Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов желідегі парақшасында қазіргі футбол додасына қатысты өзінің пікірін білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Тұрсынбек Қабатов футболдан әлем чемпионаты туралы әзіл-қалжың аралас жазба жариялады.
"Финал 2026. Месси қырқынан шығарған баласымен. Ламин Ямаль мен Лионель Месси. Кезінде "аузына бекер түкірдім" деп отырған шығар Месси", – деп жазды Тұрсынбек Қабатов.
Еске сала кетейік, Тұрсынбек Қабатовтың үлкен қызы Әдемі Тұрсынбекқызы әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа көлігін көрсеткен еді. Сондай-ақ Тұрсынбек Қабатов тұңғыш қызы Әдемінің шетелдегі жоғары оқу орнын тәмамдағанына қуанып, осы жолда кеңес берген азаматтарға алғыс білдірген болатын.
Тұрсынбек Қабатов кім?
Тұрсынбек Аманғалиұлы Қабатов – қазақстандық әзілкеш, актер, КВН ойыншысы және сатира жанрының танымал өкілі. Ол 1979 жылғы 10 қазанда Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының Ақпәтер ауылында дүниеге келген.
Өнер иесі қазақы қалжыңды шебер жеткізуі, өткір әзілі және сахнадағы еркін болмысымен көпшілікке танылды. Оның шығармаларында қоғамдағы өзекті мәселелер, күнделікті тұрмыс пен ұлттық мінез ерекшеліктері әзіл арқылы көрініс табады.
Тұрсынбек Қабатов еңбек жолын 2000 жылы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында бастаған. 2001 жылдан бастап Көңілді тапқырлар клубында өнер көрсетіп, әзіл саласындағы кәсіби жолын қалыптастырды.
Студенттік жылдары ол «Аграрка сарбаздары», «Астана.kz» және «Казахи» командаларының құрамында ойнады. Әсіресе «Казахи» командасындағы өнері оның кеңінен танылуына жол ашты.
2010 жылы командасымен бірге Халықаралық КВН одағының Жоғарғы лигасында вице-чемпион атанды. Сондай-ақ ТМД елдерінің үздік КВН ойыншысы атағына ие болды.
Кейін Тұрсынбек Қабатов жеке шығармашылыққа бет бұрып, Астана мен Алматы қалаларында концерттер өткізді. Ол телевизиялық жобаларға қатысып, продюсерлік және ұйымдастырушылық бағытта да еңбек етті.
Өнер иесі «Базар жоқ» театрын ашып, әзіл-сықақ жанрындағы жобаларды дамытуға атсалысты. Сонымен қатар «Әзіл әлемі» театрына жетекшілік етті.
Тұрсынбек Қабатовтың еңбегі мемлекеттік және қоғамдық марапаттармен бағаланды. 2014 жылы оған «Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі» атағы беріліп, Казталов ауданының құрметті азаматы атанды. 2015 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағымен марапатталды.
Бүгінде Тұрсынбек Қабатов қазақ сахнасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, әзіл мен сатира жанрының дамуына үлес қосқан танымал өнер иелерінің бірі саналады.