Әкімнің қызы президенттен әділдік күтеді
Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек ЫСҚАҚОВТЫҢ қызы Айдана ДОСМАЙЛОВА әкесін жазықсыз сотталды деп есептейді. Былтыр ғана заңгер мамандығын алып шыққан Айдана сот процессінде айыпталушы жақтың дәлелдеріне сот мүлдем назар аудармағандығын айтады. Экс- әкімнің қызы бар үмітім президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ дейді.
«Президентке былтырғы жылдың желтоқсан айында видео арқылы әкемнің жайын айттым. Әзірге жауап жоқ. Тек президент әкімшілігіне жолдаған хатқа жауап келді. Онда құзырлы органдарға хатыңыз жөнелтілді деген жауап қатты», - дейді Айдана Malim.kz сайтының тілшісіне.
Айдана әкесінің мүлдем үйде қызметіне қатысты әңгіме айтпайтын дейді. Ал ағам Азат ДОСМАЙЛОВ әкімнің інісі болғаны үшін сотталды деген пікірде.
«Іске, жүргізілген детализацияға мүлде сәйкес келмейтін уақыттармен даталар айыптауға негіз болған. Сонымен қатар сотта өзгермелі, жүйесіз куәлардың, іске қатысушалардың жауаптарына мән берілген. Менің әкеме «Сыр мейірімі» қоғамдық қорына Арыс қаласындағы жарылыс зардабына қызметкерлердің бір күндік жалақысын аудартқызу туралы тапсырманы Руслан РҮСТЕМОВ арқылы берді деген де айып таққан. Руслан Рүстемов ол кезде облыс әкімінің орынбасары, менің де әкем облыс әкімінің орынбасары. Бір-біріне тапсырма беретіндей құзыреттілігі жоқ. Ол жері ақылға қонымсыз. Бір сөзінде облыс әкімі дейді, бір сөзінде облыс әкімінің міндетін атқарушы деп жауап берген Руслан Рүстемұлы», - дейді Айдана Досмайлова.
Malim.kz тілшісі экс-әкімнің отбасында болып қарт шешесімен де сөйлесті. Сегіз немересі мен келінінің ортасында отырған қарт ана баласының қылмысқа барғанына нанбайды.
[caption id="attachment_11530" align="alignleft" width="1000"] Қуанышбек Ысқақовтың анасы Ортай Сәриева[/caption]
«Балаларымның бәрі тәрбиелі болып өсті. Енді келіп бекерден-бекерге қыспаққа түсіп, жемқорлыққа салынды деген айыптауға сенбеймін. Мен соттың бұндай әділетсіз шешіміне наразымын. Үкімді дұрыстап шығару керек, анау айтты, мынау айтты демей», - дейді Қуанышбек Ысқақовтың анасы Ортай СӘРИЕВА.
Айдана тергеу де, сот та о бастан әкемді айыптау бағытында ғана жүргізілді дейді. Сот процесстерінде куәгерлердің сөзі бір емес бірнеше рет өзгеріпті. Сотта түрлі жауаптар берді деген Руслан Рүстемов атты азамат сол кездегі облыс әкімі Қырымбек КӨШЕРБАЕВТЫҢ орынбасары болған. Қазір Жаңақорған ауданының әкімі қызметінде.
«Сыр мейірімі қорына жиналған қызметкерлердің бір күндік жалақысы туралы бастаманы бірінші «Nur Otan» партиясының филиалы көтерген. Филиалдың бірінші төрағасы сотқа келгенде оған осы (ақша жинау туралы тапсыраманың) хаттың жазылуына Ысқақовтың тапсырмасы болды ма дегенде, жоқ деп жауап береді. 25 маусымда қор жинау туралы шешім қабылданса, ол кезде әкем әкім де, міндетін атқарушы да болмаса, неліктен сот осындай бұлтартпас дәлелдерге көз жұмып отыр деген сұрақ мазалайды бізді», - дейді Айдана ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.
4 компанияға қордың 80 млн теңгесін ешқандай құжатсыз аудартуға Қуанышбек Ысқақовтың тапсырма бермегені де анық дәлел болатын жазбалар да көрсетіліпті. Онымен қоса сот кезінде бұрынғы әкім тарапынан ұсынылған дәлелдердің біріне де мән берілмеді дейді Айдана Досмайлова.
[caption id="attachment_11531" align="alignleft" width="1000"] Қуанышбек Ысқақовтың отбасы[/caption]
«Қордың директоры құжатсыз компанияларға ақша аударғанын айтқанда, әкем, сізге кім олай тапсырма берген? Оны тек құзырлы органдармен шешу керек деген. Ал бұл жазбалар сотта да көрсетілді. Бірақ сот бұған да мән бермеді» -дейді Айдана.
Тағылған айыптарға өзі де келіспеген Қуанышбек Ысқақовтың ісі бойынша қазір апеллияциялық сотқа шағым түскен.
Естеріңізге сала кетейік, Қуанышбек Ысқақовқа былтыр наурыз айында Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша айып тағылып үй қамаққа алынған. Сондай-ақ, тағы төрт адам істі болған. Олар: Қызылорда облысы әкімінің бұрынғы орынбасарлары Мұрат ИМАНДОСОВ және Марат ДЕЛМҰХАНОВ, бизнесмендер Жеңісбек ЫСҚАҚОВ пен Азат ДОСМАЙЫЛОВ. Азат Қуанышбек Ысқақовтың туған інісі.
2020 жылдың желтоқсан айында №2 Қызылорда қалалық соты Ысқақовты жеті жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтеуі керек. Сонымен қатар экс-әкім мемлекеттік, ұлттық және квазимемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару құқығынан айырған болатын.
Фотолар автордікі.