Әскери қызметтен кетпесем, үш баламен жалғыз қалуым мүмкін еді

Нұрсұлу Уразбаева – отбасылық психолог. Бірнеше жыл әскери салада қызмет еткен ол өміріндегі қиындықтардың шешімін психологиядан тапқан. Кейіпкеріміз ата-анасының өмірін қайталаудан қорқып, жаңа салаға бет бұрған. Нұрсұлу үш жыл бұрын психологияға қызыға бастамаса, бүгінде күйеуінен ажырасып, үш баласын әкесіз тәрбиелеп отыруы да мүмкін еді. Өзі солай дейді.

Айшолпан КЕРІМ

  • 22.06.2021

Негізі Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде жұмыс істейтінмін. Жолдасым да осы саладан, достарымыз да әскери қызметкерлер. Психолог боламын дегенде, бәрі «Сектаға кіріп кеткенсің бе?» деп, бұл мамандықты анау айтқандай мамандық көрмеді. Басында, жолдасымның өзі сенбеген соң, әрине, қиын болды.  Жарты жылға жуық «Нұрсұлу бір адамдардың әңгімесін, мұңын тыңдап, соларды «оқиды», бір сектаға кіріп кетті» деді. Бірақ жолдасыма да, басқаға да бірдеңені дәлелдеп жататын уақыт жоқ еді.

Он жылға жуық үлкен психологиялық қысым мен өмірлік ауыртпалықтардың астында көміліп, жоқ болып кетуге таяған шағым еді...

Ақырындап, психологияны зерттеп, оның қай саласына икемім бар екенін іздене бастадым. Алғашында түрлі қысқа тренингтерден өтіп, клиент қабылдай бастадым. Қазір кәсіби білім алу жолындамын, студентпін.

Ең бірінші клиентім онкологиялық ісікпен күресіп жүрген адам еді. Ол ем алып жүрген емханамен келісіп, медициналық емімен қатар, сол жерде психологиялық көмек көрсететін болып шештім. Байқағаным, науқас үшін жалғыс дәрі-дәрмек пен дәрігер көмегі жеткіліксіз. Дәрігерлер дәлелге сүйеніп, «Мүмкін емделіп кетерсің, бұл ісіктің соңы өлімге де апаруы мүмкін» деп оңай айта салады. Осы тұста психологтың қолдауы адамның өмірге, емделуге деген құлшынысын арттырар еді.

Нұрсұлу Уразбаева - отбасылық психолог - Malim

Арада бірнеше ай өткен соң Нұрсұлуға алғашқы клиентінің жақыны қоңырау шалып, оның өмірден өткенін жеткізген. Осыдан кейін Нұрсұлу отбасылық психология саласына бейімделе бастаған.

Психологияда, өмірде ең бастысы – өзгеге зиян тигізбеу. Ал мен мұнымен қатар, міндетті түрде адамдарға пайдам болса екен деймін. Жоғарыда айтып өткен клиентіме зияным болмады, бірақ пайдам тигені де шамалы. Ал отбасылық психология саласында қадамдарымды қазір сәтті басып келе жатқандаймын.

Адамдар «Күйеуім, енем мені түсінбейді», «Басығым мені кемсітеді» дегенді айтып келеді. Алайда сеанс соңында кінәлі олар айтқан жолдасы, енесі немесе бастығы да емес, бала шақтан қалған жаралары шығып жатады. Көмек сұрап келетіндердің көбі өткенге ренішін жібергісі келмегенімен қатар, өз мойнына жауапкершілік  алғысы келмейді. «Кезінде ата-анам оқуымды қадағаласа, қазір жақсы жерде жұмыс істер едім» деу, әрине, жеңіл. Өмір бойы ата-ананы кінәлап қойып, «құрбан» психологиясымен жүре беретіндер көп.

Кейде психологқа келіп отырып, жауапкершілікті маман мойнына ілгісі келетін адамдар да болады. Біз оларды тыңдаймыз, кейін «Демек сіз былай істеуіңіз керек» дегенді айтпаймыз, осы бір мәселенің шешім жолын өздері көруіне мүмкіндік жасаймыз. Сеанс аяқталып, мәселенің мәні белгілі болғанның өзінде, клиент жауапкершілікті мойнына алғысы келмесе, жұмыс сол жерде тоқтатылады. Мәжбүрлеу, дәлелдеу біздің қызметімізге кірмейді.

Дегенмен бүгінде психологтарға сұраныс артуының өзі адамдардың жауапкершілігінің артқаны мен өз-өздерін түсінуге деген ұмытылысы деп білемін. Байқасаңыз, психологиялық сеансқа байланысты бекітілген баға нарығы жоқ. Мен бір сағат үшін 15 мың теңге аламын. Тек курс, қысқамерзімді дәрістерді оқып, әр сағаты үшін 200 мың теңге сұрайтындар да бар. Мұны маркетингті жете білуімен және қызмет аймағымен, клиенттерінің кім екенімен түсіндіруге болатын шығар. Менің клиенттерімнің бір айлық жалақысы 200 мың теңгеге жетпеуі де мүмкін, мысалы.

Осыдан кейін Нұрсұлу алатын ақшасы аз  болса да, жоғарыдан берілген қабілеті барын мақтан ететінін, сол арқылы адамдарға көмектесе алатыны үшін қуанышты екенін айтып қалды. Кейіпкеріміз психология – кәсіптен бұрын қабілет дегенге сенетінін айтқан соң, көріпкелдік жайлы әңгіме өрбіді.

Қатты қиналып жүріп, тіпті құмалақшының көмегіне жүгінгенім бар, қазір күлкім келеді. Есіктен кіре сала, «Ой, жаным, қиналып жүр екенсің» дегеніне одан әрі егіле кеттім. Құмалақшыға қай бір жетіскен адам барады? Мен өзге мәселемен барсам, «Ата-енең оңбаған, басқа жігітке күйеуге шығуың керек еді» деп миымды улап, бірақ қайтарды.

Нұрсұлу Уразбаева - отбасылық психолог - Malim

Кез келген уақытта қоңырау соғып, «Ой, сен психологсың ғой, мынадай жағдай болып тұр, не істейін?» деп мысқылдайтын да таныстарым бар. Ай сайын өзім де психолог көмегіне жүгінетінімді естіп, «Жындысың ба?» деп таң қалатындар бар. Мен ең әуелі адаммын ғой, сезімсіз робот емеспін. Әр адамның мұңын тыңдап, барлық негативті энергиясы бойымызға сіңіп қалады. Сондықтан, ай сайын сол бір жайсыз энергиядан арылып, тазаланып тұру үшін психологтар бір-бірімізге барып тұрамыз.

... Психолог атанғаныма жарты жыл өтті, үйде теледидар қарап отырсам, жолдасым келіп, психологиялық сағат өткізуімді сұрады. Адамдар қайта-қайта хабарласып, жазылып жатыр, ақша төлей бастады, осыдан кейін күйеуім де сенді. Кейін «Әйелің екенімді ұмыт та, көзіңді жұмып, бар дертіңмен бөліс» дедім.

Психологияға өз өміріндегі қиындықтарды шешу үшін келдім деген Нұрсұлу тек сұхбат соңында он жыл бойы жүк еткен дертімен бөлісті. Кейіпкеріміз жолдасымен ажырасудан қорыққан күндерін еске алғанда көзіне жас келгенін байқадық.

Он бес жасымда ата-анам ажырасып кетті. Бұған қатты қиналмасам да, кейін екеуінің арасында маған талас басталғанда тас-талқаным шықты. Мұны ешкімге білдірмедім, бірақ іштей үнемі анамды кінәлаумен болдым. Жолдасым үйленуге ұсынысты махаббатпен жасады. Басында бәрі жақсы еді, кейін қарызға белшемізден баттық, ұрыс-керіс көбейді. Бір күні ойланып отырсам, күйеуім де, әкем де үйдің кенжелері екен. Одан бөлек тұрмыста да жолдасыма қарап, әкемді көргендей болатынды шығардым. Ал анаммен бес жылға жуық араласпай кеткен едім. Анда-санда хабарласып, «Сен тура менің өмірімді қайталап жатырсың, кейін балаларың да сол өмірді қайталайды» дей беретін. Осыдан кейін ата-анам сияқты ажырасып кетем бе деп, үш балам әкесіз қала ма деп қорқа бастадым. Осының мәнін психологиядан таптым. Өзімді қолға алмасам, әскери қызметтен кетпесем қазір үш баламен жалғыз қалуым да мүмкін еді ғой. Бір жыл ішінде өміріміз күрт өзгерді: жұпыны жалдамалы пәтерден төрт бөлмелі үйімізге көштік, ата-анаммен ара-қатынасымыз да түзелді, табысымыз да артты. Бағаналы әңгіме еткен жауапкершілікті мойнына алғысы келмейтін клиенттерді менен артық түсініп, менен жақсы көмектесер адам кемде-кем екенін, неліктен онкологиялық ауруы бар науқастан кейін, отбасылық психологияға бет бұрғаным енді түсініктірек болған шығар...

Байланысты жаналықтар

«5-6 бала туып тастайды»: Танымал психолог әйелдердің жыл сайын бала туатынына қарсы шықты

05.11.2024

Маңғыстаулық педагогтар эвристикалық тағылымдамадан өтеді

17.10.2024

Қазақстанның барлық мектебінде ата-аналар жиналысы өтеді

23.09.2024

Елімізде оқушылар арасында 1500 балаға 1 психологтан келеді – Динара Зәкиева

22.09.2024

Маңғыстаулық психологтар 5 компонентті оқыту бағдарламасын аяқтады

18.09.2024

Ақтөбеде 7-сынып оқушысы жүкті болып қалды

12.09.2024
MalimBlocks
«5-6 бала туып тастайды»: Танымал психолог әйелдердің жыл сайын бала туатынына қарсы шықты

Ол тек 3 бала туу керегін айтады

Маңғыстаулық педагогтар эвристикалық тағылымдамадан өтеді

Олар «Demeu 2.0» әлеуметтік жобасы аясында білім алады

Қазақстанның барлық мектебінде ата-аналар жиналысы өтеді

Елімізде оқушылар арасында 1500 балаға 1 психологтан келеді – Динара Зәкиева

Балалар омбудсмені жұмысты ақсатып тұрған әкімдіктерді кінәлады

Маңғыстаулық психологтар 5 компонентті оқыту бағдарламасын аяқтады

Ақтөбеде 7-сынып оқушысы жүкті болып қалды

Жасөспіріммен психологтар жұмыс істеп жатыр