ШЫҰ саммиті: Қазақстанның саяси-экономикалық ахуалына тигізер ықпалы қандай?
Экология, мәдениет, климат, гуманитарлық сала бойынша бір кеңсе немесе штаб Қазақстанның аумағында құрылуы керек
Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп жатыр. Астанадағы жиынға 16 елдің басшылары мен премьер-министрлері, сондай-ақ 7 халықаралық ұйымның жетекшісі қатысуда. Биылғы Астана саммиті 2 форматта өрбиді. Ең біріншісі мемлекет басшыларының 24-ші мәрте өтіп отырған кеңесі. Екіншісі Шанхай + форматындағы кездесу. Бұл жиынға Біріккен Араб әмірліктері, Катар әмірі, Түркі мемлекеттерінен Түркменстан, Түркия қатыспақ. Сондықтан, Астанаға келген делегаттардың, БАҚ өкілдерінің саны әлемнің назарын Қазақстанға аударатыны белгілі. Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің Қазақстанның саяси-экономикалық ахуалына тигізер ықпалы қандай болмақ? Маңызды мәжіліс жаһандық деңгейде қордаланған өткір түйткілдерді шешуге әсер ете ала ма? Malim.kz сарапшы мамандардың пікір-пайымын білуге тырысты.
Қазақстан үш қауіптен бөлек қатерлерді де ескеру керегін айтып келеді
ҚҚДИ сарапшысы, шығыстанушы Олжас Бейсенбаев:
Біріншіден, Қазақстан осы алаңды пайдаланып, өзінің бастамаларын жүзеге асыра алады. Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен бір жыл ішінде 150-ге жуық іс-шара өткізілген. Алматы ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасы болып жарияланды.
Осы алаңдардың барлығында, экология, ерекше қорғалатын табиғи орындарды бірлесіп пайдалану, су шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, жасыл экономика, цифрлық қауіпсіздік мәселелері қарастырылып келеді. Екіншіден, қалай дегенмен де ірі мемлекеттердің ықпалы болады. Мысалы, Қытай, Ресей, Үндістан және басқа да мемлекеттер Біріккен Ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесінің мүшелері. Саны жөнінен де, ауқымы жағынан да үлкен державалар. Сондықтан, олардың бастамаларын біз тек іске асырып, қабылдап қана қоймай, өз ұсыныс-жоспарларымызды да алаңға шығарамыз. Президент Тоқаевтың ұсынып келе жатқан әділетті әлемнің формуласын құру туралы, әділ бейбітшілік пен келісім бастамасының өзі Астана декларациясына енеді деп отырмыз.
Сонымен қатар, 2025-27 жылдарға арналған Шанхай ынтымақтастық ұйымының үш қауіпке, сеператизм, терроризм, экстремизмге қарсы стратегиясын қабылдау, одан кейін энергетикалық ынтымақтастық пен экономикалық ұйымның дамуы жөніндегі стратегиясын қабылдау туралы біздің тарап табанды түрде ұсынып келе жатыр. Қазір осы үшеуі ғана емес, қауіптің түрлері көбейген. Айталық, киберқылмыс, ақпараттық шабуылдар, есірткі тасымалы, ұйымдасқан қылмыстық топтардың жұмысы, трансұлттық деңгейдегі қауіп-қатар артып кеткен. 2023 жылғы The Economist Intelligence зерттеулеріндегі терроризм индексін қарайтын болсақ, халықаралық ауқымды бұл сын-қатерлер әлі де сейілді деп айта алмаймыз. Таяу шығыстағы, Газа секторындағы мәселелерге қатысты ұйымның позициясы Астана декларациясында жарияланады деп ойлаймын,-дейді сарапшы.
Қазақстан мен Қытай арасындағы ақша айналымы 41 миллиард доллар
Экономист Бауыржан Ысқақов Қазақстан үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен бір жыл жемісті болды деп бағалайды.
«ШЫҰ саммитінің біздің елде болып жатқандығы, Қазақстанның ұйымға төрағалық етуі, қорытындылауы халықаралық дәрежедегі үлкен іс-шара. Бұл өз кезегінде бізге ғана емес, саммитке қатысып отырған мемлекеттердің бәріне пайдасы бар. Ол мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктерін ашуға үлкен жағдай жасайтын бағыт. Екіншіден, Үндістан мен Пәкістан арасындағы кикілжіңді шешетін орын ретінде Қазақстанның болуы. Сондай-ақ, санкциялық жағдайға түсіп қалған Ресейдің экономикалық-саяси позициясы әлсіреген уақытта ШЫҰ нәтижесінде кейбір энергетикалық, экономикалық басқа да елдің дамуына қажетті салаларды реттеп алуға қолайлы жер. Беларусь мемлекетінің ұйымға мүше болуға талпынысының өзі де Қазақстанның жас мемлекет еместігін көрсетіп отыр.»,-дейді Бауыржан Ысқақов.
Сарапшылар атқарылған жұмыстардан бөлек, әлі де ойланатын тұстар бар екенін алға тартады. Мәселен, ұйымның жұмысын жетілдіру бойынша да шешімдер қабылдануы тиіс дейді олар.
«Келесі төрағалық Қазақстаннан кейін Қытайға ойысады. Мәдени астанасы Алматыдан Чиңдаға ауысады. Бас штаб Бейжіңде орналасқан. Өңірлік террорға қарсы құрылым Ташкент қаласында. Ұйымның ауқымының кеңеюіне, мақсат-міндеттерінің артуына байланысты алдағы уақытта экология, мәдениет, климат, гуманитарлық сала бойынша бір кеңсе немесе штаб Қазақстанның аумағында құрылуы керек деп ойлаймын. Бұл Қазақстанының осы ұйымдағы үлесін, позициясын нығайтар еді. Бастапқыда ұйым мүшелігінде 6 мемлекет болса,одан кейін Иран, Үндістан, Пәкістан қосылды. Енді Беларусь қосылғалы отыр. Сондықтан, ұйымның ішкі жұмыс тәртібіне де өзгерістер мен толықтырулар енгізетін кез келген секілді. Мәселен, ұйымның жұмыс тілі – қытай және орыс тілдері. Алдағы уақытта немесе осы саммиттен бастап мемлекеттердің сұранысын ескере отырып жұмыс тілі ағылшын тіліне де көшуі керек», - деп бағамдайды О.Бейсенбаев.
Қаржыгер Бауыржан Ысқақов екі мемлекет арасында 45 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын айтады. «Алайда, бұл көп емес. Енді электронды сауда, логистика және көлік-транзит, автомобиль өндірісі, туризм мен қаржы салаларына басымдық берілуі тиіс. Сондай-ақ теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемін де арттыру қажет. Оған салынып жатқан «Аягөз-Бақты», «Қорғас – шығыс қақпасы», Сиан шаһарындағы порттар тиімді үлес қосады. Сонымен қатар, энергетикалық бағытымызды жетілдіруге мүмкіндік алып отырмыз. Астана декларациясының қабылдануы ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі құжатының Қазақстанда қабылдануы әлем елдерінің осы ұйымға қызығушылығын тудыруда. Бұл қазақстанның әлемдік экономикадағы тұрақтылығын көрсетеді» дейді ол.
Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасына өзгелер қалай қарайды?
Қазақстан мен қытай тараптырының экономикалық, саяси-әлеуметтік ынтымақтастығына Батыс елдері мен көршіміз Ресей қалай қарайды? Сарапшылар бұл мәселеге де үңіліп көрді.
«Шанхай ынтымақтастық ұйымының хартиясында көрсетілгендей, қазіргі жекелеген мемлекет басшыларының мәлімдемелеріне қарайтын болсақ, ШЫҰ жабық альянс немесе әскери блок емес. Бұл жерде әр мемлекет Батыс елдерімен дипломатиялық қарым-қатынасын кең ауқымда дамытып келе жатыр. Биылғы саммиттің тақырыбы да көпжақты диалог деп аталады. Батыс мемлекеттері БРИКС-ті сын-тәуекел әкелетін ұйым ретінде қарастыруы мүмкін. Бірақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік үшін маңызды. Және осы материктегі саяси-экономикалық процестер бірқатар елдің қызығушылығын танытып отыр. Белгілі бір жағдайда әсер етеді. Беларустің басқа да мемлекеттердің бақылаушы, құрметті қонақ ретінде келуі ұйымның беделін көрсетеді. Біз Батыстың өзге де елдердің ақпарат құралдарын бақылап отырмыз, ШЫҰ жиынын қауіп-қатер тұрғысынан қарастырмайды»,-деп пайымдайды саясаттанушы Олжас Бейсенбаев.
Айта кетейік, ең алғаш 1996 жылы Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан «Шанхай бестігін» құрған болатын.Соның нәтижесінде 2001 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылды. ШЫҰ-ғаресмитүрде 9 ел мүше, олар: Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан. Қазақстан ұйымға 2004, 2010 және 2016 жылдары төрағалық еткен. Астанадағы саммит қорытындысы аясында әр түрлі салаға қатысты 20-дан астам құжат қабылданады деп күтілуде. Соның ішіндегі басты саяси құжат – астана декларациясы. Аталмыш құжатта ұйымның бір жыл ішіндегі қызметіне қорытынды жасалады.
Фото: Аqorda.kz