А.Көлгінов: Өз кәсібін ашқысы келетіндерге 50 млрд теңге бөлінді
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы елге кең көлемде таратылатын болады.
Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаның іске асырылу барысымен танысты деп хабарлайды primeminister.kz сайты. Онда ол ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы елге кеңінен таратылатын болады деген.
Ресми басылымның жазуынша, вице-премьер Алтай Көлгінов Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовпен бірге ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы аясында құрылған бірқатар ауыл шаруашылығы кооперативтерін аралаған.
Жамбыл облысында пилоттық жобаны жүзеге асыру басталғалы 20-дан астам ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 2300-ге жуық жаңа жеке кәсіпкер өз жұмысын бастаған екен. Бұл шаралар АӘК алушылардың санын қысқартып, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек.
Астанадан барған ресми қонақтар алдында Қордай ауданындағы кооператив басшысы Т. Сәрсембаев сөз сөйлеп, «ECO Chicken» құс фермасын кеңейту жұмыстары мен алдағы жоспарларын айтып берген. Кәсіпкердің баяндауынша, жақын арада жалпы қуаты 520 тонна құс етін дайындайтын 8 модульдік құс фабрикасын, 2025 жылға дейін тағы 100 модульдік құс фабрикасын орнатпақ. Т. Сәрсембаев қонақтар алдында басқа кооперативтерге өз ісін ашуға көмектесемін деп уәде де беріпті.
Алтай Көлгінов Меркі ауданы мен Байзақ ауданындағы бірқатар ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмыстарымен танысқан.
Вице-премьер президент тапсырмасымен әзірленген бағдарламаны іске асыру маңызды деп, халықтың табысын арттыруға, сондай-ақ экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамытумен ұштасқан нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталғанын атап өткен.
«Біздің мақсатымыз – ауылдар мен шағын қалалардың тұрғындарының табысы мен тұрмыс деңгейін арттыру, жұмыс орындарын құру, өз өнімдерін шығару. Мұнда ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жоба сапалы іске асырылуда. Жамбыл облысында іске қосылған жоба өзінің тиімділігін көрсетті. Енді осы тәжірибе бүкіл ел көлемінде таратылатын болады. Республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 50 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Өз кәсібін ашқысы келетіндер осы бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалана алады. Олар өз кәсібін аша отырып, басқа да ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын құратын болады», — депті Алтай Көлгінов.
Фото: primeminister.kz