200 мыңнан астам астана тұрғыны тегін емделе алмайды
217 мыңнан астам астаналық МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры елорда филиалының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Биылғы бірінші тоқсанда астана бойынша МӘМС жүйесіне қатысушылар саны 5817 адамға артқан. 2022 жылдың қаңтар айында 1 025 256 адам болса, 2022 жылдың 1 сәуіріндегі көрсеткіш – 1 031 073 (жалпы халықтың 82,6%). Алайда елорда тұрғындарының 217 728-і МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Нұр-Сұлтан қаласында мұндай болғанда басқа өңірлердің жағдайы нешік?!
Қазақстанда медициналық көмектің толық спектрі МӘМС жүйесінде «сақтандырылған» мәртебесі бар азаматтарға көрсетіледі. Бұл ретте жеңілдікті 15 санаттағы 11 млн адамға жарнаны мемлекет аударады. Олардың бәрінің «сақтандырылған» мәртебесі бар және медициналық көмекті ақысыз алады. Ал МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтарға медициналық қызмет тек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ғана көрсетіледі. Оған кіреді: шұғыл жағдайлардағы медициналық көмек, учаскелік маманның қабылдауы, шұғыл операциялар, әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу және тағы басқасы (толық тізбемен қор сайтында танысуға болады).
(Көнекі фото: ашық дереккөзінен алынды).