Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

Министрлік ол  шешімнің күшін  жойып, мектепке құжат қабылдайтын уақытты 1-қыркүйекке дейін созды

Олжас Қасым

  • 22.07.2024

Жаңа оқу жылының басталуына бір айдан астам уақыт қалды. Мектептерді қандай өзгерістер күтіп тұр? Білім мазмұнын жаңарту ісінде қозғалыс бар ма? Балалардың ауыр сөмкесін жеңілдету үшін не істеу керек?.. Осы және өзге де  сауалдарымызды білім сарапшысы, «Qazbilim» орталығының жетекшісі Аятжан Ахметжанұлына қойған едік.


                                                    ҰБТ көрсеткіші төмен

- Ұлттық біріңғай тестілеу аяқталды. Өзіңіз басқаратын орталықта да тестке талапкер даярладыңыздар. Жалпы, биылғы елдегі түлектердің білім сапасы қалай? ҰБТ-ның өту барысын қалай бағалар едіңіз?

- Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі 2020 жылдан бері қарай тазаруға бет бұрды деуге болады. Бұл үрдіс 2021-22 жылдары өте жақсы деңгейде жүрді. Биыл Ұлттық біріңғай тестілеу орталығы басшыларының ауысуына байланысты жабық мекемеге айналып кете ме деген қорқыныш бар. Үш-төрт жыл аталған жүйеде ашықтық болды. Биыл мемлекет бойынша ҰБТ-ның орташа нәтижесі 68 ұпайды көрсетті. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Жаңылмасам, шектік балл алған оқушылар көрсеткіші – 75 пайыз. Бірақ бізде қазір шектік балл 50 ұпай. Десек те, Ұлттық бірыңғай тест балы 140 болған жағдайда, орташа ұпай кемінде 70 болуы керек. 50 пайыздан төмен түспеуі қажет еді. Мемлекет бойынша ҰБТ-ның орташа нәтижесі 68 ұпай болғаны елдегі білім сапасының төмендігін көрсетеді.

Ұлттық бірыңғай тестілеу. Фото: Ult.kz  

-Таяуда дәстүрлі «Тамыз кеңесі» өтеді. Биылғы білім беру саласы мамандарының басқосуынан не күтесіз? Былтырғы кездесудегі іске асырылады деп көзделген жоспарлар мен міндеттер лайықты деңгейде орындалды ма?

- Жалпы былтыр айтылған дүниелер бос сөз болып қалды. Соңғы жылда Оқу-ағарту министрлігінің жұмысы қожырап кетті. 2021-22 жылдары қабылданған оң шешімдердің кейбірі күшін жойды. Мысалы, 1-сыныпқа баратын баланың құжат тапсыру мерзімі 31-шілдеге дейін жүргізілетін. Тамызда 1-сынып оқушылары жаңа маусымға әзірлене бастайтын. Ол мектеп үшін де қолайлы еді. Өйткені, оқушыларды тамызға дейін қабылдап алады. Қанша шәкірттің нақты оқитыны белгілі болады. Ары қарай сыныптар мен  мұғалімдер  санын нақтылай береді. Ал қазір министрлік ол  шешімнің күшін  жойып, мектепке құжат қабылдайтын уақытты 1-қыркүйекке дейін созды. Біздің халықтың менталитетін ескерсек, асықпай, соңғы күндері құжатын алып мектепке жүгіреді. Егер 25 немесе 28-тамызда жаңа сынып ашылып жатса мектеп мұғалімі мен оқулығын қалай толықтырып үлгереді?!

                           Оқушы сөмкесін қалай жеңілдетуге болады?

- Орта мектептерде оқитын балалардың көбін ата-аналары жыл бойы қосымша білім беретін орталықтарға таситыны жасырын емес. Осыған қарап, орта білім беретін мектептердегі білім сапасы қалай деген сұрақ туады? Мұның негізгі себеп-салдары неде?

- Оның себеп-салдары кешенді. Біріншіден, әлем бойынша білім сапасы жоғары елдерде мектеп бір ауысымды. Яғни, таңнан кеш батқанша білім ошағы балаға өз функциясын толыққанды көрсетеді. Ал бізде өзіңіз білетіндей оқушылар екі немесе үш ауысыммен оқиды. Мектеп өз қызметін ойдағыдай атқармай, келесі ауысымды қабылдауға мәжбүр. Екіншіден, білім заңы бойынша бір сынып оқушылары 24 баладан аспауы тиіс. Бұл шектен асқанда оларды бөлу керек. Елімізде бір сыныпта 45 балаға дейін отыратын жағдайлар бар. Үшіншіден, біз өзіміздің білім беру деңгейімізді мойындау үшін әлемнің орта мектептерінде үйретуге тиісті бағдарламаларын қабылдадық. Олай етпеген жағдайда, қазақстандық оқушылардың білімін әлем университеттері мойындамайды. Сөйте тұра біз, орта білімге қатысты әлемдік стандарттарды қабылдамадық. Мысалы, озық елдер 12 жылда беретін білімді біз 11 жыл оқытамыз. Әлемде оқушылар бір жылда 185 күн шамасында оқыса, біз 159 күндей оқимыз. Осы себептер біздегі білім беру саласындағы бағдарламалардың қиындауына, оқушының қалыпты қабылдау деңгейінің төмендеуіне алып келеді. Төртіншіден, Тәуелсіздік алғаннан бері  2018-2019 жылға дейін білімге жөнді қарамадық. Мұғалімдік мамандыққа ең төмен ұпай алғандар барды. Яғни, Қазақстанда кадрлық қосын нашарлады.  Соның салдарынан білім сапасы кері кетті. Елімізде 2019 жылдан бастап білім саласына озат кадрлар келе бастады. Бұл өзінің нәтижесін 2029 жылдары беруі мүмкін. Себебі, педагог 4 жыл бакалаврда оқиды, 5 жыл маманның қалыптасу кезеңіне кетеді дегенді ескерсек, осындай ұзақ уақытқа созылары айқын. Ал сапасыз кадрлар жазған оқулықтар оқушының дұрыс білім алуына кері әсер етеді. 

Амал жоқ, ата-аналар баласы сапалы білім алсын десе халықаралық деңгейдегі жекеменшік мектепке береді. Сондай-ақ, Назарбаев зияткерлік мектебі, Білім инновация лицейі, РФМШ сияқты таңдаулы білім мекемелеріне апарып оқытады. Немесе, мемлекеттік мектепте оқитын балаңызды жарты күн қосымшаға беруге тиіс боласыз. 

- Бастауыш сыныпқа баратын балалардың мектеп сөмкесі ауыр екені айтылып жүр. Бұғанасы қатпаған балалар мектептен үйге бірнеше ауыр кітапты тасып жүреді. Балаларды ауыр сөмкелерден арылту мәселесі қашан шешімін табады?

- Егер мектеп бір ауысымды, барлық баланың жеке кабинеті болса бұл мәселе өздігінен шешілер еді. Үй тапсырмасына керекті кітабын өзімен бірге алып жүреді, қалғанын мектепке қалдыруға болады. Бұл жерде тендер мен кітап шығарып отырғандардың да мүддесі бар. Оқулықтарды электронды форматқа көшіре алмай жатқанымыздың бір себебі осында.

                 Оқу бағдарламасының жаңармағынына 8 жыл

- Білім мазмұнын жаңарту бойынша үнемі пікір білдіріп жүрсіз. Өзіңіз де комиссия құрамында бар екенсіз. Оқу бағдарламалары неге жаңармай жатыр?

- Бізде мектептің оқу бағдарламасы мен оқулықтары жаңармағалы 8 жылға аяқ  басып  барады. Білім заңына сәйкес, бір бағдарлама 4-5 жылда ауысып отыруы керек. Басқа пәндерді айтпай-ақ, информатиканы алайық. Бұл сала бойынша 8 жылда қаншама жаңалық болды. Жасанды интеллект, робототехниика, ақпараттық технология күн санап дамып жатыр. Ал біздің оқушылар осыдан 10 жыл бұрын жазылған оқулықты оқып жүр. Бұл балаларымызға жасалып отырған қиянат деп ойлаймын. Сондықтан мен дәл қазіргі министрліктің командасымен келесі оқу жылын бастауды құптамаймын. 

- Осы ретте бір сұрақ: Кезінде өзіңіз бар, Өмір Шыныбекұлы және тағы басқа белсенді білім сарапшылары бар, экс-министр Асхат Аймағамбетовпен жақын жұмыс істедіңіздер. Өзіңізді мектеп директоры қылып та тағайындағаны мәлім. Қазіргі ведомство басшысы Ғани Бейсембаевпен қарым-қатынастарыңыз қалай? 

- Бұрынғы министр Аймағамбетовпен қоян-қолтық аралассақ та әлеуметтік желіде министрлікті ашық сынадық. Құжаттардың кем-кетігін дәлелдеп көрсеттік. Ол біздің сынымызды жақсы қабылдады. Қазіргі министрге бірер сын айтқан адам – ата жауы.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.  Фото: primeminister.kz  

- Қайбір жолы сізді сынағандар көбейді дегенді естідік. Әлеуметтік желіден де алыстағандай болдыңыз. Оған не себеп болды?

- Шыны керек, кейінгі жылы Бейсембаевтан бастап біраз министрліктен менің тарапыма және басқаруымдағы мекемеге шабуылдар жасалды. Соған байланысты өткен жылы күзде көп мөлшерде экономикалық кризиске ұшырадық. Өздеріңізге белгілі ұлттық мектептер желісін қалыптастыру мақсатында еліміздің әр аймағынан 9 «Qazbilim» лицейін аштық. Оны жүргізуге қаншама қаржы керек. Сондықтан, «байтал түгіл, бас қайғы» дегендей, мен экономикалық процестермен айналысып кеттім. Бұрындары министрлікке жанайқайымызды естірту, оларға жұмыс істету үшін, келеңсіздіктерді болдырмау үшін көп сынайтынбыз. Ал қазір сынай қалсаң, қуғындауға дайын отырады. Айтқаныңнан еш нәтиже жоқ. Сондай әрекеттерді көргеннен кейін қолды бір сілтегің келеді.  

- Оқу-ағарту министрігі Сіз басқаратын орталыққа материалдық қолдау жасап тұрушы ма еді?

- Мен ешқашан үкіметтен тендер алмаған адаммын. Материалдық қолдау сұрамаймын. Өз басым «қолдау көрсетпей-ақ қойыңдар, бірақ кедергі де жасама» деген принциппен жұмыс істегім келеді. Аймағамбетовтің тұсында да осы сөзімді айтатынмын. Ешкімнен ештеңе күтпеймін. Белгілі бір жоба ретінде дамуға, қалыптасуға құқымыз бар. 

Оқи отырыңыз: http://Маман тапшы жерге жұмысқа барғандарға 9 млн теңге беріледі

                 Ұлттық мектеп тұжырымы 2027 жылы ұсынылады

- Бір сұхбатыңызда әлі күнге дейін қазақ мектебінің бірыңғай брендтік моделі қалыптаспағанын айттыңыз. Осы мақсатта ұлттық мектеп концепциясын қолға алдыңыз. Алайда, жалғыздың үні шықпасы белгілі жайт. Алдағы 10 жыл ішінде ұлттық мектеп құру мүмкін бе?

- Мен үлкен деңгейде кәсіби мамандармен біріге отырып ұлттық мектептің негізгі концепциясын жасап жатырмын. Ең алғашқы жұмысымызды Астанадағы №90 мектеп-гимназиясында бастадық. Өкінішке қарай, оны аяқтауға мүмкіндік бермеді. Негізі мемлекеттік мектепте бұл шаруаны іске асыру жеңіл еді. Экономикалық мәселелерге бас қатырмайсың. Ал жекеменшік мектептің желісінде бұл қиын. Өйткені, сенің негізгі міндетің оқу-тәрбие ісін ұйымдастырудан тыс, кадрларға жалақы тауып беру, ғимараттың коммуналдық шығындарын төлеу болады. Қалай дегенмен де, қиын жолға түссек те, ілгерілеп келе жатырмыз. 2027 жылы қоғамға толыққанды ұлттық мектеп концепциясын ұсынғалы отырмыз. Былтыр мысалы,  Қостанай облысында балалардың 71 пайызы орыс сыныбына, 29 пайызы қазақ мектебіне барды. Айталық, үлкен қалаларда жекеменшік мектептер көптеп ашылуда. Мәселен, Астанада жұмысын бастаған 61 жеке мектептің 5-уі ғана қазақша. Дәл осындай кезде бұл идеология ауадай қажет.  Осыған байланысты ұлтқа жаны ашиды-ау деген азаматтардан қолдау сұрадық. Бірақ, ешкім бастамамызды құптамады.

- Аралас мектептер жайына да қоғамды алаңдау бары байқалады. Жаңа оқу жылында мұндай мектептер саны тағы да арта түседі деген ақпарат бар...

- Әрине, артады. Өйткені, Оқу-ағарту министрлігі де, әкімдік те жұмыс істеп жатқан жоқ. Биыл ашылатын «Жайлы мектептердің» қаншасы таза қазақ тілінде білім береді? Жаңылмасам, Астанада осындай 8 білім ошағы ашылады. Оның 8-і де аралас мектеп. Осыдан кейін не айтасыз? Соңғы жылы елордада мемлекеттік және жекеменшік серіктестікпен 6 Binom мектебі ашылды. Соның бәрі аралас. Сондықтан, бұл мәселемен Үкімет, министрлік, әкімдік құлықты болмаған соң біз секілді ат төбеліндей аз адам алысады. Одан нәтиже бар ма?!  

- Әңгімеңізге рақмет

Фото: Аятжан Ахметжанұлының facebook парақшасынан

Байланысты жаналықтар

Астаналық әйел өзін ерікті ретінде таныстырып, қарттарды алдаған

07.09.2024

Елорда мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов ұсталды

07.09.2024

«Бірлік керуені» көшпенділер ойынына Алтайдағы ең үлкен сарқыраманың суын апара жатыр

04.09.2024

Астаналық ұстаз соттасып жүріп біліктілігін арттырды

03.09.2024

Алматыда алғашқы «Жайлы мектеп» ашылды

02.09.2024

2 қыркүйекке арналған ауа райы болжамы

02.09.2024
MalimBlocks
Астаналық әйел өзін ерікті ретінде таныстырып, қарттарды алдаған

Елорда мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов ұсталды

Оның мүліктері мен премиум санаттағы пәтеріне шектеу қойылған

«Бірлік керуені» көшпенділер ойынына Алтайдағы ең үлкен сарқыраманың суын апара жатыр

Су – Дүниежүзілік көшпендер ойындарының басты символы

Астаналық ұстаз соттасып жүріп біліктілігін арттырды

Алматыда алғашқы «Жайлы мектеп» ашылды

Онда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті кедергісіз орта, балалар шығармашылығын дамытуға арналған аймақтар қарастырылған

2 қыркүйекке арналған ауа райы болжамы

«Қазгидромет» РМК еліміздің барлық өңірінде ауа райына байланысты ескерту жариялады.