Перуашев жылай бере ме, әлде саяси батыр бола ма?
Астана әкімдігі Азат Перуашевке 31 мамыр күні шеру өткізуге рұқсат бермеді
"Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев 31 мамыр күні Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын шеруді ұйымдастырмақ болып, онысын Нұр-Сұлтан әкімдігіне хабарлап өтініш жолдаған. Алайда Алтай Көлгіновтің орынбасары Бақтияр Мәкен астананың бас санитар дәрігері бұқаралық іс-шараға тыйым салған шығарған қаулыға сілтеп, "Ақ жол" партиясына шеру өткізуге рұқсат бермей қойды. Енді Перуашев Telegram-арнасында астана әкімінен бұл шешімді қайта қарастыруды сұрап, шеруге қолдау көрсетуге шақырыпты.
“Ақ жол” демократиялық партиясының Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған “Алашқа тағзым” шеруін өткізуіне Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі тыйым салды. Тіпті, әкімшіліктің жауабында аталған іс-шараның саяси маңызын көрсетпеу үшін, “Ақ жол” демократиялық партиясының “Алашқа тағзым” іс-шарасы емес, “Н.Перуашевтың” (ол кім екен?) «жеке» бастамасы деп көрсетіпті. Сұмдық (масқара) емес пе?Алматыда феминизмді қолдау жөніндегі шеруілерге рұқсат беріледі, ал, Елордада қасірет құрбандарын еске алуға тыйым салынады. Абсурд!", - дейді ашынған Азат Перуашев.
Бүгін осы мәселе бойынша Telegram-арнада кезекті жазбасын жариялаған Азат Перуашев тағы да астана әкімдігіне жатып келіп ренжіді. Б.Мәкеннің қолы қойылған қаулыда өзінің аты қате жазылғанын, іс-шара жеке бастамасы емес, "Ақ жолдың" жыл сайын ұйымдастыратын шеру екенін әкімдік назарға алмағанын айтып, түрлі уәждерін тізіпті.
Бірде 9 мамыр Жеңіс күні әнші-бишілердің әкімдік бастамасымен арнайы автокөліктермен бүкіл қаланы аралағанын айтса, бірде митинг туралы жаңа заңға сәйкес шеруге шенеуніктердің рұқсаты керек емес екенін еске түсіріпті.
"Бас санитардың қаулысына сәйкес шеру өткізуге «рұқсат бере алмаймыз» деп кімдер жазып отыр? Негізінде, “Митингтер туралы” заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, мұндай іс-шараларды өткізуге шенеуніктердің рұқсаты керек емес. Өткізуші тек алдын ала хабарлап, ұйымдастыру мәселелері бойынша көмек сұрау керек", - деп кесіпті.
"Бейбіт жиындар мен шерулер өткізу тәртібі туралы" заңды өзі мақұлдаған, шеру үшін шенеуніктердің рұқсаты керек емес екенін жақсы білетін Перуашев әкімдіктен не үшін қиылып рұқсат сұрап отыр? Мәжіліс сайлауынан соң төменгі палатаға өткен "Ақ жол" парламенттік оппозиция болып саналады. Олай болса, Азат Перуашевтің Жанболат Мамай немесе Oyan Qazaqstan қозғалысының белсенділері ұқсап шешімді әрекет етіп, рұқсат сұрамай-ақ шеруге шығатын жөні бар емес пе?
Бірақ "Ақ жол" жетекшісі әкімдіктен рұқсат ала алмағанымен қоймай, астана әкіміне арнайы қаратып тағы да шеруге рұқсат етуін қайырыла сұрап, ресми хат жолдапты.
" Құрметті Алтай Сейдірұлы! Біз, “Ақ жол” демократиялық партиясы, сіздің орынбасарыңыз шығарған шалағай шешімін қайта қарастыруын талап етеміз. «Алашқа тағзым» атты шеру өткізу үшін жоғарыда көрсеткендей, қандай қатаң санитарлық талаптар болса да, келісіп, қолдау көрсетуге шақырамыз", - дейді Перуашев.
Шеру өткізуді қатты қалап отырған Перуашев әкімдіктен қайта-қайта рұқсат сұрап, түрлі уәждерді тізіп жылай бергенше, шешімді әрекет ететін жөні бар. Біздіңше, оның екі жолы бар. Бірі – Жанболат Мамай тәрізді әкімдіктен рұқсат сұрамай-ақ шығу, екіншісі – шеру өткізуге рұқсат бермегені үшін елорда әкімі Алтай Көлгіновті қызметінен алуды талап ету. Екі жағдайда да Азат Перуашев пен "Ақ жол" өздерінің көпшілік айтып жүргендей парламенттегі ойыншық оппозиция емес, өз бетінше әрекет ете алатын ойыншылар екенін дәлелдей алар еді.