457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Қазақстан - Қытай серіктестігі жаңа деңгейге көтерілуде - сарапшы Жақсыбек Жиеналиев

Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара байланыс пен экономикалық әріптестік бүгінде жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Осы орайда, Астанада өтіп жатқан «Орталық Азия – Қытай» саммиті жайлы «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ MediaLab орталығы Әдістемелік сүйемелдеу басқармасының басшысы Жақсыбек Ақтілеуұлымен сұхбаттасқан едік.


– Жақсыбек мырза, Астанада өтіп жатқан саммиттің маңыздылығы туралы айтып берсеңіз. Бұл алаң қандай рөл атқарады?

– Бұл саммит – Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы жоғары деңгейдегі жаңа форматтағы диалог алаңы. Ол өңірлік қауіпсіздік пен экономикалық даму тұрғысынан өте өзекті. Саммит аясында инфрақұрылым, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика, сондай-ақ цифрлық трансформация сияқты маңызды бағыттар қамтылды. Бұл бастама алғаш рет 2023 жылы Қытайдың Сиань қаласында өткен еді. Енді Астанадағы саммит сол диалогты жалғастырып, нақты нәтижелерге жол ашады деп ойлаймын.

Қазір әлемде геосаяси тұрақсыздық күшейіп, болашақты болжау барған сайын күрделеніп барады. Сондықтан мұндай диалог алаңдары бейбіт ынтымақтастықты нығайтып, өзара сенім қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Қытай тарапы бұл диалог арқылы өңірмен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға ұмтылып отыр. Ал Орталық Азия елдері болса, өзара мүдделерін үйлестіріп, сыртқы саясаттағы рөлін күшейтуге тырысып келеді.

– Қазақстан үшін бұл саммиттің негізгі мәні неде?

– Қазақстан үшін бұл – ең алдымен экономикалық әріптестікті нығайтудың нақты құралы. Қытай – еліміздің ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Бүгінде екіжақты сауда көлемі 30 миллиард долларға жетті. Оның ішінде Қазақстанның Қытайға экспорты 15,8 миллиард долларды құрап отыр. Бұл – қазақстандық өнімдерге деген Қытайдағы жоғары сұранысты, әрі еліміздің Азия бағытындағы сауда-экономикалық позициясының күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

– Саммит аясында қандай бастамалар мен нақты жоспарлар қарастырылуда?

– Әрине, бұл саммитта маңызды бастамалар айтылатыны анық. Мәселен, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы көлік дәліздерін дамыту, Транскаспий бағытын жандандыру, шекаралық сауданы жеңілдету, азық-түлік қауіпсіздігі бойынша ортақ іс-қимылдарды жүзеге асыру секілді мәселелер күн тәртібінде тұр. Бұл бағыттардың барлығы Қазақстанның көлік-транзит әлеуетін күшейтіп, аймақтық тұрақтылыққа да үлес қосатыны сөзсіз.

– Сыртқы саясатымыздың көпвекторлы бағытына бұл саммит қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Жалпы, осындай жоғары деңгейдегі кездесулер еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының нақты көрінісі деп айтуға толық негіз бар. Біз ірі державалармен теңгерімді, прагматикалық қарым-қатынас орната отырып, өз ұлттық мүддемізді әрқашан алдыңғы орынға қоямыз. Бұл – тәуелсіз еліміздің ұзақ мерзімді стратегиялық бағыты.

– Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру және технологиялық әріптестік туралы не айтар едіңіз?

– Қазақстан мен Қытайдың білім беру саласындағы ынтымақтастығы тұрақты даму серпінін көрсетіп отыр. Бүгінде Қытай – қазақстандық студенттер үшін ең тартымды бағыттардың біріне айналды. Қазіргі таңда Қытайдың жоғары оқу орындарында еліміздің 14 мыңға жуық азаматы білім алуда.

Сондай-ақ Қазақстанда жетекші қытайлық университеттердің филиалдары ашылып, табысты жұмыс істеп келеді. Мысалы, 2023 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды. Ал 2024 жылы Астана халықаралық университетінде Бейжің тіл және мәдениет университетінің, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да City University of Hong Kong филиалдары жұмысын бастады. Бұл бастамалар білім мен технология саласындағы байланыстарды одан әрі нығайта түсетініне сенім мол.

– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Фото: Ж.Жиеналиевтің фб парақшасынан