freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Астанада жыл басынан бері 80-нен астам жол ережесін бұзған жүргізуші 15 тәулікке қамалды

Қоғам
Астанада жыл басынан бері 80-нен астам жол ережесін бұзған жүргізуші 15 тәулікке қамалды
Фото: © magnific.com / boggy

Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты 2026 жылдың басынан бері Жол қозғалысы ережесін 80-нен астам рет бұзған жүргізушіге қатысты әкімшілік іс бойынша шешім шығарды, деп хабарлайды Malim.kz.

Сот мәліметінше, азамат Ж. 2026 жылдың наурыз-маусым айлары аралығында бірнеше мәрте жол қозғалысы ережесін бұзған. Ол негізінен белгіленген жылдамдықты бірнеше рет асырып отырған. Бұған дейін бірнеше мәрте әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлегеніне қарамастан, құқық бұзушылықтарын жалғастырған.

Іс материалдарына сәйкес, екі жағдайда жүргізуші жылдамдықты айтарлықтай асырып, тиісінше сағатына 151 шақырым және 126 шақырым жылдамдықпен жүрген. Сот мұндай әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіріп, қоғамдық тәртіпке құрметсіздік танытқанын атап өтті.

Сот отырысында азамат өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізді. Сондай-ақ көлікті көбіне өзі басқарғанын және бұған дейін салынған барлық әкімшілік айыппұлдарды төлегенін растады.

Сот оның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, «Сергек» фото-бейнетіркеу жүйесінің материалдарымен, арнайы есепке алу деректерімен және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің мәліметтерімен дәлелденгенін хабарлады.

Іс материалдарын зерделеген сот азаматты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша кінәлі деп танып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.

Жаза тағайындау кезінде сот құқық бұзушылықтардың жүйелі түрде жасалғанын, әрекеттердің қасақана болғанын, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына төнген қауіпті, сондай-ақ жүргізушінің жыл басынан бері әкімшілік жауапкершілікке 80-нен астам рет тартылғанын ескерді.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу