Нұрәли Әлиевтің соттағы сөзі
Экс-президенттің қызы, сенат төрайымы Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиев 8 сәуір күні Лондонның жоғары сотында "шығу төркіні белгісіз ақшаға алынған үш жылжымайтын мүлікті" бұғаттау ісі жөніндегі сотта жеңді. Алайда сотта жеңіске жету үшін бұрынғы президенттің қызы мен немересі құны 80 миллион фунт стерлинг тұратын үш зәулім үйді қандай ақшаға сатып алғанын және өздерінің дәулеті туралы мәліметті ашуына тура келген.
Назарбаевтар отбасының шетелдегі дүние-мүлігі жайлы ел ішінде айтыла бермейді. Есесіне Дариға Назарбаеваның оффшор компаниялары мен Ұлыбританиядағы үйлері туралы шетелдік баспасөз көп жазады. 8 сәуір күні Лондонның жоғары сотында сенат төрайымы мен оның ұлы Лондонның ең қымбат аудандарында орналасқан құны 80 миллион фунт стерлинг тұратын үш жылжымайтын мүлікті бұғаттаудан шығару арқылы өздерінің шетелде дүние-мүлкі бар екенін мойындады. Екіншіден, сотқа бұл Рахат Әлиевтің қылмыс жолымен тапқан ақшасына емес, өздерінің тапқан-таянғанына сатып алынғанын дәледеу үшін Назарбаев әулетінің мүшелері өздерінің дәулеті жайлы кейбір мәліметтерді жария етті.
Сенат төрайымы Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәли Әлиев Лондонның жоғары сотында Бишоп авенюдегі үйін "шығу төркіні белгісіз ақшаға" емес, адал ақшаға сатып алғанын дәлелдеу үшін бірқатар уәж келтіріпті. Біз британдық BBC, Independent және Financial Times ақпарат құралдарын сүзіп шығып, сотта оқылған Нұрәли Әлиевтің мәлімдемесін келтіріп отырмыз.
Ұлыбританияның қылмыспен күрес агенттігі Лондонда Д.Назарбаева мен Н.Әлиевке тиесілі құны 80 миллион фунт стерлинг тұратын үш жылжымайтын мүлік Рахат Әлиевтің қылмыстық жолмен тапқан ақшасына сатып алынған деген күдікпен бұғатталған болатын.
Лондонның жоғары сотында 8 сәуір күні қаралған іске Дариға Наарбаева мен Нұрәли Әлиев қатыспады. Бірақ олардың бұл зәулім үйлерді адал ақшаға сатып алғаны келтірген уәждері оқылды.
Нұрәли Әлиев өз мәлімдемесінде Ұлыбританияның қылмыспен күрес агенттігінің тергеуін "мүлде негізсіз" және "жаңсақ" деп атаған.
"Қылмыспен күрес агенттігі мен өз еркіммен ұсынған мәліметті назарға алмай, мені, менің отбасым мен елімді қорлайтын негізсіз сот шағымдарын түсірді. Нәтижесінде балаларымыздың аты-жөнін құпияда ұстау үшін күресуге тура келді. Бүгін ақталдық, және отбасы ретінде жеке өміріміздің құпиясын құрметтеуді сұраймыз", - деді Н.Әлиев.
Ал Дариға Назарбаеваның өкілі сотта былай деген: "Бүгінгі сот шешімі Назарбаева ханымды толықтай ақтап шықты. Ол сот қылмыспен күрес агенттігінің тергеуі жаңсақ және ол қандай да бір заңбұзушылыққа қатысы жоқ дегенге соттың келіскеніне қуанышты. Бірақ ол өз атына кір келтірмес үшін қатаң шаралармен күресуіне тура келгені өкінішті".
Жоғарғы сот Назарбаева мен Әлиевтің уәждерін тыңдап, үш дүние-мүлік Рахат Әлиев қылмыстық жолмен тапқан ақшаға қатысы жоқ деген қорытындыға келген. Судья Ланг өзінің шешімінде Дариға Назарбаеваны бизнесвумен деп сипаттаған.Ал Назарбаева мен Әлиев 2007 жылы ажырасып кеткендіктен, бұл дүние-мүлікке Әлиевтің ақшасы бар деген күдік негізсіз деген.
"Дариға Назарбаева 1992 жылдан бері бизнесте, негізінен азық-түлік саласы (қант өндірісін қоса алғанда), автокөлік, бұқаралық ақпарат құралдары, банк ісі мен жылжымайтын мүлік саласындағы бизнесте жүрген. Сондықтан 2013 жылы Forbes Kazakhstan бағалауынша, 595 миллион доллар болған", - деді судья Ланг.
Адвокаттар Д.Назарбаева Лондонның Хайгейт ауданындағы зәулім үйі "Қант" АҚ акцияларын сатудан түскен ақшаға сатып алынғанын айтыпты. Бұл компания Назарбаеваның иелегіне Р.Әлиевпен ажырасқан соң өткен.
"Бұл компанияның акциялары Назарбаеваға 2007 жылдың 29 маусымда, ол Рахат Әлиевпен сол жылдың 6 маусымында ажырасқан соң өткен. Ал жылжымайтын мүлік 2008 жылдың 2 сәуірінде сатып алынған", - деді Ланг.
Ал миллиардерлер тұратын The Bishops Avenue көшесінде, Нұрәли Әлиев отбасымен тұрып жатқан зәулім сарайға келсек, Нұрәли Әлиев оны "Нұрбанктен" алынған несиеге сатып алғанын айтыпты. Н.Әлиев сот материалдарында "Нұрбанктен" 65 миллион доллар көлеміндегі несиені өзіне тиесілі Terra Holding фирмасы алғанын келтіреді.
Ұлыбританияның қылмыспен күрес агенттігі Н.Әлиев бұл уақытта небәрі 23 жаста болғанын алға тартып, оған әкесі Рахат Әлиевтің қатысы барын мәлімдеген. Сотта жауап берген Анита Келли бұл үй бастапқыда Британ Виргин аралдарында жаңадан тіркелген оффшор компанияның ақшасына сатып алынғанын, артында 2013 жылдың наурызында мүлікке иелік ету құқығы Curaçaoanжекменшік қорына өткенін айтқан. Тергеушінің айтуынша, бұл қорға ашықтық жөнінде өте шектеулі талаптар қойылған. Ұлыбританиядағы қалған екі мүлік те дәл осыған ұқсас жолмен сатып алынған.
Бірақ судья Ланг 2007 жылы Рахат Әлиев қызметінен кетіріліп, Назарбаевамен ажырасқанын, ал ұлы Нұрәли Әлиев LinkedIn аккаунтындағы мәліметіне сәйкес, кәсіпкер әрі 2006 жылдың мамырынан 2010 жылды шілдесіне дейін "Нұрбанкте" түрлі жетекшілік қызмет екенін айтып, бұл дүние-мүліктерге Рахат Әлиев ақшасының қатысы жоқ деген үкім шығарған.
Оқи отырыңыз: Дариға Назарбаева Лондондағы сарайын сотта ақтап алды
Материалды көшіріп басуға болмайды.