Әкім Шахаровтың шаруасын жастар істеп жүр
Ақтөбелік белсенділер қоғамдық көліктің проблемасына биліктің назарын аударту үшін ерекше флешмоб пен фотосессия ұйымдастырды. Олар жолаушыларға лық толы көлік, үнемі кешігіп жүретін автобус, ескірген қоғамдық көліктердің жанында тұрып суретке түсіп, оны әлеуметтік желілерде жариялады. Белсенділер әсіресе карантин жағдайына мүлдем мән бермейтін тасымалдаушы компаниялардың жұмысына наразы.
Аялдамада сағаттап автобус күтіп шаршаған Ақтөбенің белсенді жастары қоғамдық көліктерге қатысты мәселені көтеріп, биліктің назарын флешмоб арқылы аудартпақшы. Сөздерінше қоғамдық көліктер пандемияны ұмытқан сияқты. Өйткені автобустарда санитарлық қауіпсіздік мүлдем сақталмаған. Оған қоса қала ішінде жүретін қоғамдық көліктер аз. Сондықтан олар санитарлық талапты күшейту үшін алдымен қаладағы автобустарды көбейітсін деп билікке талаптарын қойып отыр.
«Біріншіден автобус өте аз. 320 авторбус, ал Ақтөбе қаласының халқы 500 мың адам. Бұл өте аз ғой. Сосын картамен төлем жоқ. Ол деген қазір пандемия кезінде ақшаны қолма қол беруге болмайды ғой. «Массовый скаплениеге» рұқсат етпейді, бірақ автобустарды қарасаңыз адамдар тығылысып тұрады. Ол дұрыс емес», –дейді белсенді Әмина СЕЙТІМОВА.
Белсенділер бұл мәселе жалғыз Ақтөбе емес, Қазақстанның барлық өңірлерінде де барын айтады. Бай мемлекетте тұрып, қоғамдық көлікке жарымау ұят. Алайда бұл проблеманы тұрғындар көп көтере бермейді. Өйткені қорқады, - дейді Назерке ЖҰМАЛИНА.
Қазақстанда бәрі сөйлеуге қорқады. Өз ойын айтуға қорқады. Біз шығармашылық бағытта, әртүрлі элюстрация арқылы адамдардың назарын аударғымыз келеді. Өз ойыңды айту қорқынышты емес. Бұл біздің ғана проблемамыз емес, барша қазақстандықтардың проблемасы дейді белсенділер.
Әкімдіктегілер қаладағы қоғамдық көліктердің ара қашықтығының ұзаруына жол жөндеу жұмыстары мен автобустардың жеткіліксіздігі себеп деп отыр. Сөздерінше тендерді ұтқан компаниялар келісім-шартты дұрыс орындағылары келмейді. Ал санитарлық талаптардың сақталмауын өздері де тексеріп, біліп тұрады екен.
«Жүргізушілердің және кондукторлардың бет перде, қолғап таққандарын тексереміз. Және күнделікті бағытқа неше автобус шыққанын және аралық уақыттарын тексеру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта «Автопарк» ЖШС тарапына 14 хат жолданды, ал «Ақтөбе жолаушылар автокөлігі» кәсіпорнына 8 хат жолданды», - дейді Ақтөбе қалалық ТҮКШ бөлімінің жетекші маманы Жайық ҚОДАШ.
Қазір Ақтөбеде жолаушылар тасымалымен айналысатын екі компания елу бағыт бойынша қызмет көрсетеді.
Фотолар автордікі.