Жалпыұлттық деңгейде бірігу – мемлекет тұғырын нықтайды 

Ортақ диалогты арқау етуге тиіс

Malim Админ

  • 25.08.2022

Азаматтық қоғамның бір ғана бағыты бар. Яғни билік пен халық бір-біріне бағынышты болмай, керісінше, үйлесімді қарым-қатынас жасап, таразының екі басындай тең деңгейде дамуды бағдар етуі керек.  Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолындағы халық үнін еститін мемлекет үшін бұл аса өзекті.   Сол себепті де мемлекетте азаматтық қоғам мен жоғары билік өзара бір-бірін толықтырып, ортақ диалогты арқау етуге тиіс.


Сарапшылардың пікірінше, әлемдік және ішкі іркілістер мен сын-қатерлар кезеңінде тұрақты өркендеуді жүзеге асыру үшін тек мемлекеттің ресурстары аздық етеді. Осы тұрғыдан азаматтық қоғам мемлекеттің стратегиялық серіктесі һәм ел дамуының көрсеткіші деуге негіз бар. Ел алдындағы маңызды шешімдерді қабылдау үдерістерінде азаматтық қоғам өкілдерін мейлінше тарту орынды болмақ.  Осы бағытта еліміздегі азаматтық қоғамның ахуалына байыпты сараптап, ауқымды мәселелерді, міндеттерді және оларды оңтайлы шешу жолдарын айқындау ләзім. Сондықтан, азаматтық қоғамның терең орнауына елімізде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы зор серпін берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне кіріскенде мемлекет халықтың өтініш-тілегін назарға алып, күрмеулі мәселелерін дер кезінде шешуге,  азаматтарға жиі есеп беріп тұруға міндетті болатынын айтқан. Мемлекет басшысы әділдіктің салтанат құруын талап еткен бұқараның тілегі шындыққа жанасатынын, бұл үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмыс істейтінін мәлімдеген еді.    

Қ.Тоқаев азаматтарымызды қоғам мен билік диалогын өрістету мәселесі ерекше толғандыратынын жеткізгені есімізде. Мұндай жарасымды байланыс пікір алуандығын мойындау және сыйлау  негізінде құрылуға тиіс екеніне де екпін түсірген. Әр алуан пікірлер, сан қилы дәстүрлер, алайда олар  біртұтас ұлтты құрайтынын меңзеген. Міне, Қазақстанның ұстанатын басты бағдары – осы болды. Қоғамдық сенімнің ұлттық кеңесі осылай құрылды. Кеңес құрамына жаңа буын жастар,  зиялы қауым, түрлі сала өкілдері бүкіл қоғам өкілдері кірді. Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында  мемлекет өзінің ел алдындағы уәдесін орындауға міндетті болатынын шегелеп айтқан. Оның басты миссиясы да – сол.  Осындай жолмен ғана ұлттық ымыра мен  елдегі тұтастықты нықтауға болады деді.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмыс істеген үш жылда ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды.    Нәтиже де жаман емес.  Айталық, зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін баспана алуға пайдалану ұлттық кеңесте көтеріліп, халық арасында қолдау тапқан шешімдердің бірі болды. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ұтымды тұстарына тоқталған болатын. «Ұлттық кеңестің бір жақсы жері - президентпен тіке өз идеяларыңды айту мүмкіндігі қарастырылған. Әр мүшесі жарты жылда немесе бір жылда кіріп, өз идеяларын айтты. Ұлттық кеңестегілер көтерген көлік жүргізушілері бір ғана құжатпен жүре алады деген шешімі де қалың елдің көңілінен шыққан бастама. Жүргізушілердің ахуалын жақсартқан. Өйткені бұрын қаншама құжатпен жүретін болсақ, бүгінде біреу ғана. Тоқтатқан кезде біраз әуреге түсетінбіз. Төлқұжат болса болды, қазақстанның әр қиырына кете бересіз».

Ал мұғалім Сара Мұқашқызының пікірінше, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қоғамның педагогтерге  деген көзқарасын жақсартып, әл-ахуалын  оңтайландырды. «Жыл сайын еңбекақымыз 25 пайызға көбейіп отыр. Педагог мәртебесі туралы заңды мәртебелі марапат дер едім.  Мұғалім мәртебесі артса, мемлекеттің рухани деңгейі де жақсара түседі».

Расымен де, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жүктелген міндеттер жүзеге асып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қозғау салынды. Мемлекетте демократияның нышандары көбейіп, халықтың сұранысын қанағаттандыратын шын жанашыр қалаулылар шыға  бастады. Бұған қоса осы Кеңес арқылы сайлау, БАҚ, саяси партиялар мен қоғам­дық бірлестіктер, митингілер туралы заңнама қайта қаралып, заң айналасында қоғамдық пікірді оңынан қалыптастыруға әсерін тигізді.   

 Халықты біріктірген Ұлттық кеңес аясында 20 шақты заң қабылданған. Сондай-ақ, мемлекет басшысының үш жарлығы жарияға жетті.  Миссиясына тез арада қол жеткізген құрылым биыл Ұлытау жерінде өткен маңызды жиында  Ұлттық құрылтайға біріктірілді.  «Ұлттық құрылтай қоғамды ұйыстыру жолында идеялар ұсыну және оны жүзеге асыруға қатысты диалог алаңы болмақ. Бұрын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде әлеуметтік-экономикалық проблемалар мен саяси реформалар жайында айтылса, енді Ұлттық құрылтайда жалпыұлттық құндылықтарды нығайта отырып, қоғамды одан әрі ұйыстыруға бағытталған ұзақмерзімді мәселелер талқыланады», – деп түсіндіреді мемлекеттік кеңесші  Ерлан Тынымбайұлы.   

Қазіргі кезде Ұлттық құрылтай – Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде жұмыс істеп тұр. Соған сәйкес, оның құрамы туралы ұсыныстарды Мемлекет басшысының Әкімшілігі әзірлейді. Ұлттық құрылтайдың отырыстарына тек оның мүшелері ғана қатысып, ортақ ой алмаса алады.  Осылайша, Ұлттық құрылтай жаңа Қазақстанда азаматты қоғамды құруға атсалысқысы келетін азаматтардың жалпыұлттық деңгейде  топтасуына жол ашып отыр.

Бұл мәселеде бұқараның  талап-тілегіне  жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктерге де зор мүмкіндік берілді.  Егемендіктің бастапқы жылдарынан бастап-ақ бұған жіті назар аударылғаны мәлім. Себебі, қоғамды алға бастаудың барлық тетіктері іске қосылғанда кезде ғана елдің даму қарқыны жылдамдайтыны белгілі. Бүгінде сол үрдіс тұрақты түрде заман талабына сәйкес жаңғырып келеді. Ынтымақтаса отырып халыққа пайдалы міндет-мақсатқа қол жеткізу азаматтарымыздың конституциялық құқығы. Бұл жағдай қоғамның ұстанымына сай келіп мемлекет қорғауында жүзеге асатыны көп нәрсені аңғартса керек. 

Азаматтық қоғамның дамуын да ілгерілететін – осы қоғамдық бірлестіктер. Олар   ауыл-аймақ, аудан мен қала, облыс  жағдайын біліп, билікке жеткізетін күшке ие. Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде, БАҚ беттерінде елімізде тақтайдай тегіс жолдан гөрі, шұрық-тесік, кедір бұдыр жолдардың көп екендігі жиі айтылып, жазылуда. Себептің бірі – жең ұшынан жалғасқан жемқорлық.  Жылдар бойы сынға ұшырап келе жатқан сала да – осы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді  қажет етеді және бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатыр. Соңғы 10 жылдың ішінде жол салу саласында жіберілген заң бұзушылықтарды анықтау қажет» деп қатаң тапсырма берді. Бұл ретте жол сапасын бақылау маңызды.  Қысқасы, айтылды – орындалды ұстанымы негізге алынуы тиіс.  Ауқымды саладағы жемқорлықты ашу, әділдікті талап етуден басталмақ. Осы бағытта «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігімен бірге «Әділдікті талап ет!» науқанын жүргізіп жатыр.  Акция бастапқыда-ақ  біраз келеңсіздіктің бетін ашты. Айталық, 15 тамызда Ақтөбе облысындағы жолдарға бақылау жүргізілді.  Алға ауданындағы құны 739 500 000 теңге болатын жолдың жағдайы сын көтермейді. Бұл Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық автожолының 16,5 -62 шақырым аралығы. Жөндеу жұмыстарын "АССАНА-ДорСтрой" ЖШС-і жүргізген. Десе де сапаға мән берілмегендіктен, асфальт езіліп, тесіліп жатыр. Бірлескен мониторинг тапсырыс беруші мен техникалық қадағалау мекемелерінің салғырттығын көрсетіп берді. Аяқталғанына екі жыл ғана болса да жол неге адам шошырлық күйде?  Бұл бір ғана аймақтың мәселесі. Басқа өңірлерде де мұндай көрініс аз емес.

Қоғамдық ұйым жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау бойынша жемқорлық фактісін  анықтауды жалғастырады! Бұл мәселемен бүгін күреспесек зиянын ертең де тартамыз дейді бірлестік өкілдері. 

Еліміздегі ірі қалаларда шешімін табатын маңызды мәселелер аз емес. Әсіресе, елордадағы жаппай тұрғын үй құрылысы оның ішінде қаланың нүктелі құрылыс салу процесін реттеу, әлеуметтік маңызы бар нысандарды ашу мәселелері өткір күйінде тұр. «Menin Elim Dala» қоғамдық бірлестігінің белсенділері осы проблемалардың жолын іздейді.   Олар қаладағы құрылысқа қатысты  барлық заң бұзушылықтар  жерді жүйесіз бөлуден екендігін айтып, тез өсіп келе жатқан қалалардың елді мекендерін назарға алу қажеттігін айтады. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестік өкілдері құзырлы органдарға құрылыс нормаларын сақтау, егжей-тегжейлі жоспарлау,  бекіту және түзету кезінде белгіленген рәсімдерді сақтау сияқты бағыттарды назарға алып, құрылыс нысандарына мониторинг және тексеру жүргізу туралы ұсыныспен жүгінеді. Қоғам белсенділері көтерген барлық мәселелер мемлекет тарапынан бақылауға алынып, жан-жақты зерделеніп, бірлесе жұмыс атқарылса дейді.

Алда елдің дамуы жолындағы маңызды саяси науқан  сайлау келе жатыр. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы Халық өз қолындағы билікті сайлау арқылы Президентке, депутаттарға береді. Олар Халық атынан басқарады. Осы ретте әділ, ашық сайлауда адал жеңген Президент, депутаттар ғана өздерін сайлаған халыққа тәуелді болатыны әлемдік тәжірибеден белгілі. Сондықтан,  сайлау ешқандай да бұрмалаусыз, әділ де ашық өту үшін  бақылаудың, байқаушының рөлі өте зор.    Тәуелсіз түрде сайлаудың әділ өтуін байқайтын  - «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігі заңды ұйым.  «Биліктің шығар жері сайлаудың әділ өтуін қырағы бақылау, халыққа тәуелділігін  мойындаған мемлекет үшін ғана ел қамы бірінші орында тұрады», дейді бірлестік төрағасы Ақайдар Ысымұлы.    

Қоғамдық бірлестіктердің  тағы да қандай өзгешеліктері барына тоқталып өтсек артық болмас. Алдыға қойған мақсат-мұратқа жету үшін ұстанымдары ортақ азаматтардың бірлесіп құрған саяси партиялары, кәсіподақтар және азаматтардың өзге де ұйымдары, бірлестіктері қоғамдық бірлестікке санатына кіреді.   

Азаматтық қоғам үшін қай кезде де  тұрақтылықты және ынтымақты сақтау маңызды. Түйткілді мәселелердің шешімін табуда және елді дамыту жолындағы жоспарлы  істерде мемлекеттің сенімді серігі болуға мүддеді.  Мемлекетімізде бұл үшін оларға көбірек  мүмкіндіктер беріп, қолдап отыруы керек.   

Фото: Максим Золотухин

Байланысты жаналықтар

12 млрд актив мемлекетке қайтарылған. Қаражат қайда жұмсалады?

28.10.2024

Жетісу облысында 221 гектар жер мемлекетке қайтарылды

10.10.2024

Ақмола облысында құны 70 млн теңге болатын жер мемлекетке қайтарылды

02.10.2024

Алматы мен Қарағанды облыстарында жер телімдері мемлекетке қайтарылды

24.09.2024

Алматы облысында 3 мың га жер мемлекетке қайтарылды

14.09.2024

ШҚО-да 160 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылады

07.09.2024
MalimBlocks
12 млрд актив мемлекетке қайтарылған. Қаражат қайда жұмсалады?

4 келісімге қол қойылды

Жетісу облысында 221 гектар жер мемлекетке қайтарылды

Ақмола облысында құны 70 млн теңге болатын жер мемлекетке қайтарылды

Ақмола облысы прокуратурасы өңірде заңсыз берілген жер учаскесін мемлекетке қайтарды.

Алматы мен Қарағанды облыстарында жер телімдері мемлекетке қайтарылды

Соттардың жер беру туралы шешімдері заңсыз деп танылды

Алматы облысында 3 мың га жер мемлекетке қайтарылды

Ол ұзақ уақыт пайдаланылмаған

ШҚО-да 160 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылады