап, ішкі жан-дүниемді тәрбиелеуге тырысамын. Әр өлеңінде терең мағына, тәрбие мен тағылым бар," – дейді сарбаз.
Сол бөлімде қызмет ететін Жұлдызбек Ромашев та Абай өлеңдерін сүйіп оқитындардың қатарында. Ол да республикалық мәнерлеп оқу сайысының жүлдегері. Жұлдызбектің поэзияға деген сүйіспеншілігін анасы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі бала кезінен сіңірген.
Әскери қызметшілер қызметтік міндеттерін ғана атқарып қоймай, Абайдың рухани мұрасын замандастарына насихаттап, өлеңдерін оқып, ой бөлісу арқылы ұлы ақын шығармашылығына қызығушылық оятады.
Фото: polisia.kz

Ең көп оқылған
