Біз мұнайшыларға, мұнайшылар үкіметтің аузына қарап отыр

Malim Админ

  • 28.05.2020

Коронавирустан кейінгі әлем мұнайдан бас тартатыны рас сияқты. Олай болмаған күннің өзінде Қазақстан үкіметі солай ойлайтын көрінеді. Бұлай дейтініміз, Қазақстанның Жерқойнауын пайдаланушылар одағы осымен екінші мәрте үкіметке өтініш жазып, көмек сұрап жүр. Ал, үкімет үнсіз.

«Қазақстанның жерқойнауын пайдаланушылар одағы» заңды тұлғалардың бірлестігі үкіметке ашық хат жазып, көмек сұрады. Бір қарағанда, экономикасы мұнайға байланған елдің мұнай өндіруші компанияларының мемлекеттен көмек сұрауы шетін жағдай. Бірақ, соңғы кездегі мұнай бағасының адам сенгісіз деңгейге құлдырауы мен коронавирус салдарынан тоқтаған өндірістерді есепке алсақ, бұлай болуына таңғалуға да болмайды. Таңғаларлығы, бұған дейін бизнесті салықтан босату керек деп ауыз жаппай айтып жүрген Ақорда мен үкімет өзінің негізгі «асыраушысын» қиын жағдайда қалдырып, үнсіз отырғаны. Әлде, мұнайдан түсетін салыққа үйреніп алған билік қазіргі қиын кезеңде де мұнайдың пайдасына сеніп отыр ма...

[caption id="attachment_4108" align="alignleft" width="812"] Қазақстанның жерқойнауын пайдаланушылар одағының ашық хаты, 1-бет.[/caption]

Мемлекетке ашық хат жазған мұнайшылар бұған дейін салықты да уақытында төлеп, мемлекет алдындағы бар міндетін мүлтіксіз орындап келгендерін айтады. Мұнайдың бағасы жоғары болып тұрған кезде бұдан бұрынғы дағдарыстарды қиналмай еңсерген (тіпті, жұмыс орындарын көбейтіп, мұнайгаз өндірісін жаңғыртып) жерқойнауын пайдаланушылар мұндай қиын жағдайға алғаш түсіп отырғандарын айтыпты.

«Қазір біздің компаниялар қиын жағдайда қалды. Біз үкіметтен қаржылай көмек сұрап отырған жоқпыз, мұнай компанияларында істейтін мыңдаған жұмысшылар мен олардың отбасын өлместің күнін көруге мәжбүрлемей, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріндегі шешуші мәнге ие саланы сақтай отырып, дағдарысты еңсеруге көмектесетін нақты шаралар ұсынамыз», - деп жазылған.

Forbes.kz сайтының жазуынша, 7 сәуір және 5 мамыр күндері екі мәрте жолданған хатқа үкімет те, басқалары да әлі жауап бермепті.

Отандық мұнайшылардың мемлекетке ұсынып отырған нақты шараларының негізі – салық төлеуге қатысты. Салықтық жеңілдік болса, кейін төлеуге пұрсат берсе дейді.

«Мемлекет қолдауы болмаса, мұнайгаз компанияларының жұмысшыларды жаппай қысқарту мен жұмыстан шығаруына, тіпті, кәсіпорындардың жабылуына жеткізуі мүмкін. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне, шиеленіс пен толқуға, ал, жағдай тым құлдырап кетсе, әлеуметтік дүмпуге әкеп соғуы мүмкін. Сіздерден қазақстандық жерқойнауын пайдаланушылардың үніне құлақ асып, ұсыныстарымызды қарастыруларыңызда сұраймыз».

Мұнайшылар салықтық жеңілдік мұнай бағасы 40 доллардан асқанға дейін қарастырылса дейді. Салықтың барлық түрлері кейінге шегерілсе, кешіктіргені үшін қосымша айыппұл салынбаса; нарықтағы баға 35 долларға жеткенше шикі мұнайды шығаруда алынатын кедендік баж салығын тоқтата тұрса; тауардың өтімділігін кеңейтуге көмектессе; мұнай бағасы 40 долларға көтерілгенше пайдалы қазбаларды өндіру үшін алынатын салықты 50%-ға төмендетсе, т.б.

«Мұнайгаз саласының өркендеп тұрған шағында бұл саланың жетістіктері еліміздің ортақ мақтанышы болды. Үкімет қазіргі қиын кезде де «вахтовиктер» мен олардың отбасының алдындағы жауапкершілікті де бөлісуі керек деп есептейміз», - дейді мұнайшылар.

Айта кету керек, «Қазақстанның жерқойнауын пайдаланушылар одағы» заңды тұлғалардың бірлестігі отандық мұнай өндіруші компаниялардың (шетелдік компаниялардың қатысы жоқ) одағы. Бұл одаққа кіретін ірілі-ұсақты компания өкілдері салықтың жыл санап өсіп келе жатқанына қарамастан, салықтан басқа да шараларға атсалысып жүргенін айтады. Мәселен, өңірлердің дамуына да үлес қосып келе жатыр. Мәселен, Қызылорда облысында орналасқан «Kazpetrol Group (Казпетрол Груп)» ЖШС, «Саутс-Ойл» ЖШС, «Нефтяная компания «КОР» АҚ осыған дейін өңірлік 200-ден аса жобаларға қолдау көрсеткен. Компаниялар 2006-2019 жылдар аралығында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына 33,8 млн доллар бөліпті.

Егер мұнайшылар тізіп тұрып хат жолдаған президент әкімшілігі; үкімет; үкіметке қарасты энергетика; индустрия және инфрақұрылымдық даму; қаржы; ұлттық экономика; экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері үнсіздігін жалғастыра берсе, барлығы 4614 адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Жұмыссыздықпен күресті коронавирус келе сала бастап кеткен билік осынша адамды жұмыссыз қалдырып, онсыз да ушығып тұрған жұмыссыздық мәселесін ушықтыра қоймас...

Байланысты жаналықтар

Қайтарылған актив: Риддерде аурухана салынады

20.11.2024

Премьер-министр Олжас Бектенов өрт қауіпсіздігі шараларын күшейтуді тапсырды

12.11.2024

Үйі жоқ барлық азамат кезекке тұра алады

11.11.2024

Путин Ресейдің ірі мұнай компанияларын өз қолына біріктірмек – шетелдік БАҚ

10.11.2024

Үкіметте «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы бекітілді

09.11.2024

Үкіметте 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысы қаралды

07.11.2024
MalimBlocks
Қайтарылған актив: Риддерде аурухана салынады

Үкімет 2021 жылы басталған аурухана кешенінің құрылысын аяқтау үшін қаражат бөлу туралы шешім қабылдады

Премьер-министр Олжас Бектенов өрт қауіпсіздігі шараларын күшейтуді тапсырды

Үкімет отырысы барысында одан әрі пайдалануға жарамсыз тұрмыстық баллондарды қолданыстан шығару және утилизациялау мәселесін шешу қажеттігі атап өтілді

Үйі жоқ барлық азамат кезекке тұра алады

Үй беру азаматтың табысы мен мәртебесіне сәйкес жүргізіледі

Путин Ресейдің ірі мұнай компанияларын өз қолына біріктірмек – шетелдік БАҚ

Қазір үш ірі компанияны біріктіру мәселесі талқыланып жатыр

Үкіметте «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы бекітілді

Онда экология бағыттары бойынша индикаторлар қойылған

Үкіметте 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысы қаралды

Жылдағы су тасқыны жағдайының алдын алу бойынша дайындық шаралары жүргізілуде