Қазақстандағы үш уақыт белдеуі
Бүгінгі ұрпақтың кінәсі жоқ
Қазақстанның жаңа саяси тарихы – елдің болашақ дамуының қандай болатынын айқындайтын бетбұрыс кезеңінде тұр. Тереңнен тартып айтқанда, қазір орын алып жатқан оқиғаның барлығы – ХХ ғасырда шетсіз-шексіз қазақ даласының әр түкпірін дауылды құйындай шайқап өткен ауқымды әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси сүргіндердің салдары мен нәтижесі.
Қазіргі қазақтар үшін талайғасырдан тұратын терең тарихы және ата-бабаның мол мұрасымен мақтану сәнге айналған десе де болады. Әрине, бүгінгі ұрпақтың кінәсі жоқ. Саяси жағдайға байланысты біз өзімізідң этносаяси тарихымыздың елеулі кезеңін сырттан таңылған сценарий бойынша сүруге мәжбүр болдық.
Алайда, бұл жердегі парадокс мынада. Қазақ тарихының алыс тарихы шынтуайтында ұлттың өзін-өзі тану үрдісіне айтарлықтай әсер етпеді. Себебі, бүкіл ХХ ғасыр бойы бізді«қазақтар КСРО деп аталатын ұлы әлеуметтік жобаның арқасында ғана әлемдік өркениеттің субъектісі болып қала алды» деп сендіруге тырысты.
Шынында қазақ тарихының кеңестік кезеңі біз үшін жетістіктер тұрғысынан ең озық болғанымен, ұлы нәубет тұрғысынан ең қорқынышты және өркениет тамырынан алшақтау тұрғысынан ең ауыр кезең болды. Бір жағынан, Құдай бізге ашаршылық тырнағын батырып, аяусыздық танытса, екінші жағынан терең өркениет серпілісіне жол ашып, құрбандықтың орнын толтыруға мүмкіндік бергендей. Бастан өткен барлық зұлматқа қарамастан ХХ ғасырдың дүрбелең дауылдарынан тірі шығып, өзіміздің «менімізді» тапқандай болдық.
Әрине бұл кезең туралы пікір қайшылығы болуы заңдылық. Өткенді ой елегінен өткізіп, терең түсінудің сірә бұл ұзақ та ауыр процесі шығар. Мұндай идеологиялық арылу жолынан тез өте шығу мүмкін емесі түсінікті. Дегенмен, Кеңес дәуірін қабылдау мен түсіндірудің барлық қайшылықтарына қарамастан оның күрделі мұрасы бізге қазақ мемлекетін қайта жаңғыртуға көп кедергісіз кірісіп кетуге мүмкіндік берді. Кім не айтса да, «кеңестік шекпеннің» ішінде өскен біздің кеңестік кезеңіміз ұлы бетбұрыс және қылмысқа толы болғанын мойындау қажет. Әрине, Кеңестік Қазақстанның биік белестерді және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізгенін мақтан тұтамыз. Нақты айтқанда, өнеркәсіп пен қарқынды дамыған ауыл шаруашылығы, озық ғылым және прогрессивті білім беру жүйесі, лайықты медицина және биік өнер жетістіктері болды. Бүгінгі таңдағы қазақ қоғамы бұл жетістіктердің барлығын үнемі еске түсіре бергісі келмейді әрине. Оның үстіне, кеңестік тәжірибені жиі жоққа шығару үрдісі де күшейе түсуде. Буын ауысымен келетін бұл процестің болуы бір жағынан алып қарағанда түсінікті де. Екінші жағынан, ол заманды көзімен көрген алдыңғы буынның қатары да жыл санап сиреп келеді.
1991 жылы ел тәуелсіздігі орнағанда бұл мүмкіндік бізге аспаннан түскен тәңір сыйындай болғаны рас. Әрине, азаттықты үнемі армандадық. Тәуелсіздіктің таңымен өткен соңғы үш онжылдықтың жолына есеп бере отырып, біз мақтанатын да, сонымен қатар, әттеген-айлайтын да сәттер болғанын пайымдаймыз. Ең бастысы біз әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болып таныла алдық. Алайда, ішкі жүйеде көпе-көрнеу жіберіп алған мүмкіндіктеріміз бен айқын сәтсіздіктеріміздің де қатары қалың-ақ.
Басқару тағында ұзақ уақыт билік еткен Клептократия бізге шимайы мол мұра қалдырды. Тұрақсыз экономикадағы – тұрлаусыз валюта, салтқа айналған инфляция. Саясаттағы - непотизм, кәсіби біліктің кедейлігі, тамыр жайған сыбайлас жемқорлық. Күнделікті қоғамдағы трайбализм, непотизм, жершілдік. Бұларға білім беру және мәдениет деңгейінің құлдырауынан туындайтын моральдық деградация және осының барлығының кесірінен орын алатын буын арасындағы түсініспеушілікті де қосуға болады.
Әрине, құлдырау үрдісі тоқтаусыз жүре бермейтіні түсінікті. Оның шырқау шегі – «Қаңтар-2022» оқиғасы болды. Бұл қоғам үшін өте ауыр соққы еді. Оның бүгі мен шігін, жайы мен жапсарын анықтау әлі жалғаса беретін болады. Алайда оны түсінуге тырысудың әрекеті басталып та кетті. Бірақ, нақты ақиқатқа жету үшін өте көп тер төгу қажет болады.
Әзірге бірнеше болжамдарды ғана айта аламыз..
Бірінші, «Қаңтар оқиғасы» – «елбасизм» деп аталатын жеке басқа табыну культіне қызмет еткен алдыңғы саяси биліктің екіжүзді, арсыз саясатының тікелей нәтижесі. Сондықтан, қаңтар кезінде қаза тапқандардың қаны, дағдарысауыртпалығы, елдегі жалпы саяси және экономикалық күйзелістің барлығы да бақай есеп мүдделері үшін өз халқын саяси ойындардың құрбандығына шала салғандардың мойнына жүктелетін ажырық.
Екінші болжам – авторитарлық стратегияның қолдан жасалған «елбасизмге» келтірген моральдық-саяси залалын КСРО-ның ыдырауынан кейін орын алған марксизм теориясының беделін түсірумен салыстыруға болады.
Үшінші, қазақ қоғамы мен қоғамдық пікірдің Президент Қ.Ж. Тоқаевтың жаңа бағдарын жанашырлықпен қолдау жағына өтуі.Өз халқына қатысты жүргізілген авторитарлық «елбасы саясатының» оңбай күйреуі әрине таласыз ақиқат. Оның салдары Қазақстан қоғамы үшін дағдарыс, өмір сүру деңгейінің құлдырауы, әлеуметтік әділдік пен жарқын болашаққа деген сенімнің семуінен басқа ештеңе әкеле алмады.
Әрине, тамыры тереңге кеткен түйіткілдің түйінін қолмен сылығандай оп-оңай кесе салуға келмейді. Оны барынша сақ әрекет ете отырып шешу керек. Қандай қиынға соқса да бұдан басқа жол жоқ. Мұның маңыздылығын дәл қазір президент Қ.Ж. Тоқаевтай жетік түсінетін адам әзірге көзге көрінбейді. Оныңқоғамның саяси құрылымы негіздерін модернизациялау стратегиясында нақтыланған шешімдері бұл болжамымызды дәлелдей түседі. Оның саясаты тарихи процестердің негізіне сүйенеді. Яғни, бұл – жалпы әлемдік дамудың объективті заңдылықтары мен тенденцияларын және себеп-салдарлық байланыстарды талдай отырып, нақты жағдайға дәл талдау жасай алу деген сөз. Бұндай амал-тәсіл оған стратегиялық және тактикалық міндеттерді салқын ақылмен ой елегінен өткізіп, ішкі және сыртқы саяси мақсаттарды, нақты бір саяси бастаманың ойтайлы сәтін дұрыс болжауға мүмкіндік береді. Президент Тоқаевтың «Қаңтар оқиғасынан» кейінгі кезеңдеіске асырған саяси бастамаларының нәтижелі болуы – дәл осындай тәсілдің дұрыстығының арқасы десек қателеспейміз.
Саясат әрқашан нақтылықты талап етеді. Кез-келген саяси оқиға қоғамдағы құбылыстардың жалпы ағынынан бастау алғанымен, оның ары қарай қалай өрбуі саяси шешімдер қабылдайтын тұлғалардың іс-әрекетіне тікелей байланысты. Ортақ идеологияның қазанында пісіп-жетілген саяси көшбасшылардың барлығының ойлау қабілеті мен нақты оқиғаларды ұғыну қасиеті әрқашан да бірдей бола бермейді. Әсіресе, егер мәселе мемлекеттің мүддесі тұрғысынан қаралатын болса. Бұл тұрғыда, Қ.К. Тоқаевтың саяси тұлғасы таптырмас мысал. Салыстыра қарасаң айырмашылық айқындала түседі. Тоқаев қолға алып, жүргізіп келе жатқан саясат – қоғамға ең алдымен тұйықтан шығуға деген үміт сыйлағаны анық. Себебіоның саясаты кейбір ақылға сыймайтын жеке мүдделердің мемлекет пен қоғамның мүддесіне нұқсан келтіруін болдырмауға бағытталғанын қоғам сезіп отыр.
Қазіргі жағдай жайбарақат емес екені анық. Қоғамның саяси һәм экономикалық үрдістері екі бағытта, бөлек жылжып келеді. Нақты айтқанда саяси сахнадағы салмақты өзгерістердің ауаны негізінен ірі монополистер үстемдік етіп отырған экономикалық атмосфераға айтарлықтай әсер етпеген сияқты. Әрине, бұл тұрғыда Үкімет үнсіз, қимылсыз отыр деуге келмес. Министрлер кабинеті қоғамның әлсіз қабатының әлеуметтік жағдайын жақсартуға шара қабылдап-ақ жатыр. Алайда, оның барлығына еңбек өнімділігінің төмендігі мен сауда-қаржылық саладағы тұрақсыздықты одан ары ұшықтырып жіберу қаупі тосқауыл болып отыр. Салдарынан қоғамдағы инфляция өсімі мен жұмыссыздық мәселесі күн санап күрделеніп келеді. Өндірістегі өнім көлемі де азаю үстінде. Сауда ұсынысы мен төлем қабілетінің жетіспеушілігі жағдайды ушықтыра түсуде. Жалпы болжам бойынша, алдағы таяу уақытта экономикалық ахуал тұрақтана қоймайтын сыңайлы.
Дегенмен, бұндай уақытша экономикалық қиындықтарды еңсеруде еліміздің тәжірибесі жоқ емес. Ол үшін ең алдымен бір мүддеге жұмылған тұтас қоғам бірлігі мен сындарлы диалог орната білу қабілеті қажет. Бұл ретте, еліміздің алуан түрлітоптарын саяси мүддеде біріктіруді көздейтін Президент Тоқаев белгілеген саясат– басты шешім жолы болары анық. Мемлекет басшысы кемшіліктер мен қиындықтардың барын ашып айтып келеді. Бұл оның жауапкершіліктен қашпайтынын білдіреді. Басшының осындай қасиеті басқа түскен сынақтардан ел болып бірігіп шығуға деген үміт отын маздата түседі.
Сонымен, сөздің тобықтай түйінін тарқатсақ. Бұрынғы Қазақстан әлі де өткен шақта емес. Оның түрлі белгілері біздің саяси өмірімізде, түрлі мүдделер қақтығысында, ұлттық-патриоттық салада әліде көрініс беріп келеді. Сонымен қатар, келешек Қазақстан да орнай қойған жоқ. Алайда, Президент Тоқаев белгілеген саяси бағыт пен оның саяси ұстанымы көңілде үміт отын маздатады. Сондықтан ескі Қазақстанның күні батып, ал келешектің таңы атып келе жатыр дегеніміз дұрыс болар. Бүгінгі күннің өзгерістері Қазақстанды уақыттың осы үш белдеуінде өзара байланыстырып тұр. Ең бастысы, өткенді ұмытпай, оның сәтсіз сабақтарын келешекте қайталамауға тырысу қажет.
Тимур Сериков