Қаралы қаңтарға 1 жыл. Назарбаевтан бас тарту процесі немен аяқталады?

Бұрынғы президентті құрбандыққа шалуы мүмкін

Олжас Қасым

  • 30.12.2022

Мәжіліс депутаттары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты «Елбасы» мәртебесінен айыратын заң жобасын қарауына алды. Бұл норма «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы»  конституциялық заңының жобасында жазылған.   Құжатты Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов таныстырып,     оның республикалық референдум қорытындылары бойынша әзірленгенін айтты.   Назарбаевты «Елбасы» мәртебесінен айыру бойынша қозғалыс биыл маусым айындағы республикалық референдумнан шыққан.    Жыл аяғы болса да, заң жобасы Парламент қарауына енді жетіп отыр.  Қалай дегенмен де, Назарбаевсыздандыру үрдісі  жыл бойына жүрді. Оның соңы не болмақ?    

Қаңтар оқиғасы 

Қаралы қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда Назарбаевтан бас тарту әрекеттері белең алды. Жыл басындағы дүрбелеңнен соң бұрынғы Президенттен  Қауіпсіздік кеңесі басшылығын Тоқаевтың алуы  оның билігін әлсіретуге бағытталған алғашқы қадам болды. Бұған дейін биліктің басында отырған, мемлекеттің қазынасын толық уысында ұстаған туыстары мен кадрлары бірінің артынан бірі қызметтен кетті.  Біразы түрлі айып арқалап, түрмеге қамалды.   Ірі олигархтарға тиесілі болып келген кәсіпорындар мемлекеттің қарамағына өтті.

Оқи отырыңыз: Шәміл Әбілтай: «Елбасы» күйін өртеп жібердім, Тоқаевтың үндеуінен соң жаңа күй шығардым  

Қаңтар бұлғағынан соң өткен мәжіліс отырысында Президент Тоқаев Назарбаевтың билігі кезінде Қазақстанда қалыптасқан ахуалды сынап, мінегені есімізде. Осыған дейін әр сөзін «Елбасының арқасында...» деп бастайтын Тоқаевтың пікірі басқаша сипатта өрбіді.   

«Бірінші президент – Елбасының арқасында елде өте табысты компаниялар мен тіпті, халықаралық стандарттар бойынша бай адамдар тобы пайда болды»...  «Халыққа тиесіліні өзіне қайтарып, оған жүйелі және тұрақты негізде көмек көрсететін уақыт жетті деп ойлаймын...» деп бұрынғы билік ұстанымдарынан бас тартуға деген әрекеттері байқалды.  

Биыл 5 маусымда конституцияға өзгеріс енгізуді көздейтін республикалық референдум өткені мәлім.  Соның нәтижесінде Ата заңға бірқатар өзгеріс енгізілді. Референдум өткізудің бір мақсаты да сол -  Назарбаевқа негізгі заңда бекітілген артықшылықтарды жою еді.   8 маусымда Заңмен Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Ата Заңның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды.  

Назарбаев референдумға барып, дауыс берді 

Ал бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевты «Елбасы» мәртебесінен айыру жұмыстары  биыл маусым айында басталған.  Содан бері 7 ай өтсе де жұмыс сағызша созылып келеді. Кеше ғана депутаттар осы жөніндегі заң жобасын қарауына алды. Әзірше,  Тұңғыш Президент – Елбасы туралы конституциялық заңның  күшi жойылмай тұр.  Егер билік  референдум қорытындыларын нәтижелі аяқтаймыз десе көп ұзамай Елбасы мәртебесін алып тастауға тиіс. Нақты шешім не де болса, қаңтардың 5-6 ларына таман шығып қалар деп ойлаймыз. 

Назарбаевсыздандыру науқанының тағы бір көрінісі – Астана атауының қайтарылуы. 17 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының атауын Астана деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды. Сонымен қатар, Конституцияға ел астанасының атауын «Астана» деп өзгерту жөнінде түзету енгізілді.  Бұл бастаманы 2 қыркүйекте «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері көтерген еді. 

"Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының мүшелері

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Бірнеше жыл бұрын елорданың атауын өзгерткеннен бастап қоғамның ішінде пікірталас толастамады. Әлі күнге дейін жүріп жатыр. Халық арасында алуан түрлі пікір бар. Соның көбісі бұрынғы атауын қайтаруға қатысты. Сондықтан депутаттар «халық үніне құлақ асатын мемлекет» ретінде халықтың үніне құлақ асу қажет деген ұсыныспен осы мәселені көтерді», - деп бастаманың себебін  түсіндірген еді.

Сөйтіп, Елбасының атын мәңгі сақтау үшін Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өзгертілген қала атауы қайта өзгертілді.  Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы 23 наурызда Астана атауы ресми түрде Нұр-Сұлтан деп өзгертілді. «Астана» атауын қайтаруға бейіл, «халық үніне» құлақ асқыш депутаттар кезінде шаһарды Нұр-Сұлтан атайық деген ұсынысты қос қолын көтеріп қолдаған еді.   

Назарбаевсыздандыру үрдісінің бір ұшы – Тұңғыш Президент мерекесіне де қатысты.  29 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір заңдарға өзгеріс жасады. Осылайша, Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тасталды. Осыған дейін 9 мәрте тойланып келген мереке күнтізбеден сызылды. Есесіне, кезінде Назарбаевтың пәрменімен күшін жойған Республика күні ұлттық мерекелер тізімін толықтырды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімінде

Биыл 22 қарашада кезектен тыс сайлау өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланды. Президентті ұлықтау рәсіміне Назарбаев қатысқанымен, оны дабырайтып көрсеткен жоқ.  Әлеуметтік желіге тараған видеоларда Назарбаевтың бейнесі толық кадрда көрсетілмеді. 2019 жылы Тоқаев бірінші рет билік тізгінін алғанда Назарбаев құрметті ақсақал ретінде алдыңғы қатарда отырып, рәсім соңында Тоқаев оның қолын алған болатын.  2019 жылғы сайлауда Тоқаев мемлекеттің басқару ісіне келгенін тікелей Н.Назарбаевтың стратегиясымен байланыстырған. 

Оқи отырыңыз: Тоқаевтың ұлықталуы. Назарбаевты көрсетпеу

«Ақиқатын айтуымыз керек, бұл сайлауда біздің азаматтарымыз  Елбасының стратегиялық бағдарын қолдап дауыс берді! Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған даму моделін жасады. Қазақстанның көк туын дүние жүзінің түкпір-түкпірінде желбіретті. Осы күндері менің атыма азаматтарымыздан көптеген өтініш-тілектер келіп түсуде. Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек бар: Елбасымыздың жолын, Стратегиясын сақтау және оны одан әрі нығайту. Шын мәнінде, халықтың Дәл осындай өтініш-тілек айтуы – заңды, орынды. Себебі, қазіргі дамыған Қазақстан – бұл, ең алдымен, Елбасының арқасы". Алайда,  Қ.Тоқаев ұлықтау рәсімінде Н.Назарбаев туралы ләм-мим демеді,  тек әл-Фараби, Мағжан Жұмабайұлының сөздері мен халықтық мақалдарды мысалға келтірді.

Жыл бойғы жасалған әрекеттерден қазіргі биліктің Назарбаевты мүлдем көмескі ету мақсаты жатқандай көрінеді. Десек те, көптің көкейіндегі сауал «Назарбаевтың ендігі тағдыры не болмақпен» байланысты. Жақында Азаттық сайтына сұхбатберген саясаттанушы Досым Сәтбаев «... Бірінші Президенттің тағдырын Путинмен келісіп, Тоқаевтың өзі шешеді: не оны саяси сахнадан біржола кеткен қарапайым зейнеткер күйінде қалдырады, не «Қаңтар оқиғасына бірінші президент кінәлі» деп қатаң саясат жүргізеді» деп болжам жасапты. Malim.kz тілшісі экс-президенттен бас тарту шараларының соңы қалай болатыны жөнінде  саясаттанушы   Дос Көшімнің де пікірін білді. Оның айтуынша, мұның бәрі жасанды мәселе, саяси ойын ғана. 

«Жүйені сақтап қалу үшін Назарбаевтың жақындарын Қайрат Сатыбалдыны, Кәрім Мәсімовті  түрмеге қамады, өзге туыстары, күйеубалалары шетел асты. Қысқасы президенттің фамилиясын алғандар жазаға тартылып жатқандай.   Өзіне тиіскен жоқ. Ары қарай не болатыны бұлыңғыр. Назарбаев өзіне қарсы жасалып жатқан әрекеттерді біліп-көріп отыр. Ол егер, Қаңтар оқиғасына кінәлі болса, «мені ашық тексеріңдер» деуі керек еді. Тоқаев та «тексереміз» деп нақты айтуы тиіс болатын. Мәселе сонда. Тоқаев оның байлығына, дүние-мүлкіне де тиіспеді. «Қазақстан байлығының тең жартысына 162 адам иелік етеді» деді де қойды. Жеген ақшасын қайтарғандай болғаны 5-6 адам ғана. Сондықтан қазіргі билік қоғамдық комиссия құрып, барлығын тексеру керек. Прокуратура емес. Әл әзір Назарбаевқа ештеңе де болмайды. Мүмкін, Тоқаев жүйесіне қатты қауіп төнсе ғана  Назарбаевты құрбандыққа шалуы мүмкін. Халық тарапынан  қысым мықты болса, экс-президентке де қыспаққа алуы кәдік. Сондықтан, халық оянуы керек. Қоғамдық комиссия құрылуы қажет»,-дейді ол.

Саяси сарапшылардың сөзінше, есік қағып тұрған 2023 жылы Назарбаевтан бас тарту процесі жаңаша қарқын алуы мүмкін. Қаңтар оқиғасына да күні ертең 1 жыл толмақ. Не де болса, жаңа жылдан қандай да бір өзгеріс күтеміз.  

Фотолар ашық дереккөзден алынды    

   

Байланысты жаналықтар

Азия чемпионатының ақтық сынында 9 боксшы алтынға таласады

11.12.2024

Алматыда мектеп жанынан ер адамның мәйіті табылды

10.12.2024

«1 млрд жымқырды» деп айыпталған экс-шенеунік Болат Мажағұловтың соты өтуде

09.12.2024

Алматыда автобуста оқушыны ұрған тұрғын ұсталды

09.12.2024

Жыл қорытындысы: 6 млн ішкі туристен 224 млрд теңге кіріс келген

09.12.2024

Конькимен жүгіруден әлем кубогінде жасөспірімдер құрамасы қол жүлде иеленді

08.12.2024
MalimBlocks
Азия чемпионатының ақтық сынында 9 боксшы алтынға таласады

Қазақстандық 7 боксшы Өзбекстан өкілімен жұдырықтасады

Алматыда мектеп жанынан ер адамның мәйіті табылды

Қазір тергеу жүргізіліп жатыр

«1 млрд жымқырды» деп айыпталған экс-шенеунік Болат Мажағұловтың соты өтуде

Екі күдікті де тағылған айыптармен келіспей отыр

Алматыда автобуста оқушыны ұрған тұрғын ұсталды

Қыздың бетіне соққы жасап, көзілдірігін жұлып алып, сындырып тастаған

Жыл қорытындысы: 6 млн ішкі туристен 224 млрд теңге кіріс келген

Конькимен жүгіруден әлем кубогінде жасөспірімдер құрамасы қол жүлде иеленді

Кубок жарысы Польшада өтті