Саясаттанушы: БҰҰ - жаһандық тәртіп пен әділеттілік үшін ең тиімді алаң

Қазақстан бітімгершілік күш-жігерімен жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға және орнықты дамуды ілгерілетуге қомақты үлес қосуда. Бұл тұрғыда еліміз Біріккен Ұлттар ұйымының Жарғысы мен әлем жұрты мойындаған халықаралық құқық қағидаттарын басшылыққа алатыны даусыз. Осы тақырыпты халықаралық қатынастар мәселесi бойынша сарапшы, Қазақстандық қоғамдық даму институты Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының басшысы Риззат Тасыммен сұхбаттасқан едік.
- Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ аймақтық орталығын ашу туралы қарар қабылдады. Осы шешім еліміздің әлемдегі ықпалын байқататын сияқты...
- Иә, аталмыш шешім – Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты мен аймақтық интеграцияға қосқан үлесінің логикалық жалғасы. Алматыда БҰҰ-ның осындай мәртебелі аймақтық орталығының ашылуы еліміздің халықаралық ұйымдар алдындағы сенімді серіктес ретіндегі рөлін айқын көрсетеді. Яғни, Қазақстан өзінің бейбіт бастамалары, ядролық қарусыздану саласындағы көшбасшылығы және климаттық өзгерістермен күрестегі рөлі арқылы халықаралық қоғамдастықтың сеніміне ие болды. Сондықтан бұл тек символдық акт қана емес, геосаяси, гуманитарлық және экологиялық салаларда нақты институционалдық жауапкершілік жүктейтін шешім.
Оған қоса, Алматының таңдалуы кездейсоқ емес. Біріншіден, қала – Орталық Азиядағы білім, ғылым және инновация хабы ретінде қалыптасып келеді. Екіншіден, Қазақстан Орнықты даму мақсаттарын ілгерілету бойынша өңірде көшбасшы елдердің қатарында. Мысалы, 2023 жылғы «Sustainable Development Report» мәліметінше, Қазақстан 17 мақсаттың ішінде 9-ы бойынша айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізді. Әсіресе білім беру, гендерлік теңдік, таза су және климат өзгерісіне қарсы күрес бағыттары бойынша прогресс байқалады. Дегенмен, БҰҰ-ның ОДМ жөніндегі есебіне сәйкес, Орталық Азия елдерінің орта есеппен 47% ОДМ индикаторлары бойынша баяу ілгерілеп жатқаны атап өтілді. Осы тұрғыда, меніңше, Алматыдағы орталық осы олқылықтардың орнын толтыратын аймақтық шешімдерді локализациялау алаңына айналады. Үшіншіден, ашылғалы отырған Аймақтық орталық Қазақстанның Орталық Азияны тек экономикалық емес, сонымен қатар әлеуметтік тұрақтылық пен қауіпсіздік аймағына айналдырудағы бастамаларына халықаралық қолдаудың нығаюын білдіреді. БҰҰ құрылымының өзі мұндай орталықтарды геосаяси тұрғыдан стратегиялық маңызы бар аймақтарда ғана ашады. Демек, ол – Қазақстанның Орталық Азиядағы, халықаралық саяси тілмен айтқанда «normative power» ретінде мойындалуының айқын дәлелі.
Ауғанстан факторына келсек, Қазақстан 2021 жылдан бері гуманитарлық бағыттағы жобаларға жетекшілік етіп, Ауған студенттерін оқыту, азық-түлік пен денсаулық сақтау салаларында көмек көрсетіп келеді. Сол себепті, Алматыдағы жаңа орталық тек техникалық көмек көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге Орталық Азия мен Ауғанстан арасындағы экономикалық, гуманитарлық және экологиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталып, БҰҰ Даму бағдарламасы, БҰҰ-ның Әйелдер құрылымы, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының деректері негізінде өңірдегі кедейлік, гендерлік теңсіздік және климаттық тәуекелдер бойынша нақты индикаторлармен жұмыс жасауын күтеміз.
Сондықтан БҰҰ-ның шешімі – еліміздің бейбітшілік пен даму құндылықтарына адалдығының халықаралық деңгейде бағалануы. Қорыта айтқанда, Қазақстанның «smart power», яғни ақылды күш құралдарын тиімді қолдана отырып, аймақтық дипломатия мен тұрақты даму күн тәртібінде жетекші ойыншы ретінде танылғанының көрінісі.
- Сыртқы саясатты үйлесімді жүргізу - еліміздің басым бағыттарының бірі. «Қазақстан БҰҰ-ның күшті болғанын қалайды» деді Президентіміз. Мемлекет басшысы бұл пікірді неге сүйеніп айтты деп ойлайсыз?
- Осы сұраққа жауап беру үшін алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаттағы философиясына, сондай-ақ халықаралық құқық пен көпжақты дипломатияға негізделген ұстанымдарына назар аудару қажет. Ол «Қазақстан БҰҰ-ның күшті болғанын қалайды» деп айту арқылы еліміздің көпжақты жүйедегі орны мен мүддесін стратегиялық тұрғыдан айқындап отыр. Оны мен бірнеше факторға сүйеніп, тұжырымдап отырмын.
Алдымен, Қазақстан – халықаралық қатынастарда мультилатерализм қағидасына, яғни көпжақты ынтымақтастыққа дәйекті түрде арқа сүйейтін мемлекет. Қазіргі әлемдегі «polycentric system», яки көп орталықты жүйе жағдайында, БҰҰ сияқты әмбебап институттардың рөлі әлсіреген сайын халықаралық қатынастарда тұрақсыздық пен күш саясаты басым бола бастайды. Қазақстан үшін ол дегеніміз – геосаяси қауіп-қатерлердің күшеюі, әсіресе Орталық Азиядағы осал тұстардың ұлғаюы деген сөз.
Оған қоса, Президент Тоқаевтың өзі – БҰҰ жүйесінде ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған кәсіби дипломат. Ол Бас хатшының орынбасары ретінде 2011–2013 жылдары Женевадағы БҰҰ кеңсесін басқарған. Яғни, құрылымның ішкі механизмдерін, әлеуеті мен шектеулерін жақсы түсінеді.
Сонымен қатар, Қазақстан БҰҰ алаңында бірқатар бастамаларды сәтті ілгерілеткен ел. Мысалы, Ядролық қарудан азат әлем құру, Межелі медиаторлық бастамалар, Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық сияқты ұсыныстар – Қазақстанның БҰҰ-дағы белсенді жұмысының нәтижесі. 2017–2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болған кезде де Қазақстан жаһандық қауіпсіздік, терроризмге қарсы күрес, Ауғанстан мәселелері бойынша сындарлы ұстаным ұсынды.
Шынымен, қазіргі таңда әлемде «rules-based international order» – ережеге негізделген халықаралық тәртіп дағдарысқа ұшырап отыр. Қазақстанның бейтарап әрі конструктивті сыртқы саясаты үшін БҰҰ сол тәртіпті сақтаудың негізгі тетігі. Сондықтан Президент БҰҰ-ның рөлін күшейтуді ашық қолдап отыр.
Жалпы, осы сарындағы пікірлер Қазақстанның сыртқы саясатының сабақтастығы мен прагматикалық бағытының көрінісі. БҰҰ Қазақстан үшін халықаралық қауіпсіздік, даму және ынтымақтастықтың басты платформасы. Осы платформа күшейсе, Қазақстанның да ұлттық мүдделері мен өңірлік тұрақтылыққа қосар үлесі арта түседі.
Көбіне Президент Қ. Тоқаевтың 2022 жылғы БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясындағы Жалпы пікірсайыстарда сөйлеген сөзін қайта саралауға кеңес берер едім, онда бүгінгі «Stq» симптомы нақты айтылды «Тәртіп пен жауапкершілікке негізделген әрі бұрын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаос пен болжауға келмейтін жағдай басып отыр. Тежемелік және тепе-теңдіктің жаһандық жүйесі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қала алмады. Қауіпсіздік архитектурасы келмеске кетіп барады». Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесінің күйреуін сипаттайтын дәлелді әрі алаңдатарлық баға. Осы ретте Президент БҰҰ-ны реформалау мен оның рөлін күшейту қажеттігін де атап өтті. Оның пайымдауынша, мемлекеттер егемендігінің теңдігі, мемлекеттердің территориялық тұтастығы, мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі сынды үш іргелі қағида өзара тығыз байланысты және олардың бірінің бұзылуы автоматты түрде екіншісіне де нұқсан келтіреді. Тұжырым, әсіресе, қазіргі геосаяси шиеленіс мен қарулану жарысының үдеп бара жатқан жағдайында өзекті. Осылайша еліміз үшін көпжақты дипломатия – халықаралық тұрақтылықтың негізі. Елдің сыртқы саясаты ұзақ мерзімді стратегиялық дербестік және инклюзивті көпжақтылық қағидаттарына сүйенетінін ескерсек, қанша сын көп айтылғанымен БҰҰ жаһандық тәртіп пен әділеттілік үшін ең тиімді алаң. Сондықтан мемлекеттердің көбі БҰҰ-ның күшті, әділ және нәтижелі болуын қалайды.
- Қазір сын-қатерлер уақытымен бетпе бет келіп отырмыз. Елдер арасында соғыс өрті басылмай тұрғаны мәлім. Осы тұста БҰҰ-ның рөлі қандай болуға тиісті?
- Иә, расында да, біз қазіргі таңда әлемдік тәртіптің жаңа дағдарыс кезеңіне аяқ бастық. Президент Тоқаевтың сөзімен айтсақ, «бұрыннан қалыптасқан халықаралық жүйе тәртіп пен жауапкершілікке негізделген болатын, алайда қазір ол хаос пен болжап болмайтын ахуалдың алдында әлсіреп отыр». Расында, аса алаңдатарлық үрдіс, себебі мемлекеттер арасындағы сенім дағдарысы, соғыстар мен әскери текетірестер БҰҰ-ның басты миссиясына – бейбітшілікті сақтау мен алдын алу міндетіне тікелей қауіп төндіруде.
Біздің заман – полидағдарыс дәуірінің бастамасы. 2023–2033 жылдарды сарапшылар бекерден-бекер «дағдарыстар онжылдығы» деп атап отырған жоқ. Бұл кезеңде бұрынғы және жаңа сипаттағы қатерлер – инфляция, өмір сүру құнының артуы, сауда соғыстары, әлеуметтік толқулар, ядролық соғыс қаупі, геосаяси текетірестер, сондай-ақ климат өзгерісі, технологиялардың екіжақты қолданылуы, деглобализация және адам капиталы дамуының тоқырауы бір-бірімен қабаттасып, өзара байланысқан жүйелік күйзелістерге алып келуде. Дәл осы полидағдарыс деп аталатын күрделі құбылыс қауіп-қатерлерді тек қатарласып қоймай, бір-бірін күшейтіп, жаһандық тұрақсыздықты бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізуде.
Осындай күрделі әрі турбулентті заманда БҰҰ-ның рөлі бұрынғыдан да маңызды бола түседі.
Осындай сын-қатерлер жағдайында БҰҰ-ның рөлі реактивті емес, проактивті болуға тиіс. Бұл дегеніміз:
БҰҰ тек қақтығыстар басталған соң ғана араласпай, олардың тамырын ерте кезеңде анықтап, алдын алу дипломатиясы құралдарын белсенді қолдануы тиіс. Ол үшін дағдарыстардың себептерін, яғни кедейлік, әлеуметтік теңсіздік, ресурс үшін тартыс сияқты мәселелерді жүйелі түрде шешу маңызды.Осы орайда БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары бағдарламасы – бейбітшілікке апарар ұзақ мерзімді жол.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда геосаяси блоктар қалыптасып, «жаңа бөліну сызықтары» пайда болуда. Ондай жағдайда БҰҰ – тек ірі державалардың емес, барлық мемлекеттердің мүдделерін тең дәрежеде ескеретін бейтарап алаң болып қалуы қажет. Қазақстанның да көздегені осы.
Сондай-ақ, жаһандық қаруды таратпау және қарусыздану жүйесі тоқырау үстінде. Осы бағытта Қазақстан ядролық сынақтарға тыйым салу, Семей полигонын жабу сияқты бастамалар арқылы моральдық көшбасшы болып қала береді. Меніңше, Қазақстан БҰҰ-мен бірлесе осындай бастамаларды жаһандық деңгейде қайта жандандыруы тиіс.
Ойымды қорытындылайтын болсам, БҰҰ бүгін тек декларациялар қабылдайтын ұйым емес, жаһандық моральдық және институционалдық көшбасшылықтың символы мәртебесін өзіне қайтару керек. Ал Қазақстан қоғамы БҰҰ-ның жаңғыруын қолдай отырып, оның әмбебап, әділ және тиімді құрылымға айналуына белсенді үлес қосуға дайын. Өйткені бұл бейбіт болашақтың кепілі болмақ.
Сұхбатыңызға рақмет!
Фото: Р.Тасымның мұрағатынан

Самое читаемое
