Тоқаев сұхбаты. Орыс-қазақ мектебі және АЭС салу шешімі
Ресей президенті В. Путиннің Қазақстанға ресми сапарының қарсаңында Қазақстан президенті Қ.Тоқаевтың ресейлік «Известия» газетіне берген сұхбаты жарияланды.
Ақорда сайты сол сұхбатпен бөлісті.
Сұхбат берушінің айтуынша, Астанада өтетін алдағы кездесудің күн тәртібі өте ауқымды болмақ. Екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелер мен әлемдегі ахуалдың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары сөз болмақ екен.
Сондай-ақ сұхбатта АЭС құрылысы жайы айтылыпты. Оның айтуынша, Қазақстанның атом энергетикасын дамыту әлеуеті мол.
«Елімізде АЭС салуға қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Бір жағынан, Қазақстанның атом энергетикасын дамыту әлеуеті мол. Еліміз табиғи уран өндіру көлемі жөнінен әлемде бірінші орын алады. Сондай-ақ ядролық отын компоненттерін өз елімізде өндіреміз және уранды изотопты байыту жөніндегі қызметтерге қол жеткізе аламыз. Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом электр станциялары үшін дайын ядролық отын шығарылады. Екінші жағынан, көптеген азаматтар мен сарапшылар атом станциясының қауіпсіздігіне күмән келтіреді. Семей ядролық сынақ полигонының ауыр қасіретін ескерсек, мұны түсінуге болады. Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз. Әйтсе де АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданады. Мен 2019 жылғы сайлауалды бағдарламамда аса маңызды стратегиялық проблемаларға қатысты шешім референдум арқылы қабылданады деп мәлімдеген едім,» – депті президент Қ.Тоқаев.
Сұхбатта назар аудартқан және бір мәселе Қазақстанның оңтүстігінде қазақ-орыс мектептерінің ашылу мүмкіндігі. Қазақ президентінің айтуынша, өз кезегінде Қазақстан да Ресейдің шекаралас аумағында сондай мектептердің ашылуына мүдделі.
Тоқаев келтірген дерек бойынша, қазіргі кезде Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент оқып жатыр. Бұл Қ.Тоқаевтың ойынша, «Ресейдің жоғары оқу орындарына деген сұраныс пен жоғары білім әлеуетін айғақтайды».
Сұхбат беруші Қазақстан мен Ресей үкіметі арасында жоғары оқу орындарының бөлімшелерін ашу жөнінде келісімге қол қойылғаны, соның нәтижесінде екі елде «тепе-теңдік негізде жоғары оқу орындарының бөлімшелері» ашылып жатқанын айтып өтіпті. Мысал ретінде, 2024 жылы Дулати атындағы Тараз аймақтық университетінде ресейлік Менделеев атындағы химия-технология университетінің бөлімшесі ашылғанын айтқан.
Бұдан бөлек, Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның оңтүстігінде қазақ-орыс мектептерін ашу жөнінде келіссөз жүріп жатыр.
«Халқымыздың тарихи және мәдени ортақтығын ескере отырып, орта білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша да екі жақта қызығушылық бар. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде бірлескен қазақ-орыс білім беру ұйымдарын құру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр» депі Тоқаев.
Ол Қазақстан Ресейдің шекаралас аумақтарында да сондай мектептердің ашылуына мүдделі екенін айқан.
«Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық екіжақты қатынастың маңызды бөлігі болып қала береді. Біз үшін Ресейдің төл мәдениетімен таныса отырып, әлемді қазақ мәдениетімен таныстыру маңызды»,-депті Қ.Тоқаев. Сұхбатта елде қазақ мектептері жетпей жатқаны айтылмаған.
Фото: aqorda.kz