Атом электр станциясы салынса, онда жұмыс істейтін маман бар ма?

Қазір ел арасында өз жерімізде салынуы мүмкін атом электр станциясына (АЭС) қатысты пікір бір жақты болмай тұр. Бірі қажет дейді. Бірі оны қауіп көреді. Қалай десек те, «Жасыл Қазақстан» жобасында АЭС салу жоспарда бар.

  • 04.07.2023

Озық елдердің бәрі осыдан жарты ғасыр бұрын-ақ АЭС салып алған. Қазір бұл үрдіс Азия құрығына ауысып, атом станциясын салуда Қытай алдына жан салмай келеді. Орталық Азия елдері ішінде Өзбекстан мен Қытай білек сыбанып отыр. Ал Еуропа мен Азияны жалғап тұрған Түркия алпыс жылдағы арманын орындап, биыл күзде ең бірінші АЭС-тері Аккуюді ашпақ. Бұл АЭС мұнай мен газы жоқ, энергетика көздерін 99 пайыз сырттан таситын Түркияға үлкен көмек болмақ. Мәселен, осы стансаның арқасында бейнелеп айтқанда,  енді Ыстамбұл қаласын кемінде 70 жыл жарықпен толықтай қамтамасыз етпек. Бір айта кетерлігі Аккуюдің алдағы жұмысын осы стансаны салған ресейлік мамандар түрік мамандарымен бірге жүргізеді. Яғни, түрік мамандарын оқытып, баптайды.

Оқи отырыңыз: АЭС салатындай Түркияның басына не күн туды?

Осы ретте, егер біздің елде жасыл экономиканың қайнар көзі саналған АЭС-ті салса, онда істейтін маман бар ма деген сұрақ туындайды. Бір айта кетерлігі, Түркиядағыдай емес, бізде шикізат яғни, уран өзімізде бар. Сондай-ақ, Кеңес заманынан ірге қаланған, ғылыми қауқары қатайған Қазақстан атом электр станциясы мен Ядролық физика институты да бар. Біз осы мекемелерге хабарласып, сонда жұмыс істеп жүрген жастарды сөзге тартып көрдік.

 

Не үшін атом саласын таңдадыңыз?

«Әкем полиция қызметкері болғандықтан жұмыс бабымен Курчатов қаласына көшіп келдік. Ал Курчатов деген ғылыми орда ғой. Сыныптастарым көбісі қаладағы ядролық ғылыммен байланысты оқығысы келді. Мен де осы бағытты таңдадым»,- дейді «ҚАЭС» ЖШС бас менеджері Құмар Әусенов (суретте).  

Ал «Ядролық физика институты» РМК ғылыми жұмыстар жөніндегі бас директордың орынбасары Данияр Жансейітовті түсініксіз сұрақтар бала кезден мазалапты: «Мені айналада болып жатқан табиғи бірақ түсініксіз сұрақтар үнемі мазалайтын. Мысалы аспан неге көкпеңбек?  Жер күнді неге айнала қозғалады? Міне, осы қызығушылығым физиканы терең зерттеуіме алып келді. Бұл таңдауыма өкінбеймін. Өйткені, атом электр станциясы қолға алынса, ядролық физика саласы қарыштап дамыйды. Сондай-ақ, соңғы жылдары ғылымға жастарды тарту да жүйелі жүріп жатыр. Бұл жерде мен өз институтымды мақтап отырған жоқпын. Жалпы жағдайды айттым».

Әсет Шаймерденов, «Ядролық физика институты» РМК атом энергиясы қауіпсіздігінің мәселелер жөніндегі зертхана меңгерушісі:

-Кезінде ғалымдардың қалай жұмыс істеп жатқанын үнемі көретінмін. Сол кісілер сияқты үлгі болсам, ғалым болсым деген арман-тілегім болды. Қазір атом энергетикасын дамытсам деген құлшынысым бар.

Диана Мережко, «Ядролық физика институты» РМК радиациялық материалтану зертханасының аға ғылыми қызметкері:

Өзімнің физика саласына түрен салатынымды ертерек білдім. Физиканың өзге салаларын мүлде қарастырған да емеспін. Оқып жүрген кезімде-ақ радиациялық материалтану ғылымымен айналысатынымды нақты белгілеп, осы бағытта алға жылжыдым. Өйткені маған осы сала ғана ұнайды.

 

-Қазақстанға АЭС керек пе? Керек болса, оны салған соң, станцияда  жұмыс істей алатын маман бар ма?

 

«ҚАЭС» ЖШС бас менеджері Құмар Әусенов:

Қазіргі заманда атом энергетикасы 99 пайыз қауіпсіз, экологилық таза болып табылады. Қазақстанда өнеркәсіп қарқынды дамып келеді. Ол көп энергияны қажет етеді. Халық саны да қарқынды өсіп келеді, 20 млн деген межені еңсердік. Қазіргі кезде әр үйде энергия тұтынатын қыска толқынды пеш, кір жуатын машина, тоңазытқыш, бірнеше телефон, теледидар бар. Міне осылардың барлығы электр энергиясын тұтынады. Демек, бізде тұрақты түрде электр генерациясын үнемі қамтамасыз ететін көздер болуы тиіс. Оған атом станциясы жатады.

Көмірге қарағанда бұл әлдеқайда экологиялық таза өндіріс. Бұл біріншіден, екіншіден біз уран өндірісі бойынша әлемде бірінші тұрмыз, уран қорын барлау бойынша екінші орындамыз. Атом станциясына қажетті отын уран екені белгілі. Уран секілді осынша шикізатымыз бар да атом станциямыздың болмауы жалпы дұрыс емес нәрсе. Үшінші фактор мамандар, олар да бізде бар. Қазір біз пульт орталығында тұрмыз. Бұл орын атом станциясына қажетті инженерлерді жалпы персоналдарды дайындауда пайдалануға болады деп ойлаймыз.

Асуан Сиябеков, Қазақстандық атом электр станциялары компаниясының бас маманы: 

АЭС тоқсаныншы жылдардың аяғынан бері айтылып келе жатқан өзекті тақырып десек болады. Біздің білуімізше яғни, тарихқа қарасақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарда қаржылық проблемалардан жабылып қалған сияқты. Бұл менің жеке өз пікірім. Қазір шынымен де «біз дайынбыз» деп айта аламыз. Барлық жерде айтып жүрміз уран өндірісінен біз алдыдамыз деп, біз неге уранды тек шикізат ретінде сатамыз, оны өңдеп басқалай түрде неге сатпасқа?

Әсет Шаймерденов, «Ядролық физика институты» РМК атом энергиясы қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі зертхана меңгерушісі:

Қазақстанның ядролық физика перспиктивасы жарқын деп ойлаймын. Ядролық физика саласы болашақта үлкен жетістіктерге қол жеткізеді деп сенемін.

Біздің серіктестеріміз корейлер бастарынан өткен жағдайды айтып берді.  Кореяда атом станциясын салмақшы болған кезде, жұрт қарсылық білдіріп, митинг өткізіп, шу көтеріпті. «Оның не керегі бар, оны қайда жібереміз?» деп шулаған ғой. Сосын,  атом электр станциясы салынған соң, бұрын «керегі жоқә дегендер «жарайсыңдар» деп, ғалымдардың арқасынан қағыпты. Өйткені кәсіпкерлер, ірі корпорациялар осы станция шығарған энергияны тұтынған, сол арқылы жұмыстарын тұрақты жүргізген.  Қазір Оңтүстік Корея АЭС салуда алдыңғы қатарлы мемлекеттің бірі. Менің жеке ойымда, қай жерде электр қуаты тұрақты болады, сол жерде даму бар. Қарапайым жұрт байқамайды, үйде, қалада жарық өшіп қалса, бүкіл жұмыс тұрып қалады ғой. Сондықтан, бар жұмыс жарыққа байлаулы. Ал оны қоршаған ортаға мейлінше қауіпсіз түрде тек атом электр станциясы ғана шеше алады. Яғни, Қазақстанда АЭС салуға шикізат та, мүмкіндік те, кадрлық жағдай да жеткілікті.           

Байланысты жаналықтар

Тоқаев сұхбаты. Орыс-қазақ мектебі және АЭС салу шешімі

08.11.2023

Үлкендегі кіші төңкеріс. АЭС жекпе-жегі қалай өтті?

23.08.2023

Эколог: Болашақтың энергиясы – отын жағу емес, АЭС болу керек

31.05.2023
MalimBlocks
Тоқаев сұхбаты. Орыс-қазақ мектебі және АЭС салу шешімі

Ресей президенті В. Путиннің Қазақстанға ресми сапарының қарсаңында Қазақстан президенті Қ.Тоқаевтың ресейлік «Известия» газетіне берген сұхбаты жарияланды.

Үлкендегі кіші төңкеріс. АЭС жекпе-жегі қалай өтті?

Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында АЭС салуға қатысты қоғамдық талқылау өтті. Бұл жиында не айтылды? Билік өкілдері қандай уәж айтты? Malim.kz тілшісі тыңдап қайтты.

Эколог: Болашақтың энергиясы – отын жағу емес, АЭС болу керек

Елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әр елдің өз АЭС-і болу керектігі жөнінде сала мамандары, қоғам белсенділері биік мінберлерде айтып жүр.