Өзгермейтін Конституция. Алтынбек жазған Ата заң
Бүгін Алтынбек Сәрсенбайұлының туғанына 60 жыл
Саяси тапсырыстан қаза таппағанда бүгінгі Қазақстанның саяси сахнасындағы ең беделді, нағыз бабында тұрған тұлғаның бірі болар еді...
Мемлекет қайраткерінің 60 жылдығына орай туған жері Алматы облысы Райымбек ауданындағы Сарыжаз мектебіне Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі берілді. Ауыл азаматтарының қолдауымен, қайраткердің сыныптастары, достарының бастамасымен ауылда еске алу іс-шарасы өтіп, ас берілді. «Назарбаев билікте тұрса, мектеп атауын бергізбес еді» депті бір сөзінде Алтынбектің ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы.
Сондай-ақ, бүгін Кеңсайда марқұмның рухына құран бағышталды. Ғылыми жиын, еске алу сияқты басқа да шаралар алдағы күндері жалғасын табады.
Бүгінгі айтулы күнге орай, Алтынбектің фотоларын сөйлеткенді жөн көрдік. Ескерте кетер нәрсе, бұл фотолар ашық дерек көздерінен алынды және оларды кімнің түсіргенін анықтау қиынға соқты. Сондықтан фотографтардан кешірім сұрай отырып, олардың тарихи құнды еңбектерін назарларыңызға ұсынамыз.
Жазушы, драматург Қалтай Мұхаметжанов та, журналист, министр Алтынбек Сәрсенбайұлы да әзілге жүйрік болған. Білетіндердің айтуынша, екі азамат бірін бірі қатты құрметтеген. Қалжыңдары да жарасқан. Бірде Қалтай Алтынбекке өтініш айтыпты.
-Алтынбек, ана газетте редактордың екі емес, үш орынбасары болуы керек. Әр атаның баласын ескеру керек.
-Қал аға, ондай болса, үшеу емес, төрт орынбасар болуы қажет емес пе? - депті Алтынбек. Бұл жауапқа мәз болып, күліп жіберген Қалтай ақсақал «Осындай өтініш айтып келген өзіме де обал жоқ», деп сөзге тоқтапты.
Алтынбек Сәрсенбайұлының журналист кезі. Ұзақ жыл атқарған министр қызметінен кеткен соң тілші «Егер сіз министр болып кетпегенде, бүгінде не істеп жүрер едіңіз?» деп сұрайды. Ол «Тәуелсіз медиа холдингті басқарып отырар едім» деп жауап қайтарады. Ол журналистика мамандығын жақсы көрді. Тілші жұмысы қашан да ел алдында көзге көрініп тұрады дейтін. Вице-премьер лауазымына ұсынылғанда ол Жоғары кеңес депутаттары алдында «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы арнайы заң керек емес, уақыт өте оны мүлдем алып тастау керек. Конституцияда сөз бостандығы қорғалған», деген еді. Оның биліктен кету уақыты да тәуелсіз журналистикаға бұғау салу тұсымен тұспа тұс келді.
Академик Әбдімәлік Нысанбаев, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Марат Тәжин.
Алтынбек Сәрсенбайұлы бір сөзінде мемлекеттік қызметке жастайынан келіп, жоғары лауазымға қол жеткізуін Совет одағының құлауымен Тәуелсіздіктің орнауындағы ауыспалы кезеңмен түсіндірді. Ол қай қызметте, қай салада жүрсе де өзін, замандастарын Тәуелсіздіктің тағдырына жауапты буын деп есептеді.
Айтпақшы, Назарбаев биліктен кеткен соң Алтынбек туралы айтатындар көбейе бастады. Ал бұрын Алтынбектің қасында жүргендердің өзі пікір айтудан қорқып қашатын. Марат Тәжинді есептемегенде.
Алтынбек Сәрсенбайұлы билік басында жүріп Назарбаевты ашық мақтап көзге түспеген санаулы адамның бірі. Бірақ, ол Назарбаевты жатып кеп күстәналау жасаған да емес. «Біз Назарбаевтың кез келген дұрыс шешімін қолдауға әзірміз» деді. «Мемлекет мүддесі жеке бір адамның көңіл күйінен әлде қайда жоғары» деді. Бірақ, Назарбаев «дұрыс шешімін ғана қолдаушыларды» емес, өзінің көңіл күйіне қарағыштарды жақтап кетті. Назарбаевтың бұл шешімі 2000 жылдардан басталған саяси тоқырауға, қанды қырғындарға жол ашты.
Алтынбек Сәрсенбайұлы Ғалымжан Жақияновты түрмеден босатуды талап еткен митингте сөйлеп тұр. «Тәуелсіз Қазақстан тарихында Ғалымжан Жақиянов ең соңғы саяси тұтқын болып қалсын, билік тарихта масқара атымен қалмасын», деген еді сондағы бір сөзінде. Алайда, Назарбаев режимі Тәуелсіздік таңымен келген, мемлекет мүддесі үшін қызмет ете алатын бір буынды қудалап, тоз-тозын шығарып жіберді.
Егер біз қателеспесек, бұл фотоның авторы Асылхан Әбдірайымұлы. «Тарлан» сыйлығын табыстау кеші. 2005 жыл болса керек. Естеріңізге сала кетсек, 2000 жылдан бастап елде білім, ғылым, өнер, мәдениет, әдебиет, кино, ағартушылық салаларына еңбегі сіңген жандарға «Тарлан» тәуелсіз сыйлығы беріле бастаған болатын. Бір сала бойынша үш жүлде берілетін. Сыйақы қаржысы өте қомақты еді (10 мың доллар). Қаржыны бөлу мен шараны ұйымдастыруды меценат кәсіпкерлер мойнына алды. Өкініштісі осы керемет жоба 2007 жылдан соң тоқтап қалды. Себебі, 2006 жылы Алтынбек Сәрсенбайұлына саяси қастандық жасалған соң, елдегі бизнес-элитаға қуғын-сүргін басталды. Одан кейін «Суперхан» жыры басталды.
Елдегі барлық оппозициялық күштердің «Әділетті Қазақстан» ұйымына біріккен сәті. «Оппозиция ешқашан бірікпейді» дейтін билік бұлбұлдары осы күндері үнсіз қалған еді.
Қазақстан тарихындағы қаралы күннің бірі. Заманбек Нұрқаділовке қастандық жасалған күн. Гүлжан Ерғалиеваның айтуынша, осы күні Алтынбек Гүлжанға хабарласып, дереу журналистерді жинатқан. Сосын адвокатты журналистердің алдына алып шығып, атылған үш оқтың хабарын таратқан. Осыдан кейін тергеушілер Заманбекке тиген үш оқты терістей алмай қалғандай. Бірақ, соның өзінде ресми билік «өзін өзі үш рет атып өлтірді» деп шықты.
Айтпақшы, көз көргендердің айтуынша, Заманбекпен қоштасу шарасына қатысты мәселеде есік алдында Алтынбек Сәрсенбайұлы мен «Отан» партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияев сөзге келіп қалған деседі. Соңғысы қаралы жиын Заманбектің есік алдында өту керек деген. Алтынбек сүйектен өтетін сөз айтып, Назарбаевқа ескерту жасаған.
Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлы бір өңірдің азаматтары. Екеуі де жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Екеуі де Назарбаев пен оның отбасына қатысты сын айтты. Екеуі де саяси тапсырыспен қаза тапты. Бірақ, өмірде екеуінің саяси күрес жолы мен бағыт-бағдарында айырмашылық бар еді. Бірі саяси базардан кетіп бара жатқан тұлға болса, екіншісі жаңадан келе жатқан табанды, білімі мен біліктілігі көп жан еді. Бұл енді басқа әңгіме.
Зер салып қарасаңыз, Алтынбек Сәрсенбайұлы қолында Жаңа Конституцияның жобасы. Бұл Қазақстан демократиялық күштері үйлестіру кеңесінің әзірлеген жаңа Конституция жобасы болатын.
Бұл жобада қарапайым халықтың құқықтары мен бостандықтарына көп көңіл бөлінген. Сондай-ақ, президенттің туған-туыстарына жоғары лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу ұсынысы да бар еді.
Дәл осы ұсынысты өткенде президент Қ. Тоқаев көтеріп, референдумға салғанын білесіздер. Кезінде «өте радикалды!» ұсыныс деп ойбай салғандардың енді «бұл неткен әділетті шешім» деп жалпаң қақанын да көрдіңіздер.