Газ тапшы, шыдаңдар! Шыдамдыны үкімет ұнатады.
Сұйытылған газ тапшылығы мәселесі жуық арада шешілмейді
Автокөлігі сұйытылған газбен жүретіндер тарапынан күн сайын наразылық өсіп келеді. Өйткені, ел аумағының біраз бөлігінде автогаз шектеумен сатылып жатыр. Тіпті, Астананың өзінде көлігіне газ құю үшін түні бойы кезекке тұрып жатқандар көп. Бұл мәселе жақын арада шешілмейді екен. Өйткені, газ тапшы. Сәрсенбі күні журналистердің сұрақтарына жауап берген энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев осылай деп салды.
«Нарықта газ тапшы. Қазір автожүргізушілерге мұны ашық айтуға мәжбүрміз. Бұл мәселе жуық арада шешілмейді» деді Сәтқалиев.
Министрдің айтуынша, соңғы 9 айда газды тұтыну көлемі 25 пайызға артқан, яғни қазір айына 225-250 мың тонна газ тұтынады. Егер бұл тенденция жалғаса берсе және шара қолданылмаса, газ тапшылығы ушығады.
Бұған дейінгі бір сөзінде министр автогазда тапшылық болмас үшін, оның бағасын кемінде өзіндік құны- 110 теңгеге дейін өсіру керек деген еді.
Ел арасында министрдің осы сөзінен кейін газ сатқыштар бағаның қымбаттауын күтіп, газ отыр деген сөз де тарап жүр. Ал министр болса, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, газдың бағасы өзіндік құнынан (жүз теңгеден жоғары) кем болмауын айту қажетпіз дейді. Сондай-ақ, ол автокөліктің бәрі жаппай газбен жүруге көшсе, алдағы уақытта міндетті түрде газ тапшылығы болып, оны жою үшін сырттан газ таситындарын, ол кезде газ бағасы бензин бағасымен теңесіп кететінін де меңзепті.
Айта кетерлігі, елдегі бөлшек саудадағы сұйытылған газдың шектік бағасын мемлекет реттейді. Энергетика министрлігі бекітіп алған ереже бойынша, сұйытылған газ бағасын жарты жыл сайын өзгертіп отыруға болады.
2022 жылы Қаңтар қақтығысына жұртты көшеге шығарған ең бірінші себеп газ бағасының қымбаттауы болған еді.
Басты беттегі фото: Аскар Ахметуллин. kursiv.kz