Сарапшы: Тоқаев жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікке нақты баға берді

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатарлық Al Jazeera телеарнасына эксклюзивті сұхбат берді. Сұхбат осы аптада өтіп жатқан Астана халықаралық форумына орайластырылды және ол әлемдік қауымдастықтың назарын тағы да Қазақстанның ішкі-сыртқы саясаттағы рөліне аударды. Мемлекет басшысы елдегі реформаларға әлемде болған көптеген оқиғалар әсер еткенін, сондықтан алға қойған мақсаттарға жетуде табандылық таныту керек деп есептейтінін жеткізді.
Қазақстан сыртқы саясатын реформалап жатыр. Өйткені бұл өте консервативті сала. Бірақ сонымен қатар, ел аумағынан тыс болып жатқан оқиғаларды ескеруіміз қажет. Қазақстан – Еуразияда, әсіресе Орталық Азияда тұрақтылық пен қауіпсіздіктің тірегі. Біз бастапқы күннен бастап ірі державалармен, соның ішінде көршілерімізбен теңгерімді саясат жүргізіп келеміз және сонымен қатар ұлттық мүдделерімізді жүзеге асырып отырмыз. Сондықтан сыртқы саясат бағыты өзгеріп жатыр деп айта алмаймын. Сіз «Орта дәлізді» атап өткеніңіз орынды. Біз көлік бағыттарын әртараптандыруға басымдық беріп отырмыз. Осы тұрғыда Транскаспий көлік дәлізі ерекше мәнге ие. Өздеріңіз білесіздер, біз «Бір белдеу, бір жол» бастамасын қолдаушы белсенді ел болып табыламыз. Бұл бастама алғаш рет Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен Қазақстан астанасында жарияланғаны кездейсоқ емес", – деді Мемлекет басшысы.
Сарапшы мамандар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Al Jazeera телеарнасына берген сұхбаты -Қазақстанның қазіргі ішкі және сыртқы саяси бағыттарын нақты әрі прагматикалық тұрғыда бағамдауға мүмкіндік береді дейді. "Қазақстандық қоғамдық даму институты"КеАҚ МediaLab орталығының сарапшысы Жақсыбек Жиенәлиевтің айтуынша, бұл сұхбатта Қазақстанның реформалық күн тәртібін, сыртқы саясаттағы тепе-тең ұстанымын және геосаяси ахуалға бейімделу қабілетін ашық сипаттап берді.
Бірнеше жыл ішінде мемлекет институционалдық тұрғыдан жаңарып, азаматтық қоғамның рөлі арта түсті. Осындай оң өзгерістерге қарамастан, Президент реформалар жолы жеңіл болмағанын, сыртқы факторлар мен аймақтық тұрақсыздықтардың ықпал еткенін жасырмайды. Бұл - Тоқаевтың шынайы және жауапкершілігі жоғары көшбасшы екенін көрсететін маңызды тұс. Сыртқы саясатқа келсек, Қазақстан көпвекторлы бағытты сақтай отырып, ұлттық мүддені басты орынға қоятынын тағы бір мәрте айқындады. Орта дәліз бен Транскаспий бағыттарының маңыздылығын атап өтуі - елдің көлік-логистика саласындағы стратегиялық көзқарасын білдіреді. Сонымен қатар, Каспий құбыр консорциумына деген сенімді сақтау арқылы Ресеймен стратегиялық серіктестікті нығайту көзделіп отыр. Сонымен қатар, Президент Тоқаевтың Қытаймен қарым-қатынасқа ерекше назар аударуы да маңызды. "Бір белдеу, бір жол" бастамасын қолдай отырып, Қазақстан өз аумағы арқылы өтетін транзиттік мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға ұмтылып отыр. Бұл Қытаймен арадағы стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейге көтеріліп, экономикалық және инфрақұрылымдық интеграцияны тереңдетуге бағытталғанын көрсетеді, -деп пайымдайды ол.
Сұхбаттың маңызды бөлігі - Тоқаевтың Біріккен Ұлттар ұйымын реформалауға қатысты айтқан пікірі. Оның айтуынша, ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесін кеңейту қажет. Оның пікірінше, дамушы мемлекеттер бұл маңызды органға, мүмкін ротация тәртібімен, мүше болуы тиіс. Сонымен қатар Жапония, Германия сияқты ірі державалармен қатар, Азия мен Африка елдері де Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына енуі немесе кем дегенде оның жұмысына белсенді түрде араласуы керек. Президент бұл тәсіл әділ шешім болар еді деп есептейді. Сұхбат барысында ол кейбір ірі мемлекеттердің халықаралық жүйеде оқшауланып бара жатқанын да атап өтті. Бұл үрдіске Қазақстан алаңдаушылықпен қарайтынын білдірді.
Сарапшы Жақсыбек Жиенәлиевтің пікірінше, Президенттің БҰҰ-н реформалау жөніндегі пайымы назар аударарлық. Бұл - Қазақстанның тек аймақтық емес, жаһандық деңгейдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке үлес қосуға дайын екенін білдіреді. Орта державалар рөлін күшейту туралы ұстанымы Қазақстанның бейбіт бастамаларға бейілділігін және дипломатиялық әлеуетін айғақтайды.
«Президент БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қазіргі дағдарысы әлемдік қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қауіп төндіріп отырғанын ашық айтты. Бұл жағдай көптеген ірі державалардың екіжақты қатынастарға көбірек сүйенуі және «Ең алдымен өз елі» деген ұстанымның басым болуы нәтижесінде туындап отыр. Расымен де Қауіпсіздік Кеңесінің қазіргі құрылымы мен жұмыс тәртібі әлемдік өзгерістерге сәйкес келмей қалды. Өзге мемлекеттердің, әсіресе дамушы елдердің қатысуын шектеу, сондай-ақ тұрақты мүшелердің вето құқығын пайдалану тәсілдері шешім қабылдау үдерісін тежейді. Осы себепті, кеңесті реформалау, оның мүшелік құрамын кеңейту және вето құқығын қайта қарау – халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз етер еді. Мемлекет басшысы осы көзқарасымен Қазақстанның қазіргі кезеңдегі саяси бағыты мен халықаралық аренадағы орнына салмақты саяси баға берді», - дейді ол.
Фото: видеодан скрин

Самое читаемое
