Алаш ардақтысының мектебі алаңдатарлық жағдайда тұр
Ауылға интернет құрамыз дегелі екі жыл болыпты
Бір ғасырлық тарихы бар мектеп
Ұлт мүддесі жолында «қалғанша жарты жаңқам мен сенікі» деп, қазақтың рухани және материалдық қажеттіліктерін өтеген Алаш ардақтысы Медеу Оразбайұлы. Ол заманында сауатты, зерделі, көшелі зиялылардың бірегейі болды. Қазақ баспасөзінің дамуына қаржылық қолдау танытқан тұлға Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев сынды арыстармен жақсы таныс, пікірлес болғаны белгілі. 1908 жылы Әлихан Семей абақтысында жатқанда оған азаматтық демеу көрсетіп қана қоймай, қымыз, тамақ апарып тұрғаны жиі айтылады.
Ұлтының керегіне жараған Медеудің соңына қалдырған айтулы ісі – Шыңғыстау атырабында салдырған мектебі. 1922 жылы Мұхтар Әуезовтің кеңесімен өзі тұратын Қыдыр тауының баурайындағы Ақтан бұлағының басында өз қаражатымен мектептің іргетасын қалаған. Семейден түйемен қызыл кірпіш тасытып, сол уақытта озық мектеп тұрғызады. Оған мұғалімдерді Семейден алдырып, оларға өз қалтасынан жалақы төлеп, кедей, жалшылардың балаларын оқытуы – оның шын мәніндегі көрегенділігінің жарқын мысалы. Бұл мектепте Шәкір Әбенов, Жақсыберді Мұхаметжанов, Зікірия Рақымжанұлы, Ташпық Құтжанұлы, Рахым Жандыбайұлы секілді белгілі тұлғалары балаларға ұстаздық еткен. «Медеу мектебі» он жылдың шамасына дейін жұмыс істеп тұрған. 1931 жылғы Шыңғыстау көтерілісі болып елді жаппай тұтқындап түрмеге тыққан кезде мектеп те жабылған. Алайда, сол төңіректе бой көтерген Медеу ауылдық мектебі сол білім ошағының заңды жалғасы деуге болады. Былтыр осы оқу ордасына 100 жыл толды. Белгілі бір себептерге байланысты тарихи нысанның мерейтойын медеуліктер биыл дүркіретіп атап өткен болатын.
Медеу мектебінің жағдайы мүшкіл
Бірақ, Медеу ауылының қуанышы көпке созылмайтын сыңайлы. Бір ғасырдың куәгері болған мекемеде бала саны жыл өткен сайын азайып барады. Осы орта мектепті 20 жылдан астам уақыт бойы басқарған Серікқазы Кәрібжанов оқу ошағының қазіргі ахуалы алаңдатарлық жағдайда екенін жеткізді.
«Қазір Медеу орта мектебінде 45-ақ оқушы қалып отыр. Мектепалды даярлықпен айналысатын шағын орталықты есепке алғанда 60 балаға әрең толады. Биылғы оқу жылында бізге жоғарғы жақтан қоқаңдап жатыр. «Мектептеріңді 9 жылдық, негізгі мектепке айналдырамыз»,- деп отыр. Заңдылығы бойынша мектепте 41 оқушыдан жоғары болса, негізгі мектеп болып қалады. Егер бала саны 81-ден асса, орта мектеп статусымен қала береді.
Осы уақытқа дейін мектепті «шықпа жаным, шықпа» деп әупірімдеп ұстап келдік. Жаңа облыс ашылмай тұрып, Шығыс Қазақстан облысына қарағанымызды білесіздер. Өскемен көп қоқаңдамайтын еді. Ал өз облысымыз ашылып еді, құқай басталды. Статусқа сәйкес емессіңдер, мектепті қысқартуымыз керек деп жатыр. Әрең отырған ауыл жабылып қалады-ау, халық көшіп кетеді-ау дегенді ойлайтын әкімдік жоқ»,-дейді ол.
Медеу мектебі жалпы 207 оқушыға шақталып салынған. Дәл қазір 23 мұғалім, 19 техникалық қызметкер, 45 оқушы, шағын орталықта 15 бала бар. Мекеме 41 адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Ауыл тұрғындарының дені осы білім мекемесінен нанын тауып, отбасын асырауда. Биылғы оқу жылында Медеу мектебін екі-ақ бала бітірді. Екеуі де жоғары оқу орнына грантқа оқуға түсті. Дегенмен, ауылдастардың көңілдері күпті болып отыр. 9 жылдық болып қалсақ, сағат саны қысқарады. «Қайда барып жұмысқа тұрамыз, ауылды тастап көшуге тура келеді»,- деп алаңдап жүр»,-дейді С.Кәрібжанов.
Мектептің экс-директорының айтуынша, үш қабатты мектеп жаңа оқу маусымына сақадай-сай тұр. Биыл 100 жылдық мерейтойды жасағанда мектеп түлектері бірігіп, 10 млн ақша жинап берген. Сол қаражатқа оқу орнын түгелдей жөндеуден өткізіпті. Ауылда елді мекен мен мектеп тарихынан сыр шертетін үлкен музей ашылған.
Ауылдың тыныс-тіршілігін жетік білетін Серікқазы Кәрібжанов тұрғындардың қолы әлі күнге интернетке жетпей отырғанын жеткізді. «Ауылға интернет құрамыз дегелі екі жыл болды. Екі ай бұрын Жарма ауданындағы Үшбиік ауылынан биіктігі 60 метр интернет мұнарасын (вышкасын) алып келген болатын. Осы уақытқа дейін пайдаланылған мұнара екен ол. Олар кабельді интернетке қосылған соң істемей тұрған құрылғыны Абай ауданы сатып алды. Соны алып келіп, ауылымыздағы таудың басына орнатты. Электр жарығы толық тартылған. Алайда, не себептен екенін білмейміз, интернет әлі қосылған жоқ. «Әне келеді, міне келедімен» мұнара сол күйі тұр. Көңіл толтыратын жұмыс байқалмайды. Ауылдар құрып кете ме, оған бас қатыратын ешкім байқалмайды»,-деп ашынады.
Облыстағы бастықтар «бала жинауды» тапсырыпты
Медеу ауылдық орта мектебінің жағдайына байланысты Абай облыстық Білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиевке хабарластық. Ауыл тұрғындарының алаңдап отырған мәселесін тіке жеткіздік. Басқарма басшысының айтуынша, білім ошағын негізгі мектепке ауыстыру күн тәртібіне қойылмаған.
«Оқушы саны 81-ге жетпесе негізгі мектепке ауыстырылады. Бірақ, біз ауыл әкімдігіне бала санын толтыруды қарастыруды тапсырдық. Бұл мәселе негізі біздің құзыретімізге кірмейді. Медеу ауылы секілді Бесқарағай ауданында да оқушы саны жөнінен орта мектеп статусына жеткіліксіз мектептер баршылық. Әзірше биыл Медеудегі білім мекемесі орта мектеп болып қалады»,-дейді Нұржан Нығметоллаұлы.
Аймағамбетовтің ауыл болашағына балта шабатын бұйрығы
Ауылдардың болашағына балта шабатын қадам экс-министр Аймағамбетовтің бұйрығынан туындап отыр. 2022 жылғы 6 мамырда Білім және ғылым министрінің № 185 бұйрығы шыққан. Білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативінің 4-тармағында «кіші, орта және жоғары мектеп жасындағы адамдардың саны 81 және одан көп болғанда, мемлекеттік жалпы орта білім беретін ұйымның жұмыс істеуіне кепілдік беріледі» делінген. Аймағамбетовтің бұйрығы бір ғана ауылдың мектебін емес, облыстағы талай білім ордасының шаңырағын ортасына түсірді. Еліміздің әр аймағы осындай жөнсіздіктің кебін киген. Дәл қазір Абай облысында негізгі білім беретін мектеп саны 38-ге жеткен.
Статистиканы «семіртумен» айналысатын облыс ауылға көңіл бөле ме?
Ауыл мектептерінде бала саны азайса, оны қысқартуды ойлап тұратын Оқу және ағарту министрлігі «ауыл әкімдеріне оқушы табыңдар деп тапсырма бергіш» әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істейтін күні бола ма? Өкінішке қарай облыс басшылығы статистиканы «семіртумен» айналысып жатқандай. Абай облысының Бесқарағай, Абай аудандары мен Абыралы өңірі мектептегі бала тапшылығының зардабын сезіп жатса, облыс әкімдігі Үржар, Жарма аудандарында 80-50 орындық шағын мектептер салғалы отыр. Осылайша, аймақтағы білім беру саласындағы тапшылықты шешпекші.
Мемлекет саясатының басты бағытының бірі – ауылдарды жойылудан аман алып қалу болатын. Сондықтан, мектептерді жаппай, сақтап қалу екібастан қолға алынатын шаруа. Алайда, депутат креслосына жайғасқан экс-министрдің бұл әрекеті әупірімдеп тұрған білім мекемелерін тіпті құлдыратпақшы. Осылай кете берсек, еліміздегі талай мектептің тоз-тозы шығайын деп тұр. Онсыз да қалаға үдере көшкен халық мектебі жабылса ауылда бір күн де тұрақ таппасы анық.