Қарағанды шахтасында 20 кенші қаза тапты

 Қ. Тоқаев «АрселорМитталТеміртау»-мен жұмысты тоқтауға тапсырма берді

  • 28.10.2023

Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада бүгін таңертең өрт шығып, сағат 11-дегі мәлімет бойынша  20 кенші қаза тапты. Өрт шыққан сәтте шахтада 252 адам болған. Оның 205 таңғы мәлімет бойынша жер бетіне шығарылған. Отыз шақты кенші түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Шахта астында кеншілерді іздеу жұмыстары да жүріп жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, Қарағандыға арнайы барды. 
"Президент апаттың мән-жайын анықтау, кеншілерді құтқару және зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына шұғыл көмек көрсетілетінін жеткізді. Мемлекет басшысы ертең, яғни 29 қазанды елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялайтынын айтты",- деп хабарлады оның баспасөз хатшысы Б.Уәли.

Сондай-ақ, президент Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

Ал Бас прокуратурасы Костенко  шахтасындағы өртке қатысты тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.

Үкіметке кеншілердің отбасыларына қажетті көмек көрсетуді тапсырылған.

Жалпы, «АрселорМитталТеміртау» компаниясына қарасты кен орындарында апат жиі болып тұрады. Мәселен, биыл 17 тамызда «Қазақстан» шахтасында жарылыс болып, бес кенші қаза тапқан еді.

Ол кезде де көңіл айтылған. Үкіметтік көмек көрсетілген. Сосын, «АрселорМитталТеміртау» компаниясына еңбек қауіпсіздігін күшейтуге өтініш айтылған. Бұл жолы президент «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен жұмыс істеуді тоқтатуға тапсырма беріп отыр.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясына Қарағанды көмір бассейніндегі  шахталар мен Теміртаудағы металлургия комбинаты және қаладағы инфрақұрылым нысандары қарайды. «АрселорМиттал Теміртаудың»  қожайыны арғы тегі үнді британдық миллиардер Лакшми Миттал.

(басты беттегі көрнекі фото dela.ru сайтынан алынды)