«Көлгінов, өтірікті соқпа!»
Шілденің 9-күні Нұр-Сұлтанда митинг өтті. Оған қатысқандар «Алтай Көлгінов, бітпейтін өтіріктен шаршадық! Өтірікті соқпа!» деп ұрандатты. Елде өршіп тұрған індетке қарамай Нұр-Сұлтан күні мен экс-президент Н. Назарбаевтың туған күнінде онлайн концерт өткізіп, отшашу шашып, жаназа мен қазынамадан қан жұтып, қаза жамылған қазақстандықтардың ашу ызасын туғызған әкім Алтай Көлгінов виртуалды өткен бұл митингіде төбе көрсетпеді.
[video width="320" height="640" mp4="http://malim.kz/wp-content/uploads/2020/07/9a669f870d217694f1875c6e75bf80d7.mp4"][/video]
Көрсететін жөні бар еді. Өйткені, астанадағы Қабанбай батыр мен Сығанақ көшелерінің қиылысындағы әзірге бос жатқан жерде 2giz.kz арқылы (ел аузында тугис аталып кеткен-ред.) өткен виртуалды митингке қала әкім Алтай Көлгіновті қала тұрғындары бір күн бұрын әлеуметтік желі арқылы арнайы да шақырған. Шақырып қана қоймай, нендей сұрақ, нендей базына айтпақтарын ашық та жазды.
«Қала әкімі Алтай Көлгінов жарты жылдан бері Есіл ауданындағы 8 тұрғын үй кешені тұрғындарының наразылығын көрмегендей кейіп танытып келеді. Қабанбай батыр мен Сығанақ көшелерінің қиылысына, №59 мектептің қасына биік қабатты 18 тұрғын үй кешенінің салынуына тұрғындардың қарсы екенін баяндаған хаттағы талапты құлағына да қыстырмады. Наразылық шараларын өткізіп, мәселені ел алдында ашық айта бастаған соң ғана Көлгінов тұрғындармен кездесуге орынбасары Нұрлан Нүркеновті жіберді» деп бастайды шақыру хаттарын нұрсұлтандықтар.
Тұрғындардың жазуына қарағанда, 18 мамырда BI Group компаниясы менеджерлері ұсынған тұрғын үй кешенінің жобасын талқылаудан бас тартып, құрылыс жүруіне, кешен салынса, онсыз да үш ауысымда білім беріп жатқан жалғыз мектепке орасан зор салмақ түсетінін, қазірдің өзінде ауласы мен көшесінде ине шаншыр жер қалмаған ауданда аяқ басар орын болмасын айтып, үзілді-кесілді қарсылық білдірген. Осы жиында әкім орынбасары Нұрлан Нүркенов 18 тұрғын үй кешенін салушылар осы жерде қосымша мектеп салмағын айтып өткен. Бірақ, тұрғындар оның бұл уәжіне келіспей қойған. Себебі, «жаңа мектеп жаңа тұрғын үй кешенінің балаларын да қамтамасыз ете алмайды, сығылысып тұрған бұл ауданда басқа да тұрғын үйлер салынып жатыр» деген.
«BI Group компаниясының бұл жобасы бұл ауданға бүйректен сирақ шығару екені соқырға да көрініп тұр. Мектептен өзге жол қауіпсіздігі, көлік кептелісі, бала амандығы дегендей проблема жетіп жатыр. Жақын күндері мектептің қасындағы шағын жолды даңғылға айналдырмақ. Бұл баланың басына қатер төндіріп, жол көлік апатын көбейтпек. Ал ауданға бос кеңістік, әлеуметтік нысандар, жасыл желек өсіретін алаңқайлар ауадай қажет». Тұрғындардың бар талабы осы ғана. Жиында тұрғын үй кешені салынады деген алаңды мемлекет өз қажеттілігіне алып, Оқушылар сарайы мен саябақ салып берсін деген талап қойылыпты. Қала әкімі Нұрлан Нүркенов әкімдік тұрғындардың талаптарын ескеретінін айтқан. Бұл сөзі видеоға жазылып, интернетті шарлап та кеткен.
Оқи отырыңыздар: Тоқаевтан Назарбаев атындағы Оқушылар сарайын салуды сұрап жатыр
Көлгіновті митингіге шақырған хаттың баяндауынша, одан кейін әкімдік белсенді топ мүшелерімен бірнеше кездесу өткізген. Онда қала тұрғындары әкімдікті құрылыс салуға жер телімін бергенде және тұрғын үй кешенін салу жобасын бекіткенде өрескел қате жібергендерін беттеріне басып көрсетіп берген. Сол жиында қаланың бас сәулетшісі Нұрлан Уранхаев белсенді топ көп айдан бері сұратқан ауданның жобасы мен хаттамасына қатысты құжаттарды көрсетуге уәде берген. Бірақ, алдап кеткен. Қажет құжаттарды көре алмаған қала тұрғындары қала әкімдігі қызметкерлері құрылыс салушылармен ымдас болып отыр деп күдіктеніп, жемқорлыққа қарсы комитетке тергеу жүргізуге шағымданған.
«Алтай Көлгінов әкімдігінің суайттығының шыңы - белсенді топқа Сәулет басқармасы төрағасы орынбасарының EGOV жүйесі арқылы жіберген жауабы болды. Онда «18 наурыз 2020 жылы әкімдік өкілдері мен құрылыс нысанының өкілдері және тұрғындар арасынан шыққан белсенді топ 900 орындық мектеп салуға келісті» деп көрсетіпті. Бұл - шіли өтірік! 18 наурызда да, 18 мамырда да, одан кейін, одан бұрын да мұндай келісім болмаған! Мұндай шартқа келісу тұрғын үй кешенінің салынуын қолдау, әлеуметтік апат пен азапқа көну деген сөз. Біздіңше, осындай өтірікті қала әкімдігі қадағалаушы орган - президент әкімшілігіне ұялмай жіберіп жатыр. Аудан тұрғындары бастапқыда қойған талаптарынан қайтпайды. Өйткені әкімдік көп қабатты үйлерді есепсіз салып, тұрғындарды конституциялық құқығынан – қауіпсіз аула, қауіпсіз көше, қол жетімді әлеуметтік нысандардан айырып отыр. Елдегі жағдайдың қиындығына қарамастан, Алтай Көлгінов әкімдігі біліксіз әрекетімен биліктің тұрғындарға деген жағымсыз көз-қарасын айқын көрсетіп келеді» дейді әлгі ашық хатта.
Өз қызметін әлеуметтік желіде мақтап жазатындарға молынан ақша бергіш, онлайн шараларды өткізудің қас шебері Алтай Көлгінов тұрғындар жіберген осы ашық хатты көрмей қалды дегенге сенгің келмейді. Өйткені, оны мақтайтындардың жазуына қарағанда әкім Алтай әлеуметтік желіде өзіне қатысты шыққан дүниенің бәрін көріп біліп отырады. Дегенмен, қала әкімі Алтай Көлгінов нұрсұлтандықтардың бұл жолғы шақыруын да көрмегендей боп қала берді. «Көлгінов, өтірікті соқпа!» деген ұранмен өткен виртуалды митингке келмеді.
Оқи отырыңыздар: Көлгінов көпшіліктің алдына шықпай қойды
Мистика: Астаналықтар Көлгіновті таба алмай жүр