Путиннің кеңесшісі: «КСРО ресми тараған жоқ»...

«Заңдық тұрғыдан КСРО әлі де бар» деген «Орыс әлемінің» үгітшілері келмеске кеткен КСРО-ны тірілту идеясын тағы да ақпараттық майданға алып шықты.
«Заңды түрде КСРО әлі бар. КСРО-ны жою рәсімі бұзылды және Кеңес Одағының таратылуы заңсыз болды». Бұл көшедегі көптің бірінің емес, білдей Ресей президенті Путиннің кеңесшісі Антон Кобяков дегеннің сөздері.
«Егер халық депутаттары съезі, яғни 1922 жылы Кеңестер съезі КСРО-ны құрса, онда оны осы депутаттар съезінің шешімімен тарату керек еді», - деп лепіреді әлгі Кобяков. Әрі қарай: «Оның орнына 1991 жылғы 8 желтоқсанда «Беловеж іс-шарасы» өтті, нәтижесінде елдің жаңа заңды мәртебеге көшуінің барлық құқықтық нормалары бұзылды», - дейді Путиннің кеңесшісі.
Антоша қызды-қыздымен: «КСРО аумағындағы барлық посткеңестік мемлекеттер КСРО халықаралық ережелері мен заңдарын, Ресей, Украина, Белоруссия және басқа да қатысушылар арасындағы құқықтық мирасқорлық, меншікті беру туралы құжаттарды бұза отырып құрылған және легитимсіз билік», - дейді. Ослайша РФ Президентінің кеңесшісі Антон Кобяков өзін де, өзгелерді де өз өтірігіне сендімек болады.
Кобяковтің бұл пікірі әуелі Ресей коммунистері арасында кеңінен тарап, кейін оның керекті жерін Путин иделогтары өз қажетіне жаратып, дәл қазір Кремльдің маңайындағы елдерге көресететін дөңайбатына айналған.
Бұрын қазақ пен украинде «мемлекет болған жоқ» деп көкіген Кремль енді, «ТМД елдерінің мемлекеттері заңсыз құрылған» деген идеяны ту қылып көтеріп отыр. Бұған орыс тілді жұртшылық әбден сенеді.
Ал өзін Ресейдің жаңа тарихына І Петрден кейінгі орыс жерін жинаушы ретінде немесе «екінші» Сталин болып енгісі келетін Кремль қожайынына мұндай пікірлер майдай жағады. Бұл арада бір айта кетерлігі – Путиннің Ресейдегі қасыластарының өзі де КСРО-ның құлағанын «Орыстың ұлттық трагедиясы» санайды.
Көршінің көлеңкесі осылай қимылдайды. Қазақстан билігі мұндай жағдайда әбжіл қимылдап, түрлі арандатуларға сақ болуы керек-ақ!
Нұргелді Әбдіғани, журналист
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
