Жоғары сот судьясы қамауға алынды
Жоғары сот судьясы Мейрам Жанғұттинов екі айға қамалды.
Сәуірдің 9-ы күні Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты Мейрам Жанғұттиновтың екі айға қамауға алынғаны жөнінде мәлімдеме таратты.
«Бұған дейін хабарланғандай, 2021 жылдың 11 ақпанында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Жоғары соттың ішкі қауіпсіздік бөлімі бірлесіп, ЖС судьясы Ж пара алды деген күдікпен ұстаған. 2021 жылдың 9 сәуірінде Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Ж екі айға қамауға алуға үкім шығарды», - делінген мәлімдемеде.
Ақпанның 11-і күні БАҚ-та Жоғары сот судьясы Мейрам Жанғұттиновтың 8 мың доллар пара алып, ұсталғаны жөнінде ақпарат тараған. Ол шымкеттік судьяға Нұр-Сұлтанға ауысу үшін көмектесу мақсатында 25 мың доллар пара алмақ болған. Мейрам Жанғұттиновпен бірге пара берген шымкенттік судья Лиза Тұрғынбаева да ұсталған. Мейрам Жанғұттинов Жоғары соттың конкурстық таңдау кеңесінің мүшесі. Ол судьялардың елордаға ауысуына ықпал ете алатын болған.
2011 жылы экс-денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевті 7 жылға дәл осы судья соттаған. Сол уақытта Досқалиевке де «аса ірі көлемде пара алды» деген айып тағылған. Жанғұттинов ол кезде Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы болған.
Бұдан бөлек, Мейрам Жанғұттинов ел есінде 2013 жылы елордада жарылыс жасамақ болған «Астана террористері» ісін қарауымен қалған. 2014 жылы оған Әділет академиясының «құрметті профессоры» атағы берілген.