Жер реформасы – жауапты міндет

Malim Админ

  • 23.03.2021

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасы бойынша жер реформасы бойынша комиссия құрамы бекітілді. Бұл комиссия алдағы уақытта жердің барлық мақсаттағы игерілуін реформалап, ұлан-ғайыр аймақты тиімді пайдаланудың жаңа мүмкіндіктерін қарастырып, арнайы жоба ұсынатын болады.

Жер мәселе ықылым заманнан-ақ қазақ халқы үшін өте маңызды орын алып келген. Әрине, баққаны мал, тапқаны мал болған, көшіп-қонып жүрген ел, жаз жайлауын, қыс қыстауын, екі аралықтағы күздеу мен жазғытұрым өрісін алдын ала сайлап, өзіне тиісті жерін ұрпақтан ұрпаққа қалдырып отырған. Тіпті, бұрынғы кез туралы сөз болғанда бәлен бай түген байға жер сатыпты дегенді де естіген емеспіз. Естісек, әлдебір ағайынына өкпелдеп, ауа көшкен бір рулы елге уақытша қоныс беріпті, қиын уақытта көмек қолын созыпты дегенді ғана естиміз. Қазақ үшін ең күрделі мәселе де жер болғаны анық. Әйтпесе, күллі дауды «жер дауы, жесір дауы» деп, жалпылама атамас та еді.

Жаңа заманға аяқ басқан кезде де, тіпті, патша өкіметіне қараған, қара шекпен мұжықтар қаптай бастағанда да бәріне көнген қазақ өрісін әділетсіз тартып ала бастағанда қайта атқа қонған. Патшалық Ресейдің құрамына кіргенде де өз жерін, шекарасын нақты сызып алып барып, жаңа заңға мойынсұнған. Жердің тағы бір үлкен мәселе туғызған кезі – большевиктер салтанат құрған совет одағы құрылған кез болды. Алаш арыстары, қазақтын барша игі жақсысы күресе жүріп, Ленинмен екі арадағы шегараны шегендеп қалған. Тіпті, қай өзеннің суын кім қалай пайдалану керек, өзге ұлттар жаппай басып жатқан шұрайлы жерлерге қазақтардың да қол жеткізуін, сөйтіп, егіншілікпен айналысуына да мүмкіндік беру жағын көп қаузапты. Тәуелсіздік алған соң, шектесіп жатқан бес бірдей мемлекетпен шекарасын еш дау-жанжалсыз белгілеген, ертеңгі ұрпақ үшін «мына жер біздікі, ана жер сіздікі» деген ешқандай сұрақ қалдырмай, мәселені реттеп алдық. Ендігіде, қазақ өз жеріп өзі қалай пайдалану керек дейтін жалғыз ғана сұрақ қалғандай көрінген. Әйтсе де, елдің ұйқысын бұзып, тынышын кетірген бір мәселе – жер шетелдіктерге жалға беріледі екен, тіпті, сатылғалы жатыр екен деген қаңқу сөз пайда болды. Ұзақ уақыт бойғы әңгімеден соң, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл дауға нүкте қойды:

«Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан, мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Ең бастысы, жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы түбегейлі шешім қабылданды», деді ақпан айында ғана.

Және бір айта кетерлігі, Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай сөзді президенттік міндетіне кіріскен алғашқы уақыттарда да айтқан. Тіпті, игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекет иелігіне қайтару туралы әңгіме көтерілгелі де көп өте қойған жоқ. Демек, жердің жалға берілуі, сатылуы туралы мәселенің басы ашылды деп сеніммен айтуға болады. Біз жоғарыда айтқан жер реформасы туралы комиссия туралы да дәл осы күні сөз болған. Арада бір айдай уақыт өткенде, жұмысын бастамақ. Бұл комиссияның негізгі міндеті не? Президент бүй деген:

«Комиссия (Жер реформасы жөніндегі комиссия) жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек. Басты міндеттің бірі - комиссия жұмысының және шешім қабылдаудың ерекше ашықтығын көрсету. Біз жерге қатысты қоғам тарапынан көтерілген барлық мәселені дұрыс және тиімді шеше аламыз деп сенемін».

Демек, комиссия ашық түрде жұмыс істеуге міндетті. Елдің көңілінде дық қалдырмай, мәселені болашақта қайта қарамайтындай етіп, осыған дейін туындап келген күдік-күмәнді сейілтетіндей жұмыс істеуге тиіс. Жалпы, заңдық тұрғыдан жер реформасы жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды. Комиссияның негізгі жұмыс органы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі екені айтпаса да түсінікті. Жалпы, құрамы енді бекітіліп жатқан жер реформасы жөніндегі комиссия туралы ережеде комиссяның міндеті қысқа-нұсқа түрде ұсынылған.

«Комиссияның міндеті жер қатынастары саласындағы, оның ішінде Үкімет басшылығы деңгейінде шешім қабылдауды қажет ететін проблемалық мәселелер бойынша ұсыныстар және ұсынымдар тұжырымдау болып табылады».

Комиссия құрамына 100-ге жуық адам кіргізілген. Төрағасы Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Тоғжанов Ералы Лұқпанұлы тағайындалса, Ауыл шаруашылығы министрі Омаров Сапархан Кесікбайұлы төрағаның орынбасары болып бекітілген. Комиссия құрамында комитет төрағалары мен түрлі лауазымды тұлғалар, депутаттар, кәсіпкерлер, шаруа қожалық иелері, журналистер және барлық облыс әкімдері бар.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Асқар Мамин қол қойған (19.03.2021 ж. № 62) «Жер реформасы бойынша комиссия құру туралы» өкімнен соң комиссияның ресми түрдегі жұмысы басталды деуге болады. Ал, комиссияның алғашқы отырысы 25 наурызға белгіленіпті.

Байланысты жаналықтар

Президент Қостанай өңірінің ауыл шаруашылығы әлеуетімен танысты

10.09.2024

Алматы облысында сібір жарасы бойынша карантин жарияланды

05.09.2024

Қазақстанда қанша бас мал бар?

29.08.2024

Елімізге сырттан бидай әкелуге тыйым салынады

31.07.2024

Ауыл шаруашылығы: шетелдік техника өндірушілерге субсидия азаяды

18.05.2024

АШМ: 32 млн малға 23 млн тонна жем-шөп дайын

24.09.2021
MalimBlocks
Президент Қостанай өңірінің ауыл шаруашылығы әлеуетімен танысты

Алматы облысында сібір жарасы бойынша карантин жарияланды

Бактериологиялық зерттеулердің нәтижелері белгілі болды

Қазақстанда қанша бас мал бар?

1 тамызда ауыл шаруашылығы санағының пилоттық жобасы іске қосылды

Елімізге сырттан бидай әкелуге тыйым салынады

Құжат 15 тамызға дейін ашық талқылауда болады.

Ауыл шаруашылығы: шетелдік техника өндірушілерге субсидия азаяды

Ал отандық өндірушілер үлесі 63,7%-ға жетеді

АШМ: 32 млн малға 23 млн тонна жем-шөп дайын