Ақайдар Ысымұлы: Байқаушылардың ұстанымы –партияны мақтау да, даттау да емес
Жалған байқаушылар пайда болды
- Құрметті Ақайдар Ысымұлы, тәуелсіз байқаушылардың «МҰҚАЛМАС» республикалық қоғамдық бірлестігін ашып, еселі жұмыс істеп келесіздер. Бұл ұйымның құрылу тарихы және қазіргі ахуалы қалай?
- Егер әңгімені әріден бастасақ, сайлау үдерісіне белсенді қатысушы тарап ретінде Байқаушы деген тұлғаның, кейін байқаушылар қозғалысына айналған құбылыстың басталу тарихы КСРО кезінен басталады. Байқаушылар қозғалысы 1985 жылы КСРО басшылығына келген, таяуда ғана дүниеден өткен Кеңес Одағы Коммунистік партиясының соңғы Бас хатшысы, КСРО-ның бірден-бір Президенті болған Михайл Сергеевич Горбачев кеңес қоғамын жаңғырту ниетімен жүргізген, тарихта «қайта құру» деген атпен қалған революциялық сипатты кең ауқымды саяси әрекеттен туындаған еді. Жариялылық белең алған, халыққа үлкен серпіліс әкелген қайта құру кеңес қоғамының, дара билеуші Коммунистік партияның қасаң сипатын түбегейлі өзгертіп жіберді. Алғаш рет 1989 жылы көктемде баламалы сайлау жүйесі заң жүзінде енгізілді, КСРО халық депутаттары алғаш рет бір мандат үшін бірнеше балама үміткер бәсекеге түскен аса тартысты сайлауда таңдалды. Міне, сол кезде әрбір депутаттыққа кандидат сайлау учаскелерінде дауыс беру, дауыс санау барысын басынан аяғына дейін бақылауға құқылы өз байқаушы өкілін жібере алатын тәртіп заңдастырылды. Ал кеңес қоғамында барлық шаруа халықтың бақылауында әрі жария болуы тиіс деген қағида Коммунистік партияны құрушы әрі кеңес өкіметін орнатушы Владимир Ильич Ленин орнатқан мемлекеттік, партиялық үрдіс-тін. Бұл осы лениндік қағиданың сайлау жүйесіне енгізілген түрі еді. Горбачевтің қайта құруына дейінгі кеңестік баламасыз сайлауларда байқаушы болған да емес және оған қажеттілікте жоқ-ты.
1990 жылы көктемде Қазақстанда Парламент депутаттарын сайлау да алғаш рет осылай баламалы негізде өтті. Ол кезде заң шығарушы орган Жоғарғы Кеңес деп аталды және оның 360 депутаты бір мандатты округтер бойынша сайланды. Бұған дейінгі сайлауларда қай деңгейдегі болсын депутаттыққа кандидаттар партиялық жабық кабинеттерде жұмысының саласына, лауазымына, партиялылығына, атағына, ұлтына, жасына, жынысына қарай алдын ала қатаң іріктеуден өткізіліп, сайлауға түсуге әр округтен бір адам ғана баламасыз ұсынылатын және бұл үй шаруасындағы қарапайым әйелге дейін мемлекет басқаруға араласа алуы тиіс деген лениндік тағы бір қағиданың жүзеге асуы, қоғамның барлық қабатын тең әрі кең қамти алған кеңестік демократияның салтанаты ретінде дәріптелетін. Міне, осы жабық есік айқара ашылып, депутаттыққа кандидаттар ұсыну еркі қоғамның өзіне берілген, тіпті әркім өзін өзі ұсына алатын демократиялық қағидат жағдайында бұрын депутат болу түсіне де кіре қоймаған талай адамның ынтасы оянды, қоғам және мемлекет қайраткеріне айналған қаншама адамның қарым-қабілетті ашылды.
Міне, осы кезеңде, демократияның алғашқы толқынында мен де депутат болуға талпындым. 1990 және 1994 жылғы сайлауларда Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат болдым. Сол 1990 жылғы сайлауда учаскелерге өз байқаушыларымды мен де жібере алдым және бұл бұрын мұндайды көрмеген сайлауды ұйымдастырушылар үшін де,сайлаушылар үшін де тың жаңалық болып еді. Горбачевтік демократияныңалғашқы кезеңінде бұрын кеңес қоғамын дара билеп-төстеп қалған партиялық органдар қазіргідей нақақ баса-көктеп араласудан, олардың ықпалындағы құқық қорғау органдары, прокуратура, сот сайлау нәтижелерін көрінеу бұрмалауды бүркемелеуден именді. Демократия – гректің халық билігі деген сөзі. Осылай өз билігінің күшін сезінген халықтың екпіні зор еді. Міне, сол кезеңде алғашқы байқаушылар біраз жерде қазіргідей сайлауды бұрмалауға тырысушылықтың бетін қайтара алды.
Одан кейін КСРО ыдырап, еліміздің тәуелсіз заманы басталды.
Тәуелсіз байқаушылар 2019 жылғы Президент сайлауында өздерін тың әрі зор қоғамдық күш екенін көрсете алды. Бірақ олардың бір тұтас республикалық ұйымы жоқ, бытыраңқы еді, байқаушыларды ұйымдық түрде біріктіру қажеттігі түсінікті болды. 2019 жылғы Президент сайлауында байқаушы болған қауым негізінде «Тәуелсіз байқаушылар альянсы» құрылды. Бірақ оны Әділет министрлігі тіркей қоймады.
Сол кезде 2019 жылы «Халықтық бақылау» деген атпен балама екінші ұйым құруға тура келді. Әділет министрлігі түрлі кемшіліктер тауып құрылтай құжаттарымызды кері қайтарып отырды. Біздің тіркелуімізге «Халықтық бақылау-2020» деген атауы ұқсас ұйым құрылып, тіркеуден өтуі де бөгет болды. Айта кетейін, содан бері «Халықтық бақылау-2020» деген байқаушылар ұйымы туралы ештеңе естіген емеспін, сірә бізді бөгеуге арналған жасанды ұйым болуы мүмкін. Сондықтан бірлестіктің атауын қазақтың мұқалмас деген көне сөзмен ауыстырдық. Осылай бір жыл дегенде «МҰҚАЛМАС» республикалық қоғамдық бірлестігі 2020 жылы 28 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтті.
«МҰҚАЛМАС» РҚБ қазір қоғамдық бірлестіктер туралы заң талаптарына сай келетін толыққанды республикалық ұйымға айналды. Еліміз өңірлерінің басым көпшілігінде бөлімшелеріміз құрылды, олар облыстық әділет органдарында есептік тіркелген және жаңа бөлімшелер ашу, оларды тіркету жұмысы жүріп жатыр, яғни өрісіміз барған сайын кеңеюде.
- 2019 жылы «МҰҚАЛМАС» қоғамдық бірлестігі құрылғанда Әділет министрлігі бір жыл бойы тіркемеген екен. Тәуелсіз байқаушылардың қоғамдық күшке айналғанын билік сезіне алды ма?
- Әрине, сезінді. 2021 жылғы Мәжіліс депутаттарының сайлауында Орталық сайлау комиссиясы байқаушылыр құқықтарын шектейтін арнайы қаулы қабылдады, бірақ ол қаулы Әділет министрлігінде тіркелмеген, яғни заңды күші жоқ құжат еді. Ондағы шектеулердің бірі, айталық, сайлауды байқауға тек Жарғысында сайлауды байқау көзделген қоғамдық ұйымдар ғана қатыса алады деген талап болды. Оның алдындағы сайлауларда, мысалы 2019 жылғы Президент сайлауында мұндай шектеу жоқ-тын. Біз бұл қаулының күшін жою туралы талап-арызбмен Жоғарғы Сотқа жүгіндік және біз емес басқа қоғамдық ұйымдар да арыз берді. Өкінішке қарай Жоғарғы Сот бізді қолдамады. Ал ең қызығы сол, еліміздің қоғамдық ұйымдарының және халықаралық ұйымдардың қысымымен Орталық сайлау комиссиясы өзінің ол қаулысының күші жоқ екенін сайлауға бірер күн қалғанда ресми мойындады. Бірақ жергілікті сайлау комиссиялары бәрібір сол қаулыны басшылыққа алды.Сол Мәжіліс сайлауында және одан бері жүріп жатқан аудандық маңызды қалалар, кенттер, округтер, ауылдар әкімдерінің сайлауларында, биылғы референдумда жалған байқаушылар пайда болды. Олар тәуелсіз байқаушылар жұмысына кедергі келтіруге тырысты. Бұған мысалдар жетілікті.
Қазір Парламент сайлау туралы конституциялық заңға және басқа да бірсыпыра заңдарға өзгерістер мен толықтыруларды қарауға кірісті.Бұл заңдар жобалары Президент мәлімдеген саяси реформаларға құқықтық негіз жасауға арналған. Міне осы сайлау туралы заңға өзгерістер мен толықтыруларда да байқаушылар қызметін шектеуге арналған ережелер жетерлік. Біз өз ұсыныстарымызды Мәжіліске бердік, бірақ олардың қабылдана қоятынына сеніміміз аз.
- Жарғыларыңызға сәйкес сайлауларда ешқандай да партияға қолдау білдірмей, ашық, әділ бақылау ісін жүзеге асырып жүрсіздер. Мемлекет басшысының партияларды теңқұқықты қылуды ұсынып, өзінің де жетекші партия төрағалығынан шығуы Сіздердің қоғамдық бірлестіктеріңіздің миссиясымен сәйкесетін сияқты...
- Президент әр Жолдауы сайын талай жақсы нәрсені айтып-ақ келеді. Мәселен Президенттің биылғы наурыз айындағы Жолдауында көтерілген мәселелерді негізінен қолдап, мен «Сөз түзелді, ал енді заң түзелсе...» деген талдау мақала жаздым, ол республикалық «Астана ақшамы» газетінде екі нөмірге биылғы 3 және 5 мамырда жарияланды. Өкінішке қарай, заңның түзелуі біржақты болып тұр. Биліктің Халық үніне құлақ асуында, сөздің нақты жасампаз істерге айналуында әттеген-айлар аз емес. Жаңа партиялардың тіркелмей жатуы соның бір мысалы.
Иә, біздің, тәуелсіз байқаушылардың ұстанымы – ешқандай да партияны мақтау да, даттау да емес. Біздің ұстаным – қай партия, қандай үміткер жеңсе де әділ, ашық, тең сайлауда жеңгені, халықтың сайлауда жасаған таңдауын бұра тартып, билікті басып алуға қарсылық. Халық мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы деген атазаңдық қағиданы биліктің іс жүзінде мойындауы қоғамда қордаланған талай мәселенің шешілуіне апарар тура жол деп білеміз. Бірақ осы ұстаным кейбіреулерге ұнай қоймайды.
- Осыдан екі-үш жыл бұрын дербес бақылаушылардың сайлауға қатысу мүмкіндіктері шектелген болатын. Қазіргі кезде бұл шектеулер алынып тасталған шығар... Жоқ әлде кедергілер әлі де бар ма?
- Бұл туралы алдыңғы сұрақтарда ,3hfp жауап беріп кеттім. Дегенмен мәселені басқа да қырларынан толықтыра кетейін, заңда бақылаушы емес, байқаушы деп алынған.
Қазір заң жобасы бойынша байқаушылардың үш санаты бар. Біріншісі – Жарғысында сайлауды байқау көзделген қоғамдық ұйымдардың және коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, екіншісі – үміткерлердің сенімді өкілдері, үшіншісі – халықаралық байқаушылар. Парламент қазір қарап жатқан заң жобасында байқаушылар жіберетін ұйымдардың Орталық сайлау комиссиясында, жергілікті аумақтық сайлау комиссияларында тіркеуден (аккредидатция) өтуі көзделген. Байқаушылар айтады, әділет органдарында ресми тіркелген ұйымдардың сайлау комиссияларында тағы да қосымша тіреуден өтуін талап етуге қандай қажеттілік бар? Бұл да байқаушыларды мүміндігінше сайлау барысын байқауға жібермеуге тырысудан басқа ештеңе емес деп бағалауға тура келеді.
- Байқаушылар болғаныменен, Президент, Парламент, мәслихаттар сайлауында олардың бар-жоғы білінбейді деген пікіріңіз бар. Партиялар өздерінің байқаушыларын ғана жіберетіні белгілі. Жаңа Қазақстан жағдайында байқаушыларға маңыз берілетін болар...
- Әзірге Жаңа Қазақстан бола қойған жоқпыз және ол Президент мәлімдеген күннің ертеңіне бола қоймайтын үдеріс қой. Алдында айтып өткенімдей, қазір билік байқаушыларды сайлауларға жіберуге құлықсыз. Сайлау кезінде түрлі арандатулар ұйымдастырылып, байқаушыларды сайлау учаскелерінен шығарып жіберу оқиғалары жиі кездеседі. Сайлауда кезінде бюллетеньдерді сайлау комиссиялары мүшелерінің уыстап салуы, хаттама беруден жалтаруы сияқты тіпті бейнежазба жасалған оқиғаларды қарау кезінде прокуратуралар мен соттар көрінеу заң бұзушылықтарды үстірт бағалауға тырсу, кінәлілерді жазадан құтқарып жіберу фактілері жетерлік. Алда Прездент сайлауы, депутаттар сайлауы, жағдай өзгере ме, қаншалықты жаңарған Қазақстан болғанымыз сол кезде көрінеді.
- Сайлау науқандарында бірқатар заң бұзушылықтарды анықтадыңыздар. Заңды ұйым ретінде оны прокуратураға, сотқа, жоғары тұрған сайлау комиссияларына жеткіздіңіздер. Дауысы ұрланған, құқығы тапталған партиялар Сіздер сияқты байқаушылармен тізе қосып күресе ала ма?
- Әдемі сұрақ. Иә, біз, байқаушылар сайлау заңының бұзылуын анықтап, сайлау комиссияларымен сайлау учаскелерінде, прокуратураларда, соттарда күресіп жатқанымызда, дауысынан айрылған партиялар бізді қолдаудың орнына үнсіз қалуды жөн көріп келеді. Бейне сайлауды байқау тек байқаушылардың ғана шаруасы сияқты. Билеуші партия бөліп берген азын-аулақ үлеске риза, ал өте алмай қалғадары дауысы үшін күреспейді де. Мысалы, 2021 жылғы сайлауда дауыс беру аяқталмастан, не дауыс санау қорытындылары сайлау учаскелерінде аяқталмай тұрып, байқаушы жіберген партиялар өз өкілдерін сайлау учаскелерінен қайтарып жіберді. Сайлау учаскелерінде тек МҰҚАЛМАСТЫҢ қайсар байқаушылары ғана қалды.
- Сіздердің ұрандарыңыз – «Халық – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы» деп аталады екен. Халықтың еркі берген дауысына қарай есептелер болса, билік халықпен санасады деген едіңіз. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты қалай жүзеге асып жатыр деп ойлайсыз?
- Президент Халық үніне құлақ асуға құлықты шығар, бірақ жағдай түбегейлі өзгере қойған жоқ. Алдыңғы толқын бізге баяғы Горбачевтің қайта құруына партиялық, мемлекеттік басқару органдары аппараттарының қарсылықтарын еске түсіреді. Тіпті Президенттің айтқандарына астыртын қарсылық бар сияқты көрінеді кейде. Президенттің өзіде айтқан жоқ па кейбір тапсырмалары орындалмай жатқанын. Байқаушылар құқықтарын заң жүзінде шектеуге тырысушылық отыз жыл бойы билікті уыстан шығармай ұстап келуді жалғастыруға ұмтылыстай көрінеді.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде мажоритарлық және прапорционалдық сайлау жүйесі енгізіліп отыр. Бұл жүйенің ерекшелігі неде? Қоғамның дамуына қалай әсер етеді?
- Мәжіліс және мәслихаттар депутатарын мажоритарлық және прапорционалдық сайлау жүйесі елімізде бұрын болған. Мажоритарлық сайлау жүйесі – депутаттарды бір мандатты округтер бойынша сайлау, бұл жағдайда үміткерлерді саяси партиялар, басқа да қоғамдық бірлестіктер және және адамдар өзін-өзі ұсына алады. Ал прапорционалдық сайлау жүйесі кезінде күллі ел тұтас бір округ саналады, ал үміткерлер тек партиялық тізімдермен ғана ұсынылады. Келе-келе Н. Назарбаевтың және «Нұр-Отан» партиясының дара билігін қамтамасыз ету үшін сайлау тек партиялық жүйемен дауыс беруге көшірілді. Бұл әсіресе өкілді билікке жаңа толқынның, тың ойлы күштердің келуіне тосқауыл қойды. Қаңтар қырғынына әкелген отызжылдық көзбояушылық, жемқорлық, тоқырау осының салдары.
Енді Президент жариялаған саяси реформаның бір шарасы сайлауды қайтадан мажоритарлық және прапорционалдық жүйеге көшіру болып отыр. Депутаттардың 70 пайызы прапорционалдық жүйемен, 30 пайызы пмажоритарлық жүйемен сайланбақшы. Парламент қаруына енгізілген сайлау заңына өзгерістер мен толықтыруларда Мәжілісте барлығы 98 депутат болады, олардың 69-ы партиялық тізіммен, ал 29-ы бір мандатты округтердан сайлануы көзделген. Қоғам, оның ішінде біз де мажоритарлық және прапорционалдық жүйе тепе-тең, яғни 50 пайыздан болуы тиіс деп есептейміз. Санап қарайық, Қазақстанда 17 облыс, 3 республикалық қала – барлығы 20 өңір бар, сонда кейбіроблыстарда бір мандатты округ біреу ғана болғалы тұр. Бұл орынға партиялар да таласады, сонда өзін-өзі ұсынған кандаидаттардан сайланатын депутаттар саны аз болуы мүмкін. Ал бұл өзгеріс өкілді органға тың ойлы күштер келуін қамтамасыз ете ала ма, реформа күткен нәтиже бере ме, қоғамның даму барысы қалай өрбиді деген сұрақтар туындатады.