АЭС салатындай Түркияның басына не күн туды?
Түскі аста отырғанбыз. Жиынның ресми бөлігі емес. Дастархан басындағы түрік азаматтары өзара түрікше сөйлесе бастады. Бір кезде «Росатом» компаниясының өкілі әлгі түріктерге қатулы қабағын көрсетіп, «бұл жерде орыс тілінде сөйлеңдер. Есіктен шыққан соң өз тілдеріңде сөйлей беріңдер. Әңгімемізге кедергі жасамаңдар» деп салды. Қалжыңдап айтқаны болар деп Ресей азаматының жүзіне тура қарадым. Жоқ, қабағы әлі де қатулы. Үш түрік азаматы жым болды. Қазақстан жерінде өзіміздің шенеуніктерден естіп те жүрген сөзіміз. Ал Түркияның жерінде осындайды естимін деген ойыма да келмепті.
Дипломатиялық кездесулерде суретке түсетін алаңда қызыл туын табанына бастырмайтын Режеп Тайып Ердоғанның көксегені осы ма еді? Ресейлік «Росатом» компаниясына өз жерінде атом электр станциясын салдыртатындай не басына күн туып еді?
Бұл өзі әлемдік саяси аренадағы тартыстарда, жанжалдарда бір қолы Ресейдің жағасында жүрген Түркия емес пе еді? Сирия соғысында Ресейдің әскери ұшағын атып түсіре алатын, Ресейдің бәсекелесі НАТО әскери блогының мүшесі, Ресеймен соғыс алдында тұрған Украинаға ұшқышсыз ұшатын әскери ұшағын беріп келген, Әзербайжан мен Армения арасындағы соғыста Әзербайжанның мүддесін ашық қолдаған, одан қалса, Түркі мемлекеттер одағын нығайтуды көксеп жүрген Түркия емес пе еді? Бізге осындай қырымен айбынды көрінген Түркия бүгінде Жерорта теңізінің оңтүстік жағалауының айлағындағы Мерсин провинциясында «Аккую» атом электр станциясын Ресейге салдыртып жатыр. Жай ғана салдыртып жатқан жоқ, Түркия Республикасының 2023 жылы атап өтетін жүз жылдық мерейтойында алғашқы блоктың тұсауын кесуге жоспарлап отыр. Осы күні Ердоған мен Путин Түркияның ғасырлық құрылысын ғана емес, Түрік-Ресей қарым-қатынасы тарихының ірі жобаның жүзеге асқанын зор мақтанышпен атап өтпек. Бұл жоба Ресей үшін де, Түркия үшін де саяси әрі экономикалық жоба болмақ.
Түркия неге АЭС-ті аңсайды?
Алдымен, экономикаға не пайдасы бар дегенге тоқталайық. Түркия қарапайым азаматтарға қуатты мемлекет боп көрінгенімен, өзінде мүлдем көмірсутегі ресурстары жоқ ел. Газ бен мұнайдың 90 пайызын және энергияның 75 пайызын шетелден сатып алуға мәжбүр. Бұл Түркияны көрші елдерге тәуелді етеді. Және ішкі нарықты дамытуға үлкен кедергі. Осы тәуелділік АЭС салдыртуға итермелейді. Бір қызығы, 1950 жылдардың ортасында Женевадағы халықаралық ғылыми жиында ядролық энергетиканы бейбіт мақсатқа пайдалануға болады деген шешім шыққан сәттен-ақ Түркия АЭС салуға қол созған. Бұл кезде АҚШ, СССР, Ұлыбритания, Франция секілді алыптар атам электр станциясынан тоқ ала бастаған сәт. Алайда, ғылыми әлеуеті мен мемлекетінің қуаты төмен, ішкі-сыртқы саясаты тұрақсыз Түркияның АЭС салдыртуға шамасы жетпейді. Екінші дүниежүзілік соғыста ядролық бомбаның зардабын әбден тартқан Жапония 1970 жылдары алғашқы АЭС-ін ҚШ-тың көмегімен тұрғыза бастағанда Түркия да қамданып көрген. Халықаралық ұйымнан АЭС салуға рұқсат алған компания мен ұйымдар Түркия жерін әбден зерттеп, қауіпсіз деген аймақты белгілеп те берген. Түркияның бақылау органдары дәл сол жерге 1976 жылы СССР-ға станцияны салуға лицензия да берген. Бірақ, құрылыс түрлі себеппен басталмаған. Міне, дәл сол жерде бүгінде қызу құрылыс жүріп жатыр. «Росатом» компаниясы инвестиция ретінде 22 млрд АҚШ долларын құйған. Олар салған АЭС 80 жыл бойы энергия өндірмек. Жылына 35 миллиард киловатт-сағат энергия таратпақ. Бұл Түркияға қажетті энергияның 10 пайызы ғана. Ал салыстырмалы түрде айтсақ, «Аккую» атом электр станциясы 17 миллиондай тұрғыны бар, келімді-кетімді 6-7 миллион туристі және бар Ыстамбұл қаласын 80 жыл бойы электр энергиясымен қамтамасыз етпек.
Түркияның энергетика және табиғи ресурстар министрі Фатих Донмезаның CNN TÜRK телеарнасына берген сұхбатында былай депті: «Төрт блок толық салынып біткенде Түркияға қажетті энергияның 10 пайызын береді. Сол кезде біз сырттан сатып алатын газ көлемін 7 млрд текшеметрге қысқартамыз. Бұл кем дегенде 5-6 миллиард долларды үнемдеу. Егер АЭС салуда ұзақ мерзімдегі техникалық-экономикалық жағдайға қарасақ, әлде қайда шығынсыз».
Түркия сарапшысы, ғылым кандидаты (ядролық инженериядан) Шуле Эргюннен «Түркия гео-саяси қыспақта қалмаған, таңдауды өзі ашық жасай алатын ел, Аккую АЭС-ін неге «Росатом» компаниясы салып жатыр? Неге Канада немесе Франция компаниялары салмайды?» деп сұрадым.
«Сұрақты төтесінен қойдыңыз. Мен де ашық жауап берейін. Біріншіден, Түркия ядролық энергетикаға қол жеткізуді өткен ғасырдан бастаған. Бірақ, түрлі саяси, экономикалық жағдайлар ол мақсатқа жетуге жол бермеді. Екіншіден, осы ұзақ жылдардағы ізденістер мен келіссөздерде талай жобалар қарастырылып, талқыланды. Үшіншіден, осы жобаны жүзеге асыруда АЭС салуға рұқсаты мен әлеуеті бар барлық тараптарға өтініштер жіберіліп, талқыланды. Түркияның талабы ашық болды: ең алдымен қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірмеу. Сосын, Түркияда салынатын заманауи талаптарға сай АЭС-тің бұған дейін басқа жерлерде салынып, сынақтан өткені. Одан кейінгі талабы жобаның қаржылық, экономикалық қайтарымы мен пайдасы. Және жергілікті мамандарды оқытып дайындауы. Жоба құрлысына жергілікті компанияларды қатыстыру мен жергілікті өнімді пайдалану. Міне, осы талаптарды екшей келгенде, таңдау сіз сұраған компанияға түсті»,- деді Шуле Эргюне.
Сарапшы айтқандай, атом электр станциясының құрылысында қазір 13 мыңнан астам маман жұмыс істеп жатыр. Оның 80 пайызы – Түркия азаматы, қалған 20 пайызы – Ресей инженерлері. Құрылыс жұмысына шамамен 400 түрік компаниясы тартылған. Құрал-жабдық пен техника ғана Ресей және басқа шетел компанияларынан алынған. Ал құрылысқа қажетті арматура мен цементтен бастап, жұмысшылардың киімі мен тамағына дейін Түркия өнімі.
«Аккую» – әлемдік атом энергетикасы тарихындағы «сал-басқар-пайдалан» (ағылшынша – BOO, Build-Own-Operate) моделі бойынша алғаш жүзеге асып жатқан нысан. Мұның аясында «Аккую Нуклеар» АҚ жеке жобасы құрылған. Бұл компания АЭС салу жобасы мен құрылысын бақылап, пайдалануға берілуіне дейінгі атқаратын жұмыстарды міндетіне алды. Яғни, стансаның халықаралық ереже мен стандартқа сай болуын қадағалайды. Оны пайдалануға беру мерзімі 60+20 жыл, тағы 20 жыл станцияның тоқтауы мен утилизациясы бар. Ресей тарапы барлық міндеттемемен қоса, АЭС-тің 100 жылдан кейінгі әлеуетіне де жауап беруді өз құзырына алмақ.
Нысан 1020 гектар жерге орналасады. Негізгі құрылыс алаңынан бөлек, реакторлы 4 энерго блок салынады. Мұнымен қоса «Восточный» деп аталатын толыққанды жеке порт ашып, ірі ауқымдағы жүктерді тасымалдайтын кемелерді қабылдайды. Ал реактор түріне келсек, ВВЭР-1200 (су-сулы энергетикалық реактор) соңғы 3+ буында шыққан және оның қуаты әлем бойынша ең қауіпсіз 1200 МВт.
«Бұл реактордың техникалық ерекшелігі – оның қауіпсіздігінде», – дейді АЭС директоры Сергей Буцких.
«Мұнда Фукусимада (Жапонияда сунамиден кейін жабылып қалған АЭС) кеткен қателіктерді болдырмауға мүмкіндік көп. Реакторлардың қауіпсіздігіне тектен тек екпін түсіріп тұрғаным жоқ. Бәрін тексеріп, көз жеткіздік. Әлем бойынша тиімді түрде жұмыс істеп тұр. Оның төртеуі Ресей АЭС-де, біреуі таяуда Беларусьте іске қосылды. Дәл осы ВВЭР-1200 реакторын «Росатом» Египетте салынатын АЭС құрылысына да орналастырмақшы. Мәселен, нысан сыртқы фактор әсеріне де былқ ете қоймайды. Жер дүмпуі кезінде ең жоғары 9 балға шыдас береді десек, бұған дейін атом станциялары тек 7 балға ғана лайықталып салынған. Түркия тарапы осы жағына қатты көңіл бөлуді сұрады. Шын мәнінде, бұл сейсмика жағынан ең қауіпсіз аймақ саналады екен. Яғни, жер сілкінісі болса да, станциясы жұмысын тоқтатпайды. Тіпті, жарылыс, өрт, су басу, дауыл, теракт оқиғалары үшін де сыртқы қорғау қабаты қарастырылған. Мұнда заманауи технологияның соңғы үлгісі қолданылады», – дейді Сергей Буцких. Бір айта кетерлігі Түркияда құрылыс, құрылыс инженерлігі қатты дамыған. Осы АЭС-ті салуда олар зор тәжірибе жинап жатыр. «Бірінші АЭС-ті орыстар салып берсін. Екіншісін бірігіп саламыз. Үшіншісін өзіміз саламыз» дегенді өзара жиі айтады екен. Әрине, реактор салуға, қарапайым тілмен айтқанда ядролық отын жанатын пешті салуға шамалары жетпейтіні анық. Өйткені ондай пешті жасау құзыреті өткен ғасырда атом бомбасын шығарудан жарысқан түскен бес-алты мемлекетте ғана бар. Енді басқа мемлекетке халықаралық қауымдастық рұқсат та бермейді. Дегенмен, түрік компаниялар алдағы уақытта АЭС құрылысын жүргізуге мүмкіндік те алмақ. Мәселен, бүгінде әлемде 440 ядролық реактор яғни, АЭС жұмыс істеп тұр. Ал МАГАТЭ ұйымының қарауында 50 АЭС салу өтініші жатыр. Сол елудің ішіндегі төрт өтінішті Түркия тапсырған. Осы ретте Түркия билігінің бұл бастамасына АЭС салуына халқы қалай қарайды деген сұрақ туындайтыны анық.
Айта кетерлігі, АЭС салынып жатқан Мерсин аймағындағы сайлауларда билік партиясы үнемі жеңіліп келеді екен. Бірақ, жергілікті азаматтар атом электр станциясының қажеттілігін түсінетіндей. Сол аймақтағы бір-екі дүкенге кіргенімізде сөреде толып тұрған радио аппаратын көрдік. Сұрастырып білсек, бұл өңірде телевизордан гөрі радио өтімді екен. Өйткені ол жыпылықтап өше беретін светке тәуелді емес. АЭС құрылысы басталғалы аймақта қонақ үй, дәмхана, жол секілді нысандар да көптеп салына бастаған.
Бұдан басқа Түркия билігі мен Ресей компаниясы экологиялық қауіпсіздікке қатысты тұрғындармен жұмыс жүргізген. 2013 жылы экологиялық тәуелсіз ұйымдар тартылып, қоршаған ортаға тигізетін залалын зерттеген. Қоғамдық тыңдаулар бірнеше жыл қатарынан жүрген. Талап пен есепке толы бұл құжат тіпті, 5,5 мың бетке жеткен. Соның бір парасы ретінде, компания құрылыс кезінде тамырымен жұлған әр ағашты қайта отырғызуға міндетті екенін айта кеткен жөн.
Ресей неге тым жомарт?
Түркия сарапшыларының сөзіне қарағанда, «Росатом» компаниясымен тиімді келісім болған. Оның алдында арнайы тендер жарияланып, АЭС салуға қауқарлы көптеген мемлекетпен келіссөз жүргізілген. Әу баста, Франция мен Германия компаниялары жобаны шамамен 44 млрд АҚШ долларға бағалаған. Ресей екі есе төмен баға ұсынған. Жоғарыда «Аккую» – әлемдік атом энергетикасы тарихындағы «сал-басқар-пайдалан» (ағылшынша – BOO, Build-Own-Operate) моделі бойынша алғаш жүзеге асып жатқан нысан екенін айттық. Яғни, «Росатом» салады, «Росатом» басқарады, «Росатом» пайдаланады. Кейін 100 жыл мерзім өткен соң «Росатом» бұзып алып кетеді. Әрине, «Росатом» бұл жобадан экономикалық тұрғыдан қанша пайда табарын ашық айта қоймас. Бірақ, бір белгілісі бұл компания АЭС салуда әлемдегі жетекші компания болуға талпынып келеді. Оған негізі де бар. Мәселен, Ресейдегі әр бесінші шамдағы жарықты «Росатом» жағып отыр. 12 мемлекеттегі 35 станцияда түрлі деңгейдегі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Әлемдегі ядролық отын қорының 17 пайызы осы компанияның қолында. Уран өндіру көлемі жағынан әлемде екінші орында. Яғни, ғылыми қуаты, мамандары, технологиясы, шикізаты бар компания қолындағы отынды өзі ғана сала алатын пеште жағып, сол арқылы пайда таппақ. Оның үстіне әлемде атом станциясын салуға сұраныс артып барады. МАГАТЭ-де жатқан 50 өтініш соның мысалы. Мамандар бұған дейін атом станциясын дамыған елдер салуға құмар болса (АҚШ-та 94, Францияда 56, Қытайда 50, Ресейде 38, Жапонияда 34, Оңтүстік Кореяда 24 АЭС бар, тағы да басқа), соңғы жылдары дамушы елдердің де қызыға бастағанын айтады. Мысалы, Иран алғашқы АЭС -сын салып алды. Чернобыльдің дәл қасындағы Беларусь салып жатыр. Өзбекстан мен Қазақстан салуға үмітті дегендей(алдыңғы екеуі "Росатомға" салдырды, соңғы екеуіне де осы компания салуы ықтимал). Осы жағдайларға қарағанда «Росатом» Түркияда арзан АЭС салу арқылы әлемдік аренада өзін көрсеткісі келетіндей, атам станциясы нарығында алдына жан түсірмеуге тырысатындай. Сол себепті, түріктерге барынша мырзашылық танытып жатқандай сөйлейді. Мәселен, Аккую АЭС-сі құрылысы біткен соң, стратегиялық нысанда жұмыс істейтін мамандардың негізі ресейліктер болмақ. Дегенмен, «Росатом» жетекшілігімен жұмыс істейтінін Түркия мамандары Ресей жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Қазірдің өзінде «Аккую Нуклеар» АҚ қызметкері болып саналатын 186 түрік азаматы білім алған. Десек те, осы станцияның жұмысын қамтамасыз етуге Ресейден бала-шағасын қосқанда төрт мыңдай жан көшіп келмек. Қазірдің өзінде осы мамандардың бала-шағасына арнап орыс балабақшасы, орыс мектебі салынған. Сондай-ақ, Түркияның алғашқы АЭС аймағындағы ресми жұмыс тілі орыс тілі болмақ. Бұл талап екі жақты келісімшартта ашық жазылған екен. Сондықтан, «тілге қатысты дау жоқ» дейді АЭС құрылысын жүргізіп жатқандар.
Түркияда салынып жатқан АЭС-ке қатысты мамандардың осындай уәждерін тыңдағанда басқа мәселелерде Путиннің саясатымен жағаласып жүрген Ердоғанның тірлігіне таңқаласың. Әлде, біз өзіміз айта бергенді жақсы көретін көпвекторлық саясат деген осы ма? Керек кезде өз мүддеңді жібермеу, қажет кезде мінезіңді көрсету қандай саясатқа жатады, өзі?
Қазақстан билігі АЭС салғысы келеді
Бүгін өзіміздің Энергетика министріміз Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша түпкілікті шешім қабылданбағанын айтты. «Қазіргі таңда халықаралық тәжірибені зерттеп жатырмыз. Қай жерде салынатыны әлі белгісіз. Ол үшін тиісті жер телімдерін анықтауымыз керек. Алайда айта кететін маңызды нәрсе біз 2035 жылға дейін өндірілетін және тұтынатын энергия балансын жасадық. Сол кезде АСЭ салу мәселесі өте керек деп қарастырылды. Неге десеңіз, оған ірі альтернатива жоқ. Қазір әлемде көмір станциялары салынбайды. Оған халықаралық қаржы да бөлінбейді. Оған балама ретінде қайта қалпына келетін энергия көздерін қарастыруға болады. Бірақ ол 24 сағат энергия бере алмайды. Үшінші альтернатива – бұл су. Елдегі су жағдайын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Біз гидроэнергияны Қазақстанның оңтүстігі мен шығыс өңірлерінде ғана дамыта аламыз. Сонымен қатар газды балама ретінде қарастыруға болады, алайда бізде ілеспе газ»,– депті министр.
Кейінгі кезде біздің билік АЭС мәселесін қайта қозғап жүр. Ресей билігі де мұндай шаруға көмекке келуге дайын екенін жасырмай айтып келеді (Арасында айбат көрсетіп те қояды). Бірақ, АЭС салып жатқан Түркиямен салыстыра қарасақ, Қазақстан мұнай, газ, көмір, су энергиясын сырттан тасымайды. Бәрі өзімізде. Рас, министр айтқандай көмір мен судан энергия алу алдағы уақытта проблема болмақ. Ілеспе газды өңдеу қиын. Екінші айырмашылық, Түркияға қарағанда Қазақстанда ядролық реактор жұмыс істеген, ядролық ғылыми орталық та бар, яғни, қандай да болсын, тәжірибе бар. Үшінші айырмашылық, Қазақстанда уран көп. Бірақ, бізде сол шикі уранды ядролық отынға айналдыратын технология жоқ. АЭС салып бергіштер өз пештеріне сай келетін отын технологиясын қолымызға ұстатса, онда бізге қандай да бір пайда бар. Ал олай болмаса, шикі уран қазғанымыздан түк пайда жоқ. Өйткені ядролық пешке қажетті ядролық отынды АЭС салып берушіден ғана сатып алып отырамыз.
Бұдан басқа айырмашылық, Түркия халқы біз сияқты жарты ғасыр бойы ядролық сынақтардың зардабын көрмеген. Жалпы, атом деген сөзінің өзіне қауіппен қарауымыз заңдылық. Сондай-ақ, Түркияда қанша дегенмен саяси бәсекелестік бар. Сондай бәсекеде келген билікке ел сенімі бар. Қалай десек те, қазақтардан гөрі түріктердің патриоттығы басым екені өтірік емес.
Сосын жойылмайтын жемқорлығымыз және бар. Ал мұндай жағдайда халық биліктің кез келген дұрыс бастамасына қарсы болатын айтпаса да түсінікті. Тағы бір айта кететіні, Түркияда АЭС салынғанымен электр энергияның бағасы арзандамайды. Бізде де сондай болады.
Дегенмен, әлемде АЭС қана электр тапшылығынан құтқарады деген нақты шешім жоқ. Бұл саладан Еуропаның кей елдері бас тартып та жатыр.