Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Сингапурдың аға министрі Ли Сянь Лунмен кездесіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ли Сянь Лунның келіссөздері барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше мән берілді.
Тараптар цифрландыру және жасанды интеллект, білім беру, агроөнеркәсіп және көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобалардың перспективаларын қарастырды. Әсіресе Орта дәліздің әлеуетін арттыру және цифрлық сауда мен логистика бағытындағы ынтымақтастыққа назар аударылды.
Екі ел арасындағы сауда көлемі айтарлықтай өсіп келеді. 2025 жылы тауар айналымы 1 млрд долларға жуықтаса, 2026 жылдың алғашқы алты айында бұл көрсеткіш 777 млн долларға жетіп, бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 2,5 есе артқан. Ал 2025 жылы Сингапурдан Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі екі есеге өсіп, шамамен 1,5 млрд долларды құрады.
Кездесу қорытындысында су ресурстарын тұрақты басқару және Орта дәліздегі мультимодальды тасымалдар, сауда мен цифрландыру салаларында екі құжатқа қол қойылды. Сингапур тарапы Қазақстанмен жасанды интеллект, цифрлық даму және STEM бағыттарында бірлескен оқыту бағдарламасын өткізуді де жоспарлап отыр.