Ұлттық сенім кеңесінен – Ұлттық құрылтайға!

Жаңа қоғамдық институттың алдында бірқатар жұмыс тұр

Malim Админ

  • 29.07.2022

Қоғамда әділеттілік, оң нәтижеге жеткізер диалог қалыптасқанда ғана халықтың әл-ауқаты жақсарады.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі осы ұстанымды негізге алды. Заман талабына сай мемлекет бұқараның талабы мен тілегіне маңыз беріп, қордаланған мәселелерді дер кезінде шешуге міндетті. Олай болмаған жағдайда халықтың билікке деген сенімі күйрейтіні мәлім.  Себебі, кейінгі кездері әлеуметтік түйткілдерге байланысты жаппай наразылық білдіріп, дүркін-дүркін бас көтеретін азаматтар көбейгені рас.  Сенім кеңесі ең әуелі осы проблеманы оңтайландыруды күн тәртібіне шығарды.  Президент Тоқаев  аталмыш кеңес құрылғанда елдегі табыс мөлшерінің азайып кетуі олқы тұсымыз екеніне екпін түсіріп, осы сынды кем-кетігіміздің орнын толтыруға шақырғаны белгілі.  Нәтижесінде ел азаматтарына зейнетақы жинағын мерзімін бұрын алуға жол ашылды. Оны халық емделуге, жылжымайтын мүлік  сатып алуға және ипотекалық несиені өтеуге қолданып, жыртығын жамап қалды.   Айта кетейік, зейнетақы қорындағы жинағын 1 миллионнан астам адам баспана алуға және денсаулық жағдайын түзетуге пайдаланған. Осылайша азаматтардың есепшоттарына уәкілетті оператордан 2,7 триллион теңге түсті.  Биылғы сәуір айынан бастап зейнетақы қорындағы қаржының шекті мөлшері өзгертілді.  Осы жылы да  салымшылар зейнетақы қорындағы артық қаражатын пайдалана алады.    

Сенім кеңесі елді алаңдатып отырған сан салалы проблемалардың себеп-салдарына үңілуге мүмкіндік берген алаң. Саясаттанушы Жақсыбек Жиенәлиев «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің толымды жұмысының бірі - ауыл әкімдерін сайлау институтының жетілдірілуі» деген пікірде.   Айтуынша, осындай жаңашылдық мемлекетті демократияландыру үрдісіне бастайтыны анық.  «Бұл еліміздің саяси өміріндегі атап айтуға тұрарлық маңызды оқиға. Ата заңымызды мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы – халық деп жазылған. Сол сөз ілкімді іске айналып,  мемлекеттік басқару ісінде бұқараның үні естілді.  Сайлау және сайлану құқығына  мүмкіндік берілгенін байқадық. Былтырдан бері жалпы еліміз бойынша 1093 ауыл әкімі бұқараның тікелей дауыс беруімен  сайланды. Бұл жергілікті өзін өзі басқаруды дамытудың бір көрінісі», дейді сарапшы маман.   Сенім кеңесі аясында қазақстандықтардың әлеуетіне күш беретін бұдан өзге де шешімдер жарияға шықты. Үш жыл ішінде ауқымды реформалар жүзеге асты.   Кеңестің мүшесі болған Ерлан Сайыровтың мәліметінше, осы аралықта  20 заң қабылданып үлгерді.  Аталған заңдардың 14-і бейбіт жиындар, саяси реформалар, партиялық сайлау жүйесі тізімінің 30 %-ын әйелдер мен жастар иеленуі керектігі, оралман атауының қандас болып өзгеруі сынды бастамалар.  Осы идеялардың барлығы да Сенім кеңесінің мәжілістерінде көтеріліп, шешімін тапты.

Қоғамдағы күрмеулі мәселелер ортаға тасталатын алаңда еліміздегі білім саласын өркендетуге баса назар аударылғаны мәлім. Атап айтқанда мектептердегі орын тапшылығын шешу аса өзекті проблема ретінде назарға алынды.    Кеңес мүшелерінің ұсыныстарын ескерген Президент өз Жолдауында 2025 жылдың аяғына дейін мың мектеп салу жөнінде нақты тапсырма берді.    Сонымен қатар, көпбалалы, толық емес, мүгедек баласы бар  отбасыларға 5000 білім грантын беру мәселесі оң өзгеріске бастады.  Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің  мәлімдеуінше, былтыр тұңғыш рет азаматтардың 3 жаңа әлеуметтік санатына гранттар берілді.  «Мемлекеттік білім гранттары 50 192 талапкерге, оның ішінде жетімдерге - 386 грант, мүгедектерге – 303, көп балалы отбасылардан шыққан балаларға – 3494, толық емес отбасылардан шыққан балаларға – 964, бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасынан шыққан балаларға, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге – 354 грант берілді».

Саясаттанушы Жақсыбек Жиенәлиев  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жетістігі   тек билік пен қоғам арасындағы саяси диалог пен коммуникация арнасын құру ғана еместігін айтады. «Ол  сонымен қатар қоғамның өз ішіндегі диалогын дамытуға үлес қосты. Бір үстелдің  басына әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерін жинап, маңызды әлеуметтік мәселелердің шешілуіне септігін тигізді. Жер мәселесі, митинг туралы жаңа заң жобасының дайындалуы, зорлық-зомбылыққа қарсы заңның күшейтілуі сынды бірқатар саяси реформалардың жүзеге асуына ықпал етті».

          Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі үш жыл ішінде бұқараның көкейіндегі көп мәселеге нүкте қойды.  «Айтылды - орындалды» қағидатын ұстаным еткен кеңес мүшелері 90-нан астам құжат қабылдаған.   Олар аймақтарды аралап әлеуметтік зерттеу жасаумен қатар, қоғамдық сенімді нығайта түсу үшін түсіндірме жұмыстарын белсенді жүргізді. 

Бұл аз уақыттың ішінде атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Алда әлі де талай өзекті мәселелерді шешу күн тәртібінде тұр. Ауқымды шаруа атқарған Кеңестің жолын енді  Ұлттық құрылтай жалғастырады.  Ол өз кезегінде қоғам бірлігін нығайтатын диалог платформасына айналмақ. Бұл ретте Ұлттық құрылтайдың Ұлттық қоғамдық кеңестен өзіндік айырмашылығы бар.  Мемлекеттік кеңесші  Ерлан Қариннің айтуынша,  «Егер Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі пікірталас тақырыбы ағымдағы әлеуметтік-экономикалық проблемалар, саяси реформалар мәселесі болса, ал Ұлттық құрылтайда талқылау тақырыбы жалпыұлттық құндылықтар негізінде қоғам бірігуінің одан ары дами түсуіне қатысты ұзақмерзімді сипаттағы мәселелер болады».    

Дегенмен, аты затына сай болуы үшін жаңа қоғамдық институттың алдында бірқатар жұмыс тұр.  Саясаттанушы Ж.Жиенәлиев  Ұлттық құрылтай қоғамдық бірлікті дамыту жолындағы жаңа идеяларды ұсынатын және елдің мұң-мұқтажын, халықтың тілегін жеткізетін ашық алаңға айналуы қажеттігін айтады. «Құрылтайдың бір ауқымдылығы -  мұнда аймақтардағы кеңестердің бір-бір өкілдері қатысады. Алғашқы құрылтайға әртүрлі сала өкілдерінен 117 адам іріктеліп алынғаны белгілі.   Сонымен қатар қоғамға танымал жас көшбасшылар мен белсенділер де қолдау тапқанын көріп отырымыз», дейді ол.     

Ұлттық құрылтайдың бір мүшесі - журналист Мақсат Толықбай. Ұлытау төріндегі маңызды мәжілістің алғашқы отырысына қатысқан ол қоғамдық институт жұмысын әлі де айқындау керектігіне назар аударды.  

«Ұлттық құрылтайдың 100-ден астам мүшесі бар. Ұлытаудағы  алғашқы отырыста  айтқан едім. Сол 100-ден асып жығылатын мүшелердің әрқайсысына мінбер берсеңіз жоқ дегенде он ұсыныстан айтады.  Жүзді онға көбейтсеңіз мың ұсыныс.   Ұсыныстың барлығы    бірден шешіле салмайды.   Сондықтан ең болмаса дауысқа салып қоғамда қызу талқыланып жатқан өзекті деген екі-үш күн тәртібіне шығарған жөн.   Бұл ретте өңірлердегі қоғамдық кеңестермен  де диалог жасалуы  керек. Нақты әрі маңызды ұсыныстарды құжат күйінде Парламентке ұсыну жағы да қаперге алынса... Өйткені, Құрылтай мүшелерінің ешқандай да құзыреті жоқ. Құрылтай аясында өзекті мәселені соңына дейін апарып, шешетін  тетік қажет. Екінші отырыс Түркістан төрінде өтеді. Ұлттық құрылтай бойынша жұмыс тобы құрылды, парламентке ұсыныс жасалды дейтіндей қандай да бір есебі болғаны абзал» 

Құрылтай жұмысында  заманауи цифрлық мүмкіндіктер де кеңінен қолданылмақ.  Күзде «Құрылтай» деп аталатын арнайы мобильді қосымша іске қосылатыны белгілі болды. Мобильді қосымша арқылы кез келген азамат өз ұсынысын құрылтайға жолдай алады. Бұл өңірдегі әлеуметтік мәселелерді қоғамдық талқылаудан өткізіп, олардың оңтайлы шешілуіне ықпал етеді деп сенеміз.     Сайып келгенде Ұлттық құрылтайдың миссиясы біреу – ел бірлігін бекемдеп, қоғамды ұйыстырар тың идеялар орталығына айналу.       

Байланысты жаналықтар

Қоғам белсендісі Серікжан Біләш саясаттан кететінін айтты

08.11.2024

Президент бірнеше мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады

01.11.2024

Тоқаев Макронның шақыруымен Францияға барады

31.10.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Чех Республикасының президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

28.10.2024

Грузияда парламент сайлауы басталды

26.10.2024

Президент Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдірді

24.10.2024
MalimBlocks
Қоғам белсендісі Серікжан Біләш саясаттан кететінін айтты

Ол әлеуметтік желіде бейнежазба жариялады

Президент бірнеше мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады

Тоқаев Макронның шақыруымен Францияға барады

Қасым-Жомарт Тоқаев Чех Республикасының президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Құттықтау жеделхатында Қазақстан мен Чехия арасындағы қарым-қатынас дамып келе жатқаны айтылды

Грузияда парламент сайлауы басталды

Елде 3044 сайлау учаскесі ашылған

Президент Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдірді

Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелерін шешуде Жаһандық Оңтүстік елдерінің үні салмақты шығуға тиіс деп мәлімдеді