Жоқ оппозицияны парламентке қайдан таппақ?

Malim Админ

  • 06.05.2020

Бүгін мәжіліс депутаттары парламенттік оппозиция туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құқық қорғаушы Евгений ЖОВТИС оппозиция жоқ елде мұндай заң жобаларын қабылдауды профанация десе, саясаттанушы Димаш ӘЛЖАНОВ билік парламент сайлауына дейін өзіне ыңғайлы бір-екі партияны тіркеп жіберуі мүмкін деп есептейді.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛЛИННІҢ айтуынша, депутаттардың өздері бастамашы болған парламенттік оппозиция туралы заң жобасы президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ тапсырмасымен әзірленген. Заң жобасы бойынша өзін "оппозициялық партия" деп жүрген "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат ПЕРУАШЕВ баяндама жасады. Перуашевтің айтуынша, "Парламент пен оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заң жобасына "парламенттік оппозиция" түсінігі енгізілген. "Бұл мәжілістегі парламенттік көпшілікке жатпайтын, саяси, әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша парламенттегі көпшіліктен ұстанымы ерекшеленетін саяси партиялар", - дейді А.Перуашев.

Бірақ қызығы, карантин кезінде конституциялық заңдарды апыр-топыр мақұлдап жатқан парламентте ұстанымы көпшіліктен ерекшеленетін партия бар ма дегенге А.Перуашев тоқталып жатпады. Оның баяндамасын тыңдаған өзге әріптестері де мұны қазбалап сұрамады.

Заң жобасын парламентте асыра мақтаған "ақжолдықтардың" сөзінше, заң парламенттік оппозиция депутатына бір комитеттің төрағасы болуға жол ашады. Сондай-ақ парламенттік оппозицияға парламент палатарының бірлескен отырысында, тұрақты комитеттер мен жұмыс топтарының отырысында сөз сөйлеуге кепілдік береді.

"Бір-екі партияны тіркей салуы мүмкін"

Саясаттанушы, "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының мүшесі Димаш ӘЛЖАНОВ  осы заң жобасы арқылы билік халықаралық қауымдастық алдында жалған имидж қалыптастыруға тырысып жатыр дейді. "Елде оппозиция әрекет ете алатындай кеңістік мүлде жоқ. Президент Тоқаев қызметіне кіріскенде экономикадан бұрын саясатқа көңіл бөлуіміз керек, саяси реформалар іске асырылады деген екіұдай мәлімдеме жасады. Алайда билікпен бөлісуге ниеті жоқ, саяси қысымды әлсіретуге де құлықсыз, сондықтан наразылықты басып, жалған имидж қалыптастыру үшін көзбояу жасап жатыр", - дейді Д.Әлжанов.

[caption id="attachment_3364" align="alignleft" width="309"] Димаш Әлжанов
Фото vlast.kz порталынан алынды[/caption]

Д.Әлжановтың айтуынша, бұл заң жобасы бір-екі партияның тіркелуіне жол ашуы мүмкін. "Қазіргі "Ақ жол" мен Коммунистік халықтық партия билікке елде саяси плюрализм, көппартиялық бар деп спекуляция жасауға мүмкіндік бермейді. Парламенттік оппозиция туралы әу бастан сөз қозғалып еді, тіркеу процесін бастап кеткен күштер шықты. Тіпті "біз оппозиция емеспіз, бірақ режимге көмектесуге әзірміз" дегендер де болды. Мәселен, "ХАҚ" (Тоғжан Қожалиева "Халыққа адал қызмет" партиясын тіркеуге былтыр әрекеттенді - ред.). Бұл - билікке қарсы шығып, басын тәуекелге тігуге дайын емес, режимді ауыстыруға немесе демократияландыруға тырыспайтындар үшін мүмкіндік. Сондықтан парламенттік оппозиция болуға келіскендер наразылық көңіл күйін жік-жікке бөліп тастайды. Бұл да саяси технологияның бір түрі. Оның үстіне билік "оппозиция рөлін айқындадық, парламенттен орын беріп, қаржы бөлдік" деп ұпайын түгендеп алады", - дейді Д.Әлжанов.

Саясаттанушы елде парламентке өткен партиялар бюджеттен қаржыландырылатынын еске салып, парламенттік оппозицияға мәжілістен жеті орын берілсе, салық төлеушілер есебінен жылына  миллион доллар алатынын айтты.

Төтенше жағдай жарияланғанға дейін кей партиялардың алдағы парламент сайлауына дайындықты бастап кеткені көзге түсті. Енді карантинге қарамастан конституциялық заңдарды апыл-ғұпыл қабылдап жатқан парламент те сайлауға дайындықты бастап кеткендей.

Димаш Әлжанов парламент сайлауының нақты қай күні өтетінін тап басып айту қиын болғанымен, сайлау бір жыл ішінде өтіп қалуы бек мүмкін деп есептейді. "Сайлау қашан өтетінін дайындыққа қарап топшылауға болар. Мәселен, Бауыржан Байбек төтенше жағдай басталғанға дейін аймақтарды аралап жүрді. Нақты мерзімін айту ерте, алайда бір жылдың ішінде өтіп қалуы ықтимал".

Қызығын көретін – "Ақ жол" мен ҚХКП

Құқық қорғаушы Евгений ЖОВТИС жүйелі оппозиция атымен жоқ жерде мұндай заңды қабылдау арқылы билік парламенттен аз орын алған партияларды "оппозициялық" деп атамақ дейді.

[caption id="attachment_3365" align="alignleft" width="318"] Евгений Жовтис Фото: Azattyq.org[/caption]

"Елде жүйелі оппозиция жоқ. Жүйелі оппозиция болуы үшін бірнеше нәрсе керек. Ол ең алдымен – саяси плюрализм. Яғни қоғамдағы түрлі көзқарас. Екіншіден, саяси партияларды еркін құрып, оларды тіркеу барынша оңай болуы тиіс. Ол партияларға барлық мемлекеттік арналардың эфирінен орын берілуі керек. Ол телеарналарда саяси дебаттар өтіп тұруы тиіс. Ал мұның бәрі жоқ па, олай болса парламенттік оппозиция туралы заңнан келіп-кетер пайда жоқ. Партияны тіркеу үшін 40 мың қол орнына 20 мың адамның қолын жинау да  ешнәрсе өзгертпейді. Кедергілер оған дейін жасалуы мүмкін. Мысалы, "Наше право" партиясының құрылтай съезін өткізуге мүмкіндік бермеді", - деді Е.Жовтис.

Е.Жовтистің айтуынша, жаңа заң бойынша, парламенттегі оппозицияны саяси көзқарас пен ұстанымына қарап емес, парламенттен берілген орын санына қарап ажыратпақ. "Парламенттік оппозиция заңына сәйкес, парламенттегі оппозиция деп саяси көзқарасы өзгешелерді емес, парламентте аз орын алған партияларды атамақ.  Парламенттегі көп орын "Нұр Отандікі", олай болса одан аз орын алған партияларды оппозиция деп санамақ. Бірақ бұдан еш нәрсе өзгермейді. Парламенттік оппозиция деген тіркес енгізілсе де, одан оппозиция пайда бола салмайды", - дейді құқық қорғаушы.

Е.Жовтис те Д.Әлжанов тәрізді мұндай заңдар көзбояу үшін қабылданып жатыр дейді. "Саяси партиялар туралы", "Сайлау туралы", "Бейбіт жиындар туралы" заңдар тәрізді бұл заң да – профанация.  Бұл құдды бір түбегейлі өзгеріс жасамасақ та, өзгеріс жасап жатырмыз дегендей бос әңгіме. Ондай заң қабылдағаннан парламентте оппозиция пайда бола қалмайды. "Ақ жол" немесе ҚХКП-ны оппозициялық деуге келмейді. Олар - үнемі президентті қолдап дауыс беріп жүрген партиялар. Олар әлдебір нәрсеге қарсы шығып, қарсы дауыс беріп, митингіге шығып, қандай да бір саяси идеяларды ұсынған кезі есіңізде ме? Сондықтан бұл көзбояу үшін қабылданған заң".

"Ақ жол" оппозиция" деген – анекдот"

"ХАҚ" партиясын құру бастамашыл тобының жетекшісі Тоғжан ҚОЖАЛИЕВА "елде оппозиция жоқ, үкімет оған құжат бермесе, оппозиция болмайды да"  дейді. "Бұл 2000 жылдар басында жазылған заң жобасы. Сол кезде өзін-өзі ақтаған шығар. Қазір керек пе, жоқ па, айта алмаймын. Өйткені елде оппозиция жоқ. Ал "Ақ жолдың" бұл заң жобасын шығарып, өзін оппозиция ретінде санауы анекдот сияқты дүние", - дейді ол.

Материалды көшіріп басуға болмайды

Карикатура авторы: Ғалым Смағұлұлы

 

Байланысты жаналықтар

Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сұрақтарына жауап берді

30.10.2024

Ринат Зайытов тапсырманы уақытында орындамайтын министрлерге шүйлікті

30.10.2024

Екі жыл ішінде 23 есірткі зертханасы жойылған

29.10.2024

Грузиядағы парламент сайлауында билік партиясы жеңіске жетті

27.10.2024

Грузияда парламент сайлауы басталды

26.10.2024

195 рет жол ережесін бұзған жүргізуші ұсталды

24.10.2024
MalimBlocks
Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сұрақтарына жауап берді

Еліміздің ішкі жалпы өнімі 2025 жылғы $321 млрд-тан 2029 жылы $498 млрд-қа дейін өседі

Ринат Зайытов тапсырманы уақытында орындамайтын министрлерге шүйлікті

Депутат жайлы мектептер мәселесін қозғады

Екі жыл ішінде 23 есірткі зертханасы жойылған

14 ұйымдасқан қылмыстық топтың жұмысы тоқтатылды

Грузиядағы парламент сайлауында билік партиясы жеңіске жетті

Оппозициялық партиялар наразылық ұйымдастырмақ

Грузияда парламент сайлауы басталды

Елде 3044 сайлау учаскесі ашылған

195 рет жол ережесін бұзған жүргізуші ұсталды

Көлік жүргізушісі қамауға алынды