Аймағамбетовтің бұйрығынан Бозтал мектебі жабылмақ
Арыс қаласынан Абай облысына көшіп барған ата-аналар ашынып отыр
Оңтүстіктегі Арыс қаласынан Абай облысына көшіп барған ата-аналар ашынып отыр. Бесқарағай ауданы, Бозтал ауылының тұрғыны Гүлмира Үсіпбекова Malim.kz редакциясына хабарласып, жанайқайын жеткізді. Шағымданушы ауылдағы орта мектептің жоғары сыныптарының жабылуына қарсы. Балаларын шалғайдан оқытуға әкелген ата-ана мектептің мүшкіл халін жақында біліпті. Мұндай мәселе бар болса, бізді не үшін шақырды? Бесқарағай аудандық Білім беру бөлімінің басшысы Омарғазиннің бейқамдығынан балаларымызды қайда апарарымызды білмей отырмыз дейді ол.
Гүлмира Пернеханқызы көші-қон бағдарламасы бойынша Бесқарағай ауданындағы Бозтал ауылына тұрақтаған. Бір жағынан жұмыс істеп, екіншіден, балаларымды мектепке беріп, кейін «Серпін» бағдарламасымен оқытсам деп жоспарлапты. Алайда, дәл оқу жылы басталарда балаларым мектепсіз қалды дейді ол. Алаңсыз көшіп келе беріңдер деген аудан әкімдігі оларға «тосын сый» жасағандай болыпты. Ертең- қыркүйек. Ал Бозтал ауылдық орта мектебінде 10-11 – сыныптар жабылғалы жатыр. Гүлмираның бір қызы биыл 10-сыныпқа көшкен.
«Ауылды бір жағынан қазақыландыру, екінші жағынан дипломсыз жұмыс істеу үшін біз көшіп бардық. Қыздарымды осындағы мектепке қабылдайтын болған. Үш-төрт күн қалғанда Бесқарағай ауданы білім бөлімінің басшысы Самат Омарғазин мектептің – 10-11 сыныптары жабылады деп айтты. Жоғары сыныптарды жауып, 32 шақырым қашықта жатқан Бесқарағайға апар деп жатыр. Аудандағы жатақханаға орналастырмақ», - дейді Гүлмира Пернеханқызы.
Гүлмира енді оң-солын таныған қызын ауданға жібергісі жоқ. «Біріншіден, танымайтын орта, екіншіден, түрлі қайғылы жағдайлар жиі болып жатыр. Қорқамыз» деп алаңдайды.
«Қыз баласы болған соң алаңдауымыз орынды. Балаларымыз ауылда оқиды деп айтқан өздері. Оқуды бітіргеннен кейін «Серпін» бағдарламасымен оқуға түседі деген. Бірақ мектептің екі сыныбы жабылатын болып тұр. Бұған біз кінәлі емеспіз. Балаларымызды интернатқа жіберу үшін келген жоқпыз. Егер мектепте оқытқыларың келмесе колледжге түсіріңдер дейді. Омарғазиннен «қыздарға ыңғайлы қандай колледж бар?» деп сұрап көрдім. Аудандық білім бөлімінің басшысы мектеп директорына бірден бұйрық беріп жатыр. «Осы кісінің қызын мұғалімдікке оқытатын колледжге ертерек түсіріңдер», деп. Мен жай ғана сұрағанмын, түсіріңдер деп айтқан жоқпын. Қызым болса, мұғалімдікті оқытатын колледжде оқығысы келмейді. Баланың да пікірімен санасу керек қой. Күштеп оқытқанмен, одан жақсы маман шықпайды. Қыздарым қасымда болып, алаңсыз мектебін бітіріп алсын деген едім», деп мұң шағады шағымданушы.
Баламды «Серпінмен» оқытамын деп үміттенген Гүлмираның үміті де өшкіндей бастаған. Білім бөлімінің басшысы Омарғазин Шығысқа қоныстанғандықтан, «Серпін» бағдарламасымен оқи алмайсыңдар деп жолын бөгегенін жеткізді. «Бізге егер сіздер Оңтүстіктен мұнда көшіп келдіңдер ме, яғни Шығыс Қазақстан тұрғыны болып жазылдыңыздар. Енді Оңтүстіктің адамы емессіздер. Балаларыңызды «Серпін» бағдарламасымен түсіре алмайсыздар деп отыр. Біз бес жылға дейін келісімшартпен келіп отырмыз» деп күйінеді арыстық азаматша.
Бозтал орта мектебінде биыл 10- сыныпқа баратын 6 оқушы болса, 11-сыныпқа 1 бала бармақшы болған. Оның ата-анасы да Гүлмира секілді Арыстан көшіп келген. Алайда, оқу басталарда бала Оңтүстікке қайтуға мәжбүр. «Алдын ала айтса баламызды Арысқа қалдырып кетер ме едік», дейді ата-ананың бірі.
Мәселенің мән-жайын Бесқарағай аудандық Білім беру бөлімінің басшысы Самат Омарғазиннен сұрадық. Омарғазин Бозтал ауылындағы мектептің жоғарғы сыныптарының жабылуына министр Аймағамбетовтің бұйрығы себеп екенін айтады.
«Біріншіден, мен ол кісілерді шақырған жоқпын. Екіншіден, Оқу-ағарту министрі Аймағамбетовтің 2022 жылы 6 мамырдағы № 185 бұйрығы шыққан. Бұйрыққа сәйкес, орта білім беру үшін мектептегі бала саны 81-ге жетуі немесе одан көп болуы керек. Бозтал ауылдық мектебінде 60 қана оқушы бар. 21 бала жетіспейді. Сондықтан, мұндай мүмкіндік жоқ. Министрдің бұйрығымен жұмыс істейміз» дейді ол.
Ал Омарғазин «Серпін» туралы Гүлмираға ондай сөз айтылған жоқ» деп жауап берді. «Серпінге» менің ешқандай қатынасым жоқ қой. «Серпін» деген ол жоғарғы оқу орнына өтетін бағдарлама. Бізде орта білім. Басқа мәлімет бере алмаймын. Ол өтірік сөз. Оларды бірінші рет көрдім. Документтерін де көрсеткен жоқ. Мен ол кісілерге түсіндірдім. «Әзірше, уақыттарыңыз бар, колледжге бола ма, басқа мектепті қарауға бола ма? Көшіп келетін болсаңыздар, жағдайларыңыз болмай жатса, бізде аудан орталығында интернат бар. Сонда тұрып оқуға болады» деген мәлімет бердім. «Серпін» туралы сұрады. Ол жөнінде университеттерден білесіздер дедім. Білмейтін ақпаратты бере алмаймын» деп тоқтады Омарғазин.
Иә, байқауымызша, даудың басы министр Аймағамбетовтің бұйрығынан шығып отыр. Айта кетейік, 2022 жылғы 6 мамырда Білім және ғылым министрінің № 185 бұйрығы шыққан. Білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативінің 4-тармағында «кіші, орта және жоғары мектеп жасындағы адамдардың саны 81 және одан көп болғанда, мемлекеттік жалпы орта білім беретін ұйымның жұмыс істеуіне кепілдік беріледі» делінген.
Аймағамбетовтің бұйрығы бір ғана ауылдың мектебін емес, Бесқарағай ауданы бойынша 7 мектептің болашағына балта шапқалы тұр. Мұның кесірі сол, Абай облысындағы 30 орта мектеп биыл негізгі мектепке айналмақ.
Бозтал орта мектебінің директоры Шөкен Тәшенқызының айтуынша, «Арыстан бір оқушы 10-шы, бірі 11-сыныпқа келді. 10-сыныпқа 6 оқушы жиналса, 11-сыныпта бір ғана оқушы болып тұр. Осы мәселені айтып, Облыс әкіміне бардық, бәріне айтып жатырмыз. Бірақ, облыс әкімінің де қолынан келмейді. Ол – заң. Заңға бағынамыз ғой бәріміз» дейді директор.
P.S Мемлекеттің көші-қон саясатының бір бағыты – ауылдардағы мектептерді жойылудан аман алып қалу болатын. Оңтүстіктен бір қауым елдің шығысқа келуі де сол себепті. Алайда, министрдің бұл әрекеті жанданайын деп тұрған білім мекемесін қайта құлдыратпақшы. Негізгі мектепке ауысқан соң білім мекемесінің болашағынан үміт күтудің өзі қиын. Министр Аймағамбетов ауылдардағы оқу ошақтарын сақтап қалудың оңтайлы жолдарын қарастырудың орнына, мектепті жабуға мәжбүрлейтін мұндай бұйрықты не үшін шығарып отыр?! Бұл бір ғана Абай облысындағы кеп. Егер министр шешімін қайта қарамаса еліміздегі талай мектептің есігіне қара құлып салынайын деп тұр. Онсыз да қалаға үдере көшкен жұрт мектебі жабылса ауылда бір күн де тұрақтамасы анық.