Ғалым Германияны 2027 жылы соғысқа дайындалуға шақырды
Бұл туралы ұлыбританиялық Корольдік біріккен қорғаныс зерттеулері институтының аға ғылыми қызметкері Эд Арнольд айтты

Германия бундесверді қайта жарақтандыру жоспарын онжылдықтарға созбауы керек, өйткені Ресеймен соғысқа дайындықты 2027 жылдан кешіктірмей бастау қажет. Бұл туралы ұлыбританиялық Қорғаныс зерттеулерінің Корольдік біріккен институтының аға ғылыми қызметкері Эд Арнольд айтты, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі DW-ге сілтеме жасап.
Ұлыбританиялық сарапшының пікірінше, алдағы екі жыл ішінде НАТО елдері Ресеймен әскери қақтығысқа тартылуы мүмкін. Арнольдтің айтуынша, бұл қақтығыс ең алдымен Сувалк дәлізінде басталуы ықтимал, бірақ өзге аймақтарда да от тұтануы ғажап емес.
Сондықтан ол қазір бундесвер ең алдымен ауыр әскери техникалардың қорын көбейтуге тиіс деп есептейді. Атап айтқанда, Leopard 2 A8 танктері, TAURUS алыс қашықтықтағы қанатты зымырандары, Boxer бронекөліктері, IRIS-T зениттік зымырандары мен Gepard қондырғылары қажет. Арнольдтің айтуынша, Германия бұл қару-жарақтардың өндірісін айтарлықтай арттырып, тек өз армиясын емес, Еуропадағы одақтастарын да қамтамасыз ете алар еді.
Сонымен қатар, сарапшы Берлинге АҚШ-тан алынатын F-35 жойғыштары мен Patriot әуе қорғаныс жүйелерін сатып алу туралы шешімдерді АҚШ-тағы саяси өзгерістерді ескере отырып қайта қарауға шақырды.
Аналитик Украинадағы соғыс заманауи техниканың әрдайым шешуші рөл атқара бермейтінін дәлелдегенін айтты.
"Украина ең озық қару емес, қарсылаңнан сәл ғана мықты болу жеткілікті екенін көрсетіп отыр", — деді Арнольд.
Ол мысал ретінде дрондарды келтірді.
"Соғыс жүргізу әдістерінің өзгеруі дрондардың ең төменгі деңгейде де қолданылуына әкелді", — деп атап өтті сарапшы.
Оның айтуынша, дрондар қазір майдан даласында "әр бұрышында бар".
Сувалк дәлізі деген не?
Сувалк дәлізі — Беларусь пен Калининград облысы арасындағы шамамен 100 шақырымға созылған жіңішке өткел. Ол Польша мен Литва шекарасының бойымен өтіп, Балтық елдерін НАТО-ның қалған мүшелерінен бөліп тұр.
Фото: pixabay.com