Жергілікті жаңа өкілді органның жұмысы қарқынды
Парламент мәжілісі және жергілікті мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы Қазақстанда демократия үрдісінің қанат жайып келе жатқанын көрсеткен маңызды қадам болды. Партиялық тізім және бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша жаңа аралас сайлаудың өзіндік қиындығы болғаны жасырын емес. Мәселен, Астана қаласы бойынша 788931 сайлаушы тіркелгенімен, оның ішінде 332694 азамат өз таңдауын жасаған. Айта кетейік, Amanat партиясы 12 мандатқа ие болса, Қазақстан халық партиясы – 1 мандат, «Байтақ» жасылдар партиясы – 1 мандат, «Ақ жол» демократиялық партиясы – 3 мандат алды. Тағы 17 депутат бір мандатты округтер бойынша Астана қаласы мәслихатына өтті. Жалпы, елорда мәслихатының құрамында 34 депутат бар. Сегізінші сайланым депутаттарының бірауыздан қабылдаған шешімімен Ерлан Каналимов Астана қаласы мәслихатының төрағасы болып сайланғаны белгілі. Қазіргі таңда Астана қаласының мәслихаты бірқатар ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып жатыр. Осы айда мәслихат төрағасы Ерлан Каналимовтың басшылығымен ағымдағы жылға арналған бюджетті нақтылау мәселелері бойынша кезектен тыс сессия өткізілді. Сессия жұмысына қала әкімі Жеңіс Қасымбек, қала әкімінің орынбасарлары, аудандардың әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары, жұртшылық және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Манқараев 2023 жылға арналған меншікті кіріс жөніндегі жоспарды 71,5 млрд. теңгеге көбейту жағына қарай қайта қарау туралы хабарлады. Ол бірлескен отырыста депутаттардың сыни ескертулеріне байланысты бюджетті нақтылау жөніндегі материалдарға өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Дәстүр бойынша бюджеттің негізгі бөлігі әлеуметтік саладағы шығындарға бағытталып отыр.
Мәселен, денсаулық сақтау саласына қосымша қаражат тұмауға және А гепатитіне қарсы вакциналарды сатып алуға, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қосымша қамтамасыз етуге көзделген. Ал әлеуметтік қорғау саласында қарттар мен мүгедектігі бар адамдар үшін жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге, бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің қызметтерін ұсынуға арналған шығыстар жоспарланды. Білім беру саласында - оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға және жеткізуге, дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалтуға және әлеуметтік бейімдеуге, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға, сондай-ақ мәдениет саласындағы мемлекеттік шығармашылық тапсырысты және спорт саласындағы мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландыруды іске асыруға күш салынбақ.
Депутат Владислав Сергеев бюджетте әлеуметтік мәселелер, оның ішінде бұрын назардан тыс қалған пандустық аулалар көрсетілгенін атап өтті. Бюджетті түзету кем дегенде ішінара жөндеуді бастауға мүмкіндік береді. Сайлау кезеңінде қоғамдық көлікте электрондық төлем мәселесін шешу бойынша конкурс жарияланды. Бұл мәселені шешу өте маңызды, өйткені жыл сайын елорда жолаушылардың билетсіз жүруіне байланысты 3 млрд. теңгеге дейін жоғалтады. Қазір қаланың автобустарға деген қажеттілігін шешу жоспарлануда. Сергеев депутаттар мәселелерді шешуге барынша кірісетіндеріне сенім білдірді. Қалада бұрыннан келе жатқан мәселе бар - кейбір көпқабатты үйлердің қасбеттері алкобондпен қапталған. Жылына кем дегенде екі-үш үйдің мәселелерін шешу қажет. Сонымен қатар, елордада үнемі жел соғып тұратынын ескерсек, керамограниттан жасалған тақтайшалар да мәселені шешпейді. Осыған байланысты депутат бұл мәселелерді кезең-кезеңімен шешетін қалалық бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ, ол айына бір рет тұрақты комиссия мүшелерімен кездесу бастамасын еске салды.
Аулаларды жөндеуге қатысты Мемлекет басшысының жеке тапсырмасы бар, сондықтан бюджетте аулаларды көгалдандыру және абаттандыру шығындары ұлғайтылды. Әкім қаланың әр ауданында өз ерекшеліктері, шешілмеген мәселелері бар екенін атап өтті. Мәселен, Алматы ауданы тұрғындарының өтініштері бойынша көгалдандыру, аулаларды абаттандыру, Есіл ауданында саябақтармен - президенттік, ғашықтар саябағымен, су-жасыл бульвармен үлкен жұмыс күтіп тұр.
Сондай-ақ, Ж. Қасымбек биылғы жылы газдандыру, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау мәселелерін жабу керектігін айтты. Электрондық билеттендіру мәселесін шешу барысында жұмысқа депутаттар тартылатын болады. Елордада еліміздегі ең үздік зияткерлік жүйелердің бірі болуы тиіс. «7 бочек» ТК жобалауға бюджеттен ақшалай қаражат бөлінді, сондай-ақ «Азия парк» сауда үйімен үйлерді абаттандыру мен қасбеттерге жұмсалатын шығындар туралы уағдаластық бар.
Қалада жаңарту бағдарламасы әзірленді, оны әкімдік таныстыруға дайын. Қазіргі уақытта ірі қалаларды жаңғыртудың республикалық бағдарламасы дайындалуда, әкімдік ол бағдарламаға енуге тырысады. Қала алдындағы міндет алдағы 5-6 жылда ресми тіркелген 206 үйді қоныстандыру. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек кездесуге үнемі дайын екенін білдірді. Ол мамыр айының басында кез-келген мәселелер бойынша жиналыс форматында кездесуді ұсынды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб депутаттарды аз қамтылған азаматтарға 4,5 АЕК мөлшерінде 1 желтоқсанға орай көрсетілетін әлеуметтік көмекті Ұлттық мереке 25 қазанға Республика күніне ауыстыру ұсынылғанын хабарлады. Бұдан басқа, халықтың әлеуметтік осал топтарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында әлеуметтік көмектің мөлшерін 13 АЕК-тен (44 850 теңге) 20 АЕК-ке (69 000 теңге) дейін ұлғайту ұсынылады.
Сондай-ақ депутаттар мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісу, депутаттық әдеп мәселелері жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы, Астана қаласы мәслихатының Астана қаласының сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау жөніндегі Уақытша комиссиясын құру туралы және тағы басқа мәселелерді қарады.
Қалалық мәслихат әр түрлі саланы дамыту бойынша іс-шараларды кезең-кезеңімен өткізуде. Жуырда Азамат Айтхожинның төрағалығымен заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Мәслихаттың жұмыс жоспарына сәйкес, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған спорттық, ағартушылық және мәдени іс-шараларды өткізу, есепке алудың барлық түрлерінде тұрған кәмелетке толмағандар үшін бос уақытты ұйымдастыру жөнінде мәселе қаралды.
Отырыс жұмысына бос уақытты және жұмыспен қамтуды ұйымдастыру, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерімен айналысатын барлық мүдделі органдар мен ұйымдар қатысты. Олар осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Мәслихат депутаттары өз ескертулері мен ұсыныстарын да ортаға салды. Депутат Мағзұм Арсланбек дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысына воркаут, воретбол, скейтбординг сияқты бейінді спорт бағыттарын дамыту үшін басқарма қандай жұмыстар атқарып жатқанын, «қалада жастар арасында синтетикалық есірткі таралатыны белгілі, жастарды спортқа тарту бойынша ірі жобалар жоспарланған ба?» деген мәселе көтерді.
Депутат Талғат Ерғалиев агроқалашықта спорт кешендерінің, веложолдардың, саябақтардың, жастар спортпен шұғылдана алатын орындардың болмауына қатысты пікірін білдірді. Уәкілетті басқармалардың қаланың шет аймақтарындағы осы мәселені шешу жөнінде жоспарларын да сұрап білді. Депутаттың пікірінше, тұрғын үй алаптарына көбірек көңіл бөлу керек. Сондай-ақ, ол қаладағы спортпен айналысып жүрген спортшылар ғана емес, сонымен қатар жастар да, жас балаларымен ата-аналар да серуендеп жүретін жалғыз шаңғы трассасына қатысты мәселені көтерді. Оның ауданы аса үлкен емес. 2,5 шақырым ғана болғандықтан, велосипедшілердің серуендеп жүрген адамдармен соқтығысу қаупі бар. Оқыс жағдай орын алғанда ауыр жарақаттануды болдырмау үшін қандай да бір шектеу белгілері қажет. Сондай-ақ, депутат басқармалар көптеген қызықты іс-шаралар өткізіп жатқанын, алайда олар туралы халық бейхабар екенін, сондықтан халықты хабардар ету үшін әлеуметтік желілерді белсенді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Шаһарда жасөспірімдер мен жастарды ойын-сауық спорттық іс-шараларға тарту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау қажет-ақ. Алайда, осы бағытта атқарылған шаруалар көңіл көншітпейді. Депутаттар мұны жергілікті радио хабарландырулары арқылы ұйымдастыруға болатынын, жеткілікті түрде хабарланбайтындықтан, басқармалардың атқарған үлкен жұмыстары тасада қалып қоятынын жеткізді.
Сонымен қатар, қалада дене шынықтыру-сауықтыру кешендері көп болуы керек. Десек те, бой көтеріп жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешендері құрылысының тоқтап қалуы бұқаралық спорттың дамуына қолбайлау болып отырғаны жасырын емес. Депутат Владислав Сергеев әріптестерімен кеңесе отырып, ДШСК құрылысының көтеріңкі бағасы туралы мәселені талқылағандарын еске салды. Оның пікірінше, мәселені шағын орталықтар салу есебінен шешуге болады. Сергеев әр тұрақты комиссияның, қалалық басқармалар өкілдерінің құрамында жұмыс тобын құруды және инвесторлар күндіз балалар үшін және кешкі уақытта да ғимараттарды пайдалана алатындай етіп, МЖӘ жобалары арқылы ДШСК салу алгоритмін әзірлеуді ұсынды. Осылайша, қалада шағын дене шынықтыру орталықтарының қолжетімділігі мәселесі шешімін таппақ. Депутаттың пікірінше, қаланың шеткі аймақтарында үлкен спорт кешендеріне қажеттілік жоқ. Екінші жыл бойы Артспорт жобасын жүзеге асыруға орасан зор қаражат бөлінуде, бірақ әлі күнге дейін қалалық басқармалардың платформалары бөлек, бірыңғай платформа жоқ. Қазіргі уақытта жобаны іске асырумен білім басқармасы, спорт және мәдениет басқармалары айналысады, сондықтан бұл істі орталықтандырып, бір қолға беру ұсынылады. В.Сергеев спорт басқармасының басшысынан осы ахуал бойынша мәслихатқа ұсыныстар енгізуді сұрады.
Артспорт жобасын іске асыру бойынша проблемалық мәселелер бар. Тұрақты комиссияның төрағасы Айтхожин оператор тарапынан мониторингтің болмауы, бұл ЖСН деректерінің қате болуы және жас шектеулері сәйкес келмейтін балаларға ақы төлеу салдарынан 442 млн. теңгеден астам сомаға шығыстардың негізсіз артуына әкелгенін баяндады. Оның пікірінше, балаларды оқытуға арналған қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы анықталды, бұл 2 млрд. теңгеден астам сомада бюджет қаражатының ысырабына әкелген.
Ал Депутат Адамбеков мәслихат аппараты талқыланған мәселе бойынша 15 басқармаға хат жолдағанын, дін істері басқармасы бұл мәселе басқарманың құзыретіне кірмейтінін мәлімдегенін айтты. Депутат қалалық басқармалардың міндеттерді орындау деңгейін анықтайтын индикаторлардың бар-жоғын сұрады. Осыған байланысты ол әрбір аудан әкімдігіне жастар мәселелері бойынша Жол картасын дайындауды және оларды мәслихатта тыңдауды ұсынды. Картаға нашақорлықтың алдын алуға, деструктивті діни ұйымдарға және өзге де тармақтарды енгізу қажет, тек осы жағдайда ғана басшылық ағымдағы жағдай туралы толық хабардар болатынын жеткізді.
Мәслихат бұл жолы «үлкен спорт кешендері толық жүктелмеген, десек те олар қалай пайдаланылып отыр?» деген сауалды да талқаға салды. Депутат Тәжімұратовтың пікірінше, қала бойынша дене шынықтыру институтын құру керек, өйткені Алматыдан айырмашылығы, Астанада теория мен практиканы енгізу үшін база ретінде қолдануға болатын объектілер жеткілікті. Сондай-ақ, депутат өз округінің проблемалары туралы баяндады. № 24 мектепте спорт алаңы бар, алайда онда жұмыс аяқталмағандықтан, алаң пайдаланылмайды. Тәжімұратовтың пікірінше, қазір бала тәрбиесі интернет, мысалы, TikTok арқылы жүзеге асырылуда. Бұдан шығатын қорытынды, қалалық басқармаларға жасөспірімдер тәрбиесінде оң білімді насихаттай алатын, TikTok ұқсас IT бөлімдерін құру. Мәслихат депутаттары осы мәселелердің орындалуын қадағалайтынын айтты.
Мәслихат депутаттары назарға алған тағы бір мәселе – Астана қаласындағы арнайы экономикалық аймақтардың қызметі. Олар алдын ала жоспарлы объектілер – елорданың арнайы экономикалық аймақтарын аралап, жүргізілген аудит материалдарымен танысқан.
Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов қызметтері тиісінше 2027 және 2042 жылдарға дейін жоспарланып отырған екі индустриялық парк - «Астана - жаңа қала» және «Астана – технополис» арнайы экономикалық аймақтары бойынша ақпарат берді. «Астана - жаңа қала» АЭА портфеліне 95 жоба кіреді екен. 5736 жұмыс орнын құрумен 50 жоба пайдалануға берілген. Әкімжанов №1 индустриялық парктің мазмұнына, яғни инфрақұрылымына, экспорт көлеміне, өндіріс көлеміне егжей-тегжейлі тоқталды. Сондай-ақ, ол проблемалық аяқталмаған жобалар туралы баяндады, ең алдымен бұл - нөсер кәрізі, шаруашылық-тұрмыстық кәріз, индустриялық паркті электрмен жабдықтау. Осыған байланысты техникалық аудит жүргізу қажет. №2 индустриялық паркке қатысты Әкімжанов техникалық-экономикалық негіздеме бар екенін айтты. Парк аумағында газдандыру процесі басталған. Нәтижесінде кейбір кәсіпорындар автономды жүйеге көшуде.
«Астана Invest» ЖШС басшысының міндетін атқарушы 11 жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын баяндады, оның ішінде газбетон блоктары, вакуумдық ажыратқыштар мен микропроцессорлық жүйелер, қабырға панельдері өндірісі. Бүгінгі таңда құрылымдар салынып біткен, пайдалануға беру күтілуде. Қазіргі уақытта дайындығы әртүрлі кезеңдерде тұрған, бірақ негізінен құрылымдары салынған 8 жобаны іске асыру жоспарланып отырғаны анықталды. Тиімділікті арттыру үшін министрлікпен бірлесіп алдағы екі жылға арналған Жол картасы әзірленген. Парктерді толтыруды ескере отырып, мынадай бағыттар дамытылатын болады – әлеуетті инвесторларға одан әрі беру үшін, өндіріс тоқтап тұрған жер учаскелерін алып қою және қосылған құны жоғары жоғары технологиялық және импортты алмастыратын жобаларға бос учаскелер беру. Сондай-ақ жұмыс орындарын ұлғайту үшін кеңейту және жаңғырту мүмкіндігі бар жұмыс істеп тұрған өндірістерді талдау қажет. IT жобалар мен жаңа технологияларды жүзеге асыру үшін жаңа парк салу ұсынылады.
Алайда, комиссия төрағасы ұсынылған ақпаратқа қанағаттанбайтынын айтты, өйткені оның пікірінше, қызметтің тек 3 бағытын дамыту ЖШС алдына қойылған міндеттерді шешуді қамтамасыз ете алмайды. Тұрақты комиссия мәслихаттың ұйымдарға жолданған алдыңғы шешімдерін мұқият зерделеді. Айта кетер бір жайт, мәслихаттың 2018 жылғы шешімдері әлі орындалмаған. Мәслихат осы мәселелер бойынша қаржылық аудит жүргізу қажеттілігі туралы ұсыныстарын білдірді.