Марат Құрманбаев:  Мақсатымыз - полигон туралы  жаңа Заң қабылдау  

Әлеуметтік төлемақы  мемлекет есебінен төленуі керек

Олжас Қасым

  • 31.08.2022

Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына - 31 жыл. Күні кеше семейліктер Түйемойнақ аралындағы «Өлімнен де күшті» монументіне арнайы барып,  полигон құрбандарының рухына тағзым жасады. Биылғы шараға алғаш рет "Комитет "Полигон-21" қоғамдық бірлестігінің құрылтайшылары мен белсенді мүшелері қатысты. Олар  қолданыстағы заңның күшін жойып, заманауи талаптарды ескере отырып, полигон туралы  жаңа Заң қабылдауды көздеп отыр.  "Комитет Полигон 21" қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Марат Құрманбаевпен Malim.kz тілшісі аз-кем сұхбаттасты.  


- Жуырда Абай облысының бір топ белсенділері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдерінен құралған «Полигон-21 Комитеті» Қоғамдық бірлестігі жұмысын бастады.  Білуімізше, бұл ұйым Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендерді қолдау мақсатын көздейтін секілді... 

- Өздеріңізге белгілі, 1949 жылы 29 тамызда бұрынғы Абыралы ауданының Дегелең тауында алғашқы атом бомбасы жарылып, адамзат баласына жойқын алапат әкелді. 40 жылға созылған бұл жарлыстардың зардабы ұшан-теңіз. Кеңес одағының ядролық стратегиялық объектісі болған полигонда түрлі «эксперименттер» жүргізілді. Ядролық және термоядролық жарылыстардың салдарынан Семей аймағында тұратын адамдардың бірі мүгедек болып қалса, екіншісі айықпас дертке шалдықты. Белгісіз ауруларға ұшырап, азаппен қайтыс болғандардың қатары көбейе түсті. Радиацияның кесірінен дүниеге келгендер генетикалық мутацияға  ұшырады. Дүние есігін ашқан мың баланың 100-і тумай жатып шетінеді. Аяқ-қолсыз туғандар мен ақыл-есінің кем болғандардың, анемияға, аллергиялық, созылмалы ауруларға ұшырағандар санының артуы Семей аймағындағы тұрғындарға тән құбылысқа айналды. Онкологиямен ауырғандардың да қатары өсті. Өкінішке орай, халық бұл қасіреттің зардабын әлі де тартып келеді. Ғалымдардың өзі, радиацияның салдары тұқым қуалап, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырғанын айтады. Бұл қазіргі қоғамдағы өзінің өзектілігін жоймаған үлкен мәселе.

Былтыр полигонның жабылғанына 30 жыл толуына орай Семей қаласында халықаралық конференция өткен болатын. Соның шешімі бойынша бірлестік құрылды.  Ұйым жуырда ғана ресми түрде тіркеліп, жұмысын бастады. Басты мақсатымыз - қолданыстағы заңның күшін жойып, заманауи талаптарды ескере отырып, полигон туралы  жаңа Заң қабылдау; Аумақты әлеуметтiк-экономикалық дамыту жөніндегi нақты шаралары айқындау. Осылайша біз бұрынғы полигон аймағында тұратын халықтың жеткілікті деңгейде әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етілуін, яңни азаматтардың әлеуметтік жағынан қорғалуын, зейнеткерлікке ертерек шығуын,  халыққа қажетті медициналық көмектердің сапалы берілуін талап етіп отырмыз.  Қазіргі уақытта қоғамдық бірлестіктің бастамасына тек Семей қаласының ғана емес, еліміздің өзге де өңірлерінде тұратын азаматтар барынша қолдау білдіріп, атсалысуда. Жергілікті әкімдік те мүдделі екенін білдіріп отыр.

- 1992 жылы  "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк жағынан қорғау туралы" заңы қабылданғанын білеміз. Жаңа заң қабылдатудың қандай себептері бар?

- Ел егемендігін  алған жылы Семей ядролық сынақ полигоны да  жабылды. Күн тәртібінде зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау оларға әлеуметтік өтемдер, жеңілдiктер беру, аумақты әлеуметтiк-экономикалық дамыту мәселесі тұрды. Осы мақсатта 1992 жылғы 18 желтоқсанда "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк жағынан қорғау туралы" заңы қабылданды. Бұл жаңалыққа 40 жыл радиацияның уын жұтқан халық бастапқыда бөркін аспанға атып қуанған еді. Алайда сол аталған заңның аты болғанымен заты жоқ болып шықты. Іс жүзінде полигон аймағында тұратын және дүниеге келген азаматтар бұл заңның ешбір игілігін көріп отырған жоқ.

2019 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Семейге келген сапарында Полигоннан зардап шеккен азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет екенін айтып, Үкіметке арнайы ұсыныстар әзірлеуді тапсырған еді. Алайда содан бері бірнеше жыл өтсе де нақты әрекетті байқаған жоқпыз. Баяғы жартас сол жартас.

"Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк жағынан қорғау туралы" заңда аймақтағы жұмыс істейтін азаматтардың жалақысына ай сайын 1,5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 4594 теңге ғана экологиялық үстеме қосылады. Бірақ оның өзіне барлық азаматардың қолы жете бермейді. Жеке бизнеске жалданып жұмыс істейтіндер сол азын-аулақ төлемнің өзін ала алмайды. Негізі әлеуметтік төлемақы  мемлекет есебінен төленуі керек. Салытырмалы түрде алып қарасақ: Көршілес Ресей Федерациясында азаматтарды қолдау тетіктері әлдеқашан жолға қойылған. Зейнеткерлікке белгіленген мерзімнен 10 жыл бұрын шығады. Жалақысына қомақты үстемеақы қосылады. Мұнымен қоса, дәрігерге қаралуға жеңілдіктер мен жылына 1 рет курорттық демалыс қарастырылған.  Алысқа бармай ақ өзіміздің Арал өңірін алып қарасақ. Мұнда экологиялық зардап шеккен азаматтардың айлық еңбекақысына 50 пайыз қосымша есептеліп тиісті төлемдер жүргізіледі. Ал дағдарыс аймағы бойынша, Қызылорда қаласы мен Байқоңыр қаласы бойынша, сонымен қатар аудандарға 1,3 коэфицент, яғни 30 пайыз еңбекақыға қосымша төлемдер беріледі. Бізде де сондай қолдаулар болуы тиіс. Азаматтардың еңбек демалысын берумен бірге, бір айдағы орташа жалақы есебінен материалдық көмек көрсету, дәрi-дәрмектермен тегiн қамтамасыз ету, санаторий-курортқа мемлекет есебінен жолдамалар беру, коммуналдық қызметтердің ақысына жеңілдіктер болуы қажет деп есептейміз.

- Бұл ретте донор елдердің тәжірибесі назарға алынған болар...

- 2020 жылы 21 желтоқсанда Нью-Йорк қаласында БҰҰ-на мүше мемлекеттерді Семей өңірінің халқын оңалтуға, қоршаған ортаны қалпына келтіруге және экономикалық дамуына үлес қосуға шақыратын БҰҰ Бас Ассамблеясының Қарарына қол қойылды.

Осылайша, донор елдердің тәжірибесі мен ықпалына сүйене отырып, Семей қаласы мен іргелес аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға мүмкіндік туып отыр. 118 донор ел осы қаулыны мақұлдағандықтан, біздің қазіргі міндетіміз – бүкіл Семей өңіріндегі, сонымен қатар  Павлодар мен Қарағанды облыстарының жекелеген аудандарындағы халықты оңалту-сауықтыру, қоршаған ортаны қалпына келтіру және экономикалық дамуы және іс-шараларды үйлестіру жұмыстарын жетілдіруіміз қажет. Біз көтеріп отырған мәселе өзімізге ғана керек. Қазір «алма піс – аузыма түс» деп қол қусырып отыратын уақыт емес. Сондықтан, қолымыздан келгенше атсалысайық.

         Қазір еліміздің әр аймағында қол жинау шаралары жүріп жатыр. Мақсатымыз, мүдделі азаматтардан орта есеппен 200 мың қол жинау.  Егер, Сіз радиацияның зардабын  көрген халық қолдауға лайық деп санасаңыз осы маңызды шарадан шет қалмаңыз! 

Фото: Vlast.kz      

Байланысты жаналықтар

Азаматтық алатындар қазақ тілін білуге міндеттеледі

21.05.2024

Зиялы қауым қайраткер Кешірім Бозтаевты еске алды

28.07.2023
MalimBlocks
Азаматтық алатындар қазақ тілін білуге міндеттеледі

Шетелдіктерге арналған тесттер даярланады.

Зиялы қауым қайраткер Кешірім Бозтаевты еске алды

Оның батыл бастамалары негізінде елімізге жойдасыз нәубет әкелген ядролық сынақ полигоны тоқтатылғаны мәлім