Үлкендегі кіші төңкеріс. АЭС жекпе-жегі қалай өтті?

Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында АЭС салуға қатысты қоғамдық талқылау өтті. Бұл жиында не айтылды? Билік өкілдері қандай уәж айтты? Malim.kz тілшісі тыңдап қайтты.

Есенжол Елекенов

  • 23.08.2023

Үлкен ауылы Алматы қаласынан шамамен 400 километр қашықта орналасқан. АЭС салуға қатысты жиын 11.00-ге белгіленгендіктен біз таңғы төртте жолға шықтық. Бұл ауылға апарар жолды жақсы дей алмаймыз. Өткен ғасырда төселген асфальттің кей жері жермен-жексен болса, кейбір жері текеметше жиырылып жатыр. Ойдым-ойдым шұңқырлар өте көп. Барғанша екі бөтекеңізді «қолыңызға ұстауыңызға» тура келеді. Жаңадан салынып жатқанн асфальт жолдың құрылысы жақын арада бітпейтінге ұқсайды...

Үлкен ауылына 10.30-да жеттік. Бұл ауылға кірген бойда қаңырап тұрған, қираған көп қабатты үйлер бірден көзге түседі. Мобильді интернет тіптен нашар, интернеттің тілімен айтқанда «е» ұстайды. Осыдан-ақ ауылдың ахуалын бағамдай беруге болады...

АЭС-ке қатысты жиын болғандықтан ба, әлде, үлкен дау басталып кетеді деп қорықты ма, жергілікті билік ауылда күзетті күшейткен. Әр жерде полиция қаптап жүрді. Мектептің акт залына жиналған халықтың есебі жоқ. Жиын басталмай жатып-ақ ине шаншар орын болған жоқ. Әр жерден күбірлеген дауыстан құлақ тынады... Сонымен, халық асыға күткен жиында басталды...

Бірінші болып сөз сөйлеген Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас АЭС салуды көптен күтіп жүргендерін айтып, «наконец-то лед тронулся» деді. Шенеуніктің бұл сөзіне наразы болған кей халық «қазақша сөйле! АЭС салуға қарсымыз, керек емес!» деп айғайлай жөнелді. Залда у-шу басталып кетті. Атом электор станциясын салуды қолдайтындар мен оған қарсы топ бір-бірімен жанжалдаса жөнелді.

Модератор «тыныштық сақтаңыздар!» деп қанша айтса да, оны ешкім тыңдаған жоқ. Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ болып, біразға дейін дауласты. «АЭС-ке жол жоқ!» деген дауыстар жарқын-жарқын шығып жатты.

Әр жиналыста осы Үлкен ауылына АЭС салуға қатысты мәселе қозғалып келеді. Сондықтан модераторды дұрыстап тыңдаңыздар. Бұл АЭС бізге қаншалықты қажет? Құрылысы қай уақытта басталады? Қазақстанның дамуына қандай үлес қоса алады? Негізгі сұрақ осыларды талқылау. Жамбыл ауданына электр энергиясы жеткіліксіз. Қазір осындай даудың кесірінен 200 млрд теңгенің жобасын тоқтатып тұрмыз. Сондықтан осы жерде конструктивті әңгіме жүргізейік. Жиналысты у-шуға айналдырмаңыздар,- деді залға жиналған хылықтың оны тыңдап жатпағанына қарамастан сөйлеген Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас.

Бұдан кейін мінбеге көтерілген Энергетика министрлігінің атом энергетикасы және өнер кәсібі департаменті басшысының орынбасары Гүлмира Усалова халықтың кез келген сұрағына жауап беруге дайын екендерін айтты.

Қазақстанда электр энергиясының тапшылығын болдырмау үшін АЭС салуды жоспарлап отырмыз,- дей бергені сол еді, халық қайтадан ағай-шуға басып, сөйлетпеді. Халықтың бұл әрекеті модератор Бағдаулет Устеновтың ашуына тиді ма, «Тағы бір рет осылай жасап, тәртіпті бұзатын болсаңыздар, шығарып жіберіміз. Құрмет көрсетіңіздер!» деді. Алайда модератордың ескертуін халық тіпті елеген де жоқ. 

 - Атом электор станциясын анықтау үшін көптеген зерттеулер жүргізілді. Осы зерттеулердің қорытындысы бойынша АЭС салуға Үлкен ауылының аумағы таңдалды. Сол себепті бүгін жария тыңдау өтіп жатыр. Халықтың пікірін білу үшін, сұрақтарға жауап беру үшін,- деп Энергетика министрлігінің өкілі Гүлмира Усалова сөзін жалғай жөнелді.

Залда отырған кейбір халық «Үлкеннің тұрғындары қарсы емес» деді. Осы сөзден кейін тағы дау басталды.

Мен Үлкеннің тұрғынымын. Осы ауылда тұрып жатқаныма 40 жыл болды. Біз АЭС-тің салынғанын қолдаймыз. Бізге атом электор станциясы керек. Ол Қазақстан үшін керек. Мен біздің билікке сенемін. Мен Тоқаевтың шешімін қолдаймын!- деді Рахима Қайырбекова есімді тұрғын. 

Бұл тұрғынның сөзінен соң, бір ер азамат шығып, АЭС салуға қарсы адамдарды «провакация жасап жатыр, олардың сөзіне сенбеңіздер» деп айыптай бергенде, екі әйел адам «Ата-ана елі АЭС-тен азат» деген жазуы бар плактты ұстап алдыңғы қатарға тұрып алды. «АЭС-ке жол жоқ!» деп ұрандатты. Оларды қолдай кеткендер де табылды. 

Белгілі саясаткер Рысбек Сәрсенбай АЭС салуға жол беруге болмайтынын айтып, бұл мәселені референдум арқылы шешу керек деді: 

Біз бүгін еліміз үшін маңызды мәселені талқылап отырмыз. Тек Үлкеннің халқы емес, тұтас Қазақстан халқы үшін өте маңызды мәселе. Сондықтан сабыр етейік, шыдамдылық танытайық. Бір-бірімізді сыйлайық. Өйткені бәрімізде осы елдің азаматымыз. АЭС салуға қатысты мамандардың айтып жатқандары дұрыс. Бірақ біз оны қабылдай алмаймыз. Неге қабылдай алмаймыз? Себебі бұ кісілер атом электр станциясының қажеттілігін айтты да, арғы жағын айтқан жоқ. Бәрімізді алаңдататын нәрсе - оның Чернобль, Фукусима сияқты жарылысқа апарып ұрындыруы мүмкін. Бұның қауіп-қатерін қазір айтпасақ, алдын алмасақ, соған ертең ұрынамыз. Өздеріңіз білесіздер, Чернобль адам факторының салдарынан болды. Оны жасаған кешегі СССР-дің ғалымдары, физиктері, ресейдің ғалымдары да бар. Қазір Үлкенге салынғалы отырған АЭС ол ресейдің технологиясы бойынша орнатылатын станция. 2019 жылы Ресей президенті Путин Тоқаевқа Қазақстанға ресейдің технологиясымен станция салуға ұсыныс айтты. Міне, соны іске асыру үшін жасалып отыр. АЭС-ті «40 жыл күттік» деп айтып отырсыздар. Сіздер 40 жыл күткен жоқсыздар. 40 жыл бұрын АЭС салу туралы айтылған жоқ. Атом электр станциясының қаупі көп. Біз Алматыдан бекерге келген жоқпыз. Жанымыз ашығаннан кейін ғана келіп отырмыз. Мына Балқаш көл, ол – теңіз де емес, мұхит та емес, қауіп-қатері аз дейтіндей. Ядролық қатерді алдымен сіздер көресіздер, сіздер уланасыздар, сіздер өртенесіздер. Бұл мәселені біз референдумға шығаруды сұраймыз, талап етеміз.

Энергетика министрлігі ядролық физика институтының басшысы Саябек Сахиев АЭС Қазақстанға ауадай қажет екенін алға тартып отыр.

Атом электр станциясын салуды баяғыда бастау керек еді. Қазір Өзбекстан, Түркия, Беларусь, Мысыр елі салып жатыр. Егер, Өзбекстан бізден бұрын салатын болса, электр энергиясын бізге сатады. Ал біз уранның үстінде отырып, олардан электр энергиясын сатып алуымыз керек пе? Бұл – болашаққа жасалған нағыз қастандық болады, - деді ол.

Саябек Сахиевтың сөзінше, Қазақстанға атом электр станциясын қытайлық, кореялық, ресейлік және франциялық компания салуы мүмкін.

Бұлардың қайсысы салатынын тендерде белгілі болады. АЭС салу үшін екі мың адам керек екен. Біздің институт бес мың адамды оқытып, дайындап қойды. Тек бір-ақ мәселе бар: жатақхана салу керек,- дейді Сахиев.

Бір жарым сағатқа созылған жиынды билік ресми өткізу керек болғаннан кейін, халықтың пікіріне құлақ асқандай болып көрсеткенге ұқсайды. Әйтпесе, АЭС салу мәселесі баяғыда шешіліп қойғандай…

Байланысты жаналықтар

ЯФИ: Қазақстан атом энергетикасын дамыту үшін қажетті кадрлық әлеуетке және ғылыми-зерттеу базасына ие

27.08.2024

«Уақытты кері қайтару»: Петиция бойынша шешім шықты

02.08.2024

Тоқаев сұхбаты. Орыс-қазақ мектебі және АЭС салу шешімі

08.11.2023

Елімізде атом электр станциясы салынады

25.07.2023

Атом электр станциясы салынса, онда жұмыс істейтін маман бар ма?

04.07.2023

Эколог: Болашақтың энергиясы – отын жағу емес, АЭС болу керек

31.05.2023
MalimBlocks
ЯФИ: Қазақстан атом энергетикасын дамыту үшін қажетті кадрлық әлеуетке және ғылыми-зерттеу базасына ие

«Ядролық физика институты» РМК бас директоры Саябек Сахиев Үкімет отырысында атом саласы үшін мамандар даярлау барысы және халықаралық ынтымақтастықты дамыту туралы баяндады.

«Уақытты кері қайтару»: Петиция бойынша шешім шықты

Жұмыс тобы Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктеріне алдағы үш жыл ішінде бірыңғай уақыт белдеуінің халық денсаулығына әсерін зерттеуді ұсынды.

Тоқаев сұхбаты. Орыс-қазақ мектебі және АЭС салу шешімі

Ресей президенті В. Путиннің Қазақстанға ресми сапарының қарсаңында Қазақстан президенті Қ.Тоқаевтың ресейлік «Известия» газетіне берген сұхбаты жарияланды.

Елімізде атом электр станциясы салынады

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев үкімет отырысында атом электр станциясының құрылысына қатысты пікірін білдірді.

Атом электр станциясы салынса, онда жұмыс істейтін маман бар ма?

Қазір ел арасында өз жерімізде салынуы мүмкін атом электр станциясына (АЭС) қатысты пікір бір жақты болмай тұр. Бірі қажет дейді. Бірі оны қауіп көреді. Қалай десек те, «Жасыл Қазақстан» жобасында АЭС салу жоспарда бар.

Эколог: Болашақтың энергиясы – отын жағу емес, АЭС болу керек

Елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әр елдің өз АЭС-і болу керектігі жөнінде сала мамандары, қоғам белсенділері биік мінберлерде айтып жүр.