«Билік халықтың атынан шешім қабылдай берсе, масылдар көбейеді»

Адами капиталды бағаламау, адам құндылығына салғырт қарау басым

Олжас Қасым

  • 08.06.2022

Президент Тоқаевтың пікірінше, «Елімізде қайғылы қаңтардың қайталанбайтынына кепіл болатын» республикалық референдум өтті.  Әлеуметтік институттар жалпыхалықтық дауыс берудің саяси жүйеге әсерін сараптап жатыр. PaperLab зерттеу орталығының әлеуметтанушылары осы маңызды оқиғаны қоғам қалай қабылдағанын зерделеп көрді. Зерттеушілердің пайымдауынша, қазақстандықтар конституцияға қандай өзгерістер енетінін толық білмеді, қарапайым азаматтардың нақты ұсыныстары ата заңда көрініс таппаған.  Әлеуметтенушы Салтанат Оразбек Malim.kz тілшісінің бірқатар сұрағына жауап берді.          


- Референдум өтті.  Орталық референдум комиссиясы қазақстандықтардың 77,18 пайызы қолдап дауыс бергенін хабарлады.   Нәтижені қалай қабылдадыңыздар?  

- Референдумның нәтижесі алдын ала айқын болды, мемлекет жанындағы социологиялық зерттеу орталықтарының мәліметтері соның бір дәлелі. Социологиялық мәліметтер арқылы билік халыққа  нәтиже осылай болады немесе болуы керек деген талап қойды.  Бұл жерде басқа да сұрақтар туындайды.  Жалпы, референдум өткізу не үшін керек болды?

Біріншіден, Қазақстан көрші елде  2020 жылы өткен референдум сценарийін толығымен қайталады, науқан соның үлгісінде жүргізілді.  Ол жерде де Конституцияға Президенттің сайлану уақыты, федеративті құрылым, Парламент, Үкімет, сот билігі және жергілікті өзін-өзі басқару жүйе­леріне   өзгерістер енгізілген. Екіншіден, бұл Тоқаевтың екінші Президенттік сайлауға қатысуының алғашқы қадамы деп қарастырамыз. Саяси науқанға дайындықтың бір көрінісі.

Үшіншіден, референдум – Қаңтар оқиғасын жуып-шаюдың бір амалы. Референдумдағы  дауыс беру кезеңіндегі сөзін Президент Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу қалай жүріп жатыр деген сұраққа жауап беруден бастады. Дегенмен, нақты жауап берілмей, тергеу ісіне халықаралық сарапшыларды шақыру қажет еместігін айтты. Тергеуді уәкілетті органдар егжей-тегжейлі жүргізеді деп сылап-сыйпап мәлімдеме жасады. Қаңтар дүрбелеңіне қатысты тергеу әлі аяқталған жоқ. Құрбандардың толық тізімі де шықпай жатыр. Билік қайғылы оқиғаны тезірек жұрт жадынан шығарғысы келеді. 

- Конституцияға енгізілетін түзетулер қарапайым қазақстандықтардың үміт – мақсаттарымен сәйкес келе ме? Қарапайым азаматтар нені қалайды?

- Референдум туралы ұсыныс жоғарыдан түскендіктен, қарапайым қазақстандықтарға қандай өзгерістер болатыны толық жеткізілмеді.  Тек маңызды деп саналатын Президент өкілеттілігінің мерзімін шектеу, Парламенттің мүмкіндіктерін кеңейту деген сияқты өзгерістер ғана назарға алынды.

Біздің фокус-топтар Нұр-Сұлтан мен Тараз қалалары тұрғындарының пікірін білді.  Адамдар референдум туралы білетіндерін, бірақ Конституцияға қандай түзетулер енгізілетінін білмейтіндіктерін мәлімдеді. Бұл оң үрдіс емес.  Себебі, референдумнан бейхабар азаматтар сайлау учаскелеріне барып мақсатсыз дауыс берді деп ойлаймын. Ал халықтың елдегі жағдайды жақсартуға үміттері бар. Бірақ Украина-Ресей соғысынан, Қаңтар қырғыны секілді алаңдатарлық оқиғалардан үрейленетіні байқалды.  Жалпы халық тарапынан  референдумда қазақ тілінің мәртебесін көтеру, ата заңнан орыс тілінің мәртебесін алып тастау,  зейнетақы жасын төмендету, сот және полиция жүйесін реформалау сияқты ұсыныстар болған.  Алайда ол ұсыныстар назарға алынбады.  

- Жарияланған дауыс беру нәтижелерін қалай бағалауға болады? Бұл қазіргі биліктің карт-бланшы ма, әлде аванс па? 

- Мұны карт-бланш деуге болады. Неліктен? Себебі билік артықшылыққа ие болды. Мұндай тұрақсыз жағдайда, біріншіден, Украинада соғыс жүріп жатыр. Ол адамдар арасында қорқыныш тудырды. Азаматтар тіпті, Қаңтар оқиғасынан әлі ес жиып үлгермеді. Бұдан бөлек, Ресейге қарсы санкциялар қымбатшылыққа әкелді. Яғни, билік халықтың бар назарын осы оқиғаға бағыттады. Алайда  референдум маңызды оқиға болған жоқ. Халық Конституцияға енгізілетін өзгерістерге тіпті зер салып қарай алмады. Осындай қысқа мерзімде референдум өткіздік. Билік бұл жағдайды өз мақсатына пайдаланды деп айтуға болады.

- Соңғы уақытта билік азаматтарды  асырап отырғанын екпін түсіре  айтатын болды.  Мұны экономика мен әлеуметтік саладағы жағдайдың нашарлығы деп түсінеміз. Біздің елде масылдық немесе патернализмнің қайсысы басым?

- Биылғы 1-мамырдағы статистика бойынша, Қазақстанда жарты милионнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алады. 111,4 мың отбасыдағы 571,1 мың азаматқа атаулы әлеуметтік көмек тағайындалыпты. Бұл мақсатқа бюджеттен 84,7 млрд теңге бөлінген. Өкінішке қарай, тиісті көмек берілгенімен, халықтың сатып алу қабілеті төмендеп, керісінше тауарлар құны қатты қымбаттады. Сол себепті, мемлекеттің мойнына артылар салмақ көбейе түседі. Біздің елде масылдық та,   патернализм де бар.  Бұл мәселенің салдары.  Ал негізгі себеп, биліктің халық атынан шешім қабылдауы. Елімізде кедейлер үлесі жөніндегі статистика жылдар бойы өзгеріссіз келе жатыр. Табиғи байлықтан түскен қаражатты  біздің шенеуніктер өзінің байлығындай көреді. Соның салдарынан  адамдардың сапалық, әлеуметтік дамуы, басқа да жағдайлар  жасалынбай отыр. Соның ішінде адами капиталды бағаламау, адам құндылығына салғырт қарау басым. Билік оң өзгеріс жасамаса масылдық пен патернализм азаймайды.   

- Билік Қазақстан халқының ең үлкен бөлігі – жастардың қалай  өмір сүріп жатқанын  нақты біле ме?

- Бір қарағанда, орталық билік қарапайым халықтың проблемаларынан алыс сияқты. Мен бұл жерде  өз аймағының проблемаларын көріп, еститін жергілікті атқарушы билік туралы айтып отырған жоқпын. Алайда мынадай мәселе бар. Мәселен, әкімдіктер жергілікті жерлердегі жағдайды өзгертіп, халықтың проблемаларын шешкісі келсе де, олар өз бетінше шешім қабылдай алмайды. Өңірдің қажеттіліктеріне орай бюджетті қалыптастыруға мүмкіндігі жоқ. Барлығы орталықтандырылған. Жергілікті әкімдіктер  номиналды билік органдарының қолында.

- Халықпен қоғамды жақсы жаққа қарай өзгерту туралы келісім сындарлы болуы үшін және азаматтар Тоқаевтың бағытын алдағы уақытта қолдауы үшін билік не істеуі керек?

- Тоқаевтың өзі «Естуші мемлекет» деп айтады, бірақ көп жағдайда елдің даты тыңдалмай қалып жатыр.  Бізде есеп беру үшін ғана бұқарамен бетпе-бет келіп, айтқанына құлақ асып жатады. Тоқаевтың бағытын халық қолдау үшін мемлекеттік органдардың өкілдерін оқыту: сындарлы диалог енгізу және халықтың сұранысын нақты зерттеу керек. Елдің сенімін нығайту және ең алдымен, халықтан қашпай,  оған сену қажет.  Қазір қазақстандықтардың біраз бөлігі - қаңтар оқиғасына қатысушылар мен олардың туыстары мемлекеттік органдардың азаптау реакциясына, сондай-ақ осы трагедияны адал тергеудің болмауына наразы. Референдумнан соң уәде етілген реформалар жүзеге аспаса және мемлекеттік басқару жүйесі тиімді болмаса, онда наразылық  бұдан да көп болатыны анық.

Наразылықтардың түрлі деңгейлері бар екенін назарға алған жөн. Біз белсенді наразылықтарды өлшей аламыз – адам митингке шықты немесе шықпады және т.б әрекеттер. Адамдар қоғамдағы келеңсіз жайттарға наразы болған кезде, үнемі психологиялық диссонанс сезіледі. Фокус-топтар қоғамда ашу-ызаның, әділетсіздікке наразылықтың жоғарылағанын көрсетті. Бұл жағдай кез-келген уақытта белсенді фазаға өтуі мүмкін. Ошақтар өте көп, себебі қарапайым әлеуметтік мәселелер шешімін таппаған.   

Фото: Анар Бекбасова

 

 

Байланысты жаналықтар

Алматылық жастар референдум қорытындысын талқылады

08.10.2024

Референдумда халықтың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады

07.10.2024

Бірінші exit poll нәтижесі: дауыс берушілердің 69,8 пайызы АЭС құрылысын қолдады

07.10.2024

Халықаралық бақылаушылар Алматыдағы референдумның ұйымдастырылуына жоғары бағалады

06.10.2024

Референдумда қазақстандықтардың жартысынан астамы дауыс беріп үлгерді

06.10.2024

Астанада қоғамдық бақылаушы сайлау учаскесінен шығарылды

06.10.2024
MalimBlocks
Алматылық жастар референдум қорытындысын талқылады

Жастар атом энергиясын пайдалану елдің тұрақты дамуына және болашақ ұрпақ үшін сенімді энергия көзін қамтамасыз етуге ықпал ететініне сенім білдірді

Референдумда халықтың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады

Референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 млн 284 мың 487

Бірінші exit poll нәтижесі: дауыс берушілердің 69,8 пайызы АЭС құрылысын қолдады

Қазақстан бойынша 10 249 референдум учаскесінде дауыс берілді.

Халықаралық бақылаушылар Алматыдағы референдумның ұйымдастырылуына жоғары бағалады

Бақылаушылар арасында 6 елдің аккредиттелген тұлғалары бар

Референдумда қазақстандықтардың жартысынан астамы дауыс беріп үлгерді

Мұндайда референдум өтті деп санауға болады

Астанада қоғамдық бақылаушы сайлау учаскесінен шығарылды

Оны сайлаушылардың жеке деректері бар тізімдерін түсірді деп айыптады