Өз күшімен байыған 33 жастағы қазақстандық миллиардер
Forbes-тің әлемдегі ең бай адамдар тізімінің көшін бастаған Amazon иесі Джефф Безос, SpaceX пен Tesla негізін қалаушы Илон Маск, Microsoft корпорациясының негізін қалаған Билл Гейтс, Facebook иесі Марк Цукербергтердің барлығы дәулетке өз ақылы, білімі мен еңбекқорлығы арқасында жеткені түсінікті. Ал Қазақстаннан әлемдегі ең бай адамдар тізіміне кіргендердің арасында дәл осылай өз күшімен байығандар бар ма? Расында да, миллиардтаған дәулетке туыс-туған, қайын жұрт, құда-жегжат немесе Құдай бере салған жер қойнауындағы байлықты сатып емес, өз білімі мен ақылы арқылы жеткендер бар ма? Танысып қойыңыздар, Тимур Турлов – 33 жасында 2,1 миллиард доллар дәулетке өз күшімен жеткен қазақстандық миллиардер.
Тимур Турлов биыл әлемдік Forbes рейтингісіне алғаш рет кірген үш қазақстандық миллиардердің бірі. Тимур Турлов Freedom Holding Corp инвестициялық тобының 73 пайыз акциясына иелік етеді. Бұл топқа "Фридом Финанс" инвестициялық компаниясы, Freedom24 онлайн-дүкені мен Фридом Финанс банкі кіреді. Былтыр Freedom Holding Corp NASDAQ Capital Market-ке шыққан. Freedom Holding Corp тобының бір акциясы 56,61 долларға бағаланады.
Тимур Турлов жақында американдық Forbes басылымына сұхбат беріп, дәулетке қалай жеткенін әңгімелеп берген. Malim.kz осы сұхбат негізінде Тимур Турловты қазақ оқырманына таныстырып, дәулетке жету жолын баяндайды.
18 жасында айына мың доллар тапқан
Тимур Турлов 1987 жылы Мәскеуде дүниеге келген. Ол үш жасқа толғанда әкесі із-түзсіз жоғалып кетеді, әкесі әлі де жоғалып кеткен адамдардың тізімінде көрінеді. Сөйтіп, болашақ миллиардер әкесіз өседі. Совет Одағы құлағаннан кейін Турлов Голливудтың орта класстағы американдықтар жайлы фильмдерін көріп, кейіпкерлердің өміріне қызыға бастайды. Әсіресе, үйде жалғыз қалып қойып, баспанасын ұрылардан қорғайтын бала жайлы түсірілген "Үйде жалғыз қалғанда" фильмі Турловқа ерекше әсер еткен. "Осы фильмдегі үй тәрізді үйім болса деп армандайтынмын", - дейді Турлов Forbes-қа берген сұхбатында.
Уолл-стрит жайлы фильмдер Турловты қор нарығында акциялар сатып алып, сатуға ынталандырған. Жасөспірім кезінде досының досы компьютер көмегімен акцияларды алып сататынын естіген. Сөйтіп, атасынан мұраға қалған 800 долларды алып, қор нарығына шығады. Алайда бұл ақшадан алғашқы онлайн-сауда-саттық кезінде-ақ айырылып қалады.
Дегенмен бірте-бірте қор нарығында ойнауды үйренген Турлов 2003 жылы 16 жасында Мәскеудегі трейдинг компаниялардың біріне трейдер болып жұмысқа орналасады. Жұмысты мектептен кейін кешкі уақыттан бастап түнгі он екіге дейін, Нью-Йорк қор биржасы ашық болған уақытта істеп жүреді. Ал 2005 жылы АҚШ қор нарығына шығу үшін Мәскеудегі банктердің біріне трейдер болып жұмысқа орналасады. Турловтың айтуынша, ол 18 жасында айына мың доллар табыс тапқан. Жас трейдер үшін бұл жақсы жалақы болғанымен, кейбір мықты әріптестері ол уақытта бұдан көп ақша табатын.
Жұмыссыз қалған Турлов өзінің инвестициялық компаниясын ашты
Турлов пен оның командасы Freedom Holding-тің Нью-Йоркте Nasdaq-қа шыққанына қуанған сәті. Фото: Freedom Holding
2008 жылы Турлов кенеттен жұмыссыз қалды. Бұған сол жылғы әлемдік қаржы дағдарысы себеп болды. Турлов жұмыс істеп жүрген банк оңбай ұтылды, өйткені жергілікті акция, облигациялар Ресей рубліне байлаулы еді. Сөйтіп, банк Турлов жұмыс істеп жүрген бөлімді жауып тастайды. Жұмысынан айырылған Турлов өз компаниясын ашуға белін бекем буады.
Турлов пен банктің банкротқа ұшыраған бөлімінде істеген елу шақты әріптесі бірігіп, 100 мың доллар құйып, жаңа компания ашады. Турловтың сөзінше, бастапқы капиталдың басым бөлігін өзі құйған. Кейін бизнесті ұстап тұру үшін өз үйін кепілге қойған.
20 жасында Мәскеу мемлекеттік техникаық университетінің экономика және менеджмент мамандығын тәмамдап, үйленеді. Қазіргі кезде Турлов алты баланың әкесі.
Турловтың Қазақстанға келуі
2011 жылы Ресейдегі брокерлер арасында бәсеке қатты күшейіп, Турлов басқа нарықты іздей бастайды. Сөйтіп, Алматыға келу жайлы шешім қабылдайды. Турлов Forbes-қа берген сұхбатында Алматыда Батыс оқу орындарын бітіріп, қор нарығына шықпаған адамдар көп болды, сол себепті осы қалаға келу туралы шешім қабылдағанын айтыпты.
Кейінірек Freedom Германия, Украина, Қырғызстан мен Өзбекстанда ашылады. Бірақ Турловтың басты мақсаты АҚШ-қа шығу еді.
Freedom 2015 жылы Невадада тіркелген бұрынғы қазақстандық мұнай-газ компаниясы – Bmb Munai-мен бірігеді. Бұл уақытта Bmb Munai өз үлесін Гонконгтағы компанияға сатып жіберген жасанды корпорацияға айналған. Турлов досы арқылы Bmb Munai президенті Асқар Таштитовпен танысып, соңғысы оны АҚШ-тағы қор биржасында компанияны сату-сатып алу процесіне қатысуға шақырады.
Ақыры 2019 жылдың 16 қазанында бірнеше жылға созылған қағазбастылық, заңгерлік процедуралар мен ақша жинаудан кейін Freedom Holding Nasdaq-қа шығады. Бұл Турловтың айтуынша, мақтаныш ететін ең үлкен жетістігі. "Еш уақытта күніне миллиондаған акцияны сататын компанияға айналамыз деп ойлағаным жоқ", - дейді Турлов.
Турловқа айтылатын сын
Қаржы саласы мен қор нарығының мамандары Турловты Белиздегі брокерлік компаниясы үшін сынайды. Бұл компания Freedom Holding-тің Ресей және Қазақстандағы клиенттері үшін операцияларды орындап, делдал рөлін атқарады. S&P сарапшысы Роман Рыбалкин Freedom-ның комиссиялық кірісінің 70 пайызы Белиздегі компания арқылы келгенін айтып, Белиздегі операциялардың ашық емес екенін айтқан.
Ал бірақ Турлов Қазақстандағы қаржы қадағалау органдары электронды нарықтағы сауданы жүргізуге рұқсат етпейтіндіктен, АҚШ-тағы биржалық сауда-саттықты Белиздегі компания арқылы басқарамын дейді. Жақында қаржы қадағау органдары талаптарды жұмсартып, Белиздегі шоттар Ресей мен Қазақстанға көшірілетін болды.
Турловтың компаниясы өркендеп жатыр. Былтыр желтоқсан соңында Freedom Holding өзге миллиардер Болат Өтемұратовқа тиесілі Kassa Nova банкін 2,4 миллион долларға сатып алды.
Nasdaq биржасында тіркелген Freedon Holding брокерлік фирмасының акциясы наурыз айында 200 пайызға бір-ақ өсті. Турлов соның арқасында әлемдік Forbes-тің еі бай адамдар тізімінде 1517-орынға жайғасты.
"Біздің мұндай табысқа жетуіміз мен үшін күтпеген оқиға болды. Біздің жолымыз болды", - дейді Турлов.
Оқи отырыңыздар: Forbes тізімі тағы үш қазақстандықпен толықты