Зиялы қауым қайраткер Кешірім Бозтаевты еске алды

Оның батыл бастамалары негізінде елімізге жойдасыз нәубет әкелген ядролық сынақ полигоны тоқтатылғаны мәлім

Malim Админ

  • 28.07.2023

Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, адамзатқа ажал заһарын сепкен Семей ядролық полигонының жабылуына бірден-бір ықпал еткен күрескер Кешірім Бозтайұлының туғанына 90 жыл.  Осы мерейлі датаға орай, Семей шаһарындағы  облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Дара тұлға» атты еске алу шарасы өтті. 

Біртуар тұлға Семей облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы болған уақытта ерен ерлік көрсеткен. Оның батыл бастамалары негізінде елімізге жойдасыз нәубет әкелген ядролық сынақ полигоны тоқтатылғаны мәлім. 

Отансүйгіш, күрескер азамат сол кезде Кеңес одағының тізгінін ұстаған Михаил Горбачевке бірнеше рет хат жазып, атом аждаһасын тойтаруға шақырды.  Ол онымен тоқтап қана қоймай,  Әлемдік деңгейдегі мэрлер конференциясы аясында хат  алмасып, зұлмат күннің келмеске кетуіне зор үлес қосты.

Тұлғаны есімін ел жүрегінде жаңғыртуға арналған тәлімі мол шараға Мұрат Сейсенұлы, Зере Кәменқызы, Амантай Исаұлы, Айтқали Есімханұлы сынды зиялы қауым,  Абай  облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты.    

Кешірім Бозтаевтың көзін көріп, пікірлес болған жандар оның  Тәуелсіздік алған жылдары, 1992 жылы қабылданған  ядролық сынақтар кесірінен зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік жағынан қорғау туралы Заңын айрықша атап өтті. Себебі, қарымды қайраткер осы заңның жүзеге асуына тікелей мұрындық болғаны белгілі. Сонымен қатар,  ядролық сынақтың  тақсыретін тартқан тұрғындарды медициналық оңалтатын ауқымды бағдарламаны өз қолымен жасап, қолданысқа енгізгеніне тоқталды. Бозтаев еліміздің  айтулы қоғам қайраткерлерімен тізе қосып, диалог құрып Халықаралық дәрежедегі  «Полигон – 29 тамыз» атты  қайырымдылық қорының негізін салды. Аталмыш  қор 2002 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының кеңесінде консультативтік мәртебеге  ие болғаны мәлім.   

Кешірімхан Бозтайұлы  1997 жылдан бері қарай  Ұлттық қауіпсіздік мәселелерін зерттеу академиясының толық мүшесі, академигі болып еселі қызмет  етті. Елеулі еңбегі ескеріліп үш  мәрте Еңбек Қызыл Ту орденін, түрлі медаль, Қазақстанның жоғарғы кеңес, құрмет грамоталарына ие болды.  Шаһардың дамуына қосқан үлесіне орай «Семей қаласының құрметті азаматы», «Семей медициналық академиясының құрметті профессоры», Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қызметкері атағымен марапатталды. 23 жыл бұрын  Аягөз шаһарында Бозтаевтың өзі білім алған мектебіне есімі берілді. Осы оқу ошағында көрнекті тұлғаның өмірі мен қызметіне арналған мұражай ашылған болатын. 2001 жылы Семей қаласындағы  үлкен көшелердің бірі  Кешірім Бозтаев атымен атала бастады.  Қайраткер қасіреті жөнінен  үшінші дүниежүзілік соғыспен пара-пар болған нәубетті тоқтатуға саналы ғұмырын  арнады.   Оның өнегелі де батыл, табанды істері өскелең ұрпақ үшін қай кезде де өшпес үлгі.

Байланысты жаналықтар

Жидебайға жемқорлық емес, қамқорлық керек     

26.05.2023

Марат Құрманбаев:  Мақсатымыз - полигон туралы  жаңа Заң қабылдау  

31.08.2022
MalimBlocks
Жидебайға жемқорлық емес, қамқорлық керек     

Бұл жөнсіздікке қатысты адам деп Абай музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбайдың аты аталды

Марат Құрманбаев:  Мақсатымыз - полигон туралы  жаңа Заң қабылдау  

Әлеуметтік төлемақы  мемлекет есебінен төленуі керек