Ішімдік – жамандықтың көзі
Дүниедегі ең қиын нәрсе – адамның өз нәпсісін жеңуі. Адам бәрімен күресе алады, бірақ өзімен күресуді ылғи ұмыт қалдырады. Бүгінгі қоғамдағы болып жатқан жәйттарға қарасақ, соған анық көзіміз жетеді. Технолоиялық жақтан қанша дамып жатқанымызбен, рухани әлемнің бостығы адамзатты небір қиындықтарға әкеп тіреп жатыр. Соның бірі – маскүнемдік. Әсіресе осы пандемия кезінде елімізде ішімдік көп пайдаланылыпты. Жұмыс жоқ, үйде жатқан адамдар рухани ізденбесе басқа қандай әрекетке баруы мүмкін.
Осы арақ-шараптан біз бірінші жастармызды қорғауымыз керек. Ішімдікке бейім боп келетін уақыт – жасөспірім кезеңі. Бұл уақыттарда бала өмірінде көптеген өзгерістер болады. Организмнің психо-эндокриндік қайта құрылуы қалыптасады, екіншіден ер жетіп қалған баланың көзқарасы, ортасы өзгереді. Психологиялық қайта құрылу дискамфорттық жағдайлардың пайда болуының себебінен қиын қалыптасады. Мінездері тұрақсызданып, ренжігіш, өкпелегіш боп алады. Осы кезеңде сырттан дос іздей бастайды. Бұл кезеңде топтармен бірге арақ-шарапқа үйрену қауіпі артып, ата-аналары мен педагогтардың ескертпелері еркіндігіне, құқығына қарсы көрініп, темекі, ішімдікке құмарта бастайды. Сол арқылы өзін өстім деп ойлайтын психология болады. Бұл біздің қоғамның дертінің бірі. Осы кезеңде баланы қиындыққа соқытыра бермей, аман алып шығу ата-ананың міндеті. Қиындықтан қашу да балаларды алкогольдік топтарға әкелуі мүмкін.
Жаһанда 7 миллиардтан астам халықтың үштен бірі ішімдік ішеді екен. Біздің ел де ішімдікке құмар елдердің қатарында екен. Халық тұтынатын ішімдіктің бір жылдық мөлшерін жан басына шаққанда 12 литр арақ, 31 литр сырадан келеді екен. Соңғы дерек бойынша Қазақстанда бір жылда 261,5 млн литр сыра өндірілген. Бұл ішімдіктер бизнес ретінде де қарастырылатыны түсінікті. Бірақ қоғам өмірі үшін үлкен зиян. Алла Тағала қасиетті Құранда айтады: «Әй мүміндер! Арақ, құмар, тікілген тастар (бұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар» /«Маида» сүресі, 90-аят/ дейді. Бұндай жерде шайтанның азғыруы болатынын айтып: «Одан құтылудың жолы сақтаныңдар, жоламандар, сонда ғана құтыларсыңдар» – дейді.
Осы арақтың кесірінен қанша отбасының шаңырағы ортасына түсіп, күллі көкке ұшып жатыр. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисте «Арақ ішпеңдер! Себебі, арақ – бүкіл жаманшылықтың көзі» дейді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) өз үмметін харам нәрседен сақтануға шақырады.
Ішімдік отбасы мен қоғам үшін зияндылығынан басқа, ең алдымен жеке адамның өз денсаулығын құртушы. Ішімдік неше түрлі ауруды тудырады. Арақ ішкен адамның бауыры майланып, одан әрі циррозға (бауырдың қабынуы), тіпті бауыр рагына апарып соғатыны белгілі. Медицина саласының мамандарының мәліметінше, бауыр рагына ұшыраушылардың басым көпшілігі арақ ішушілер екен.
Арақ – адамды азғырушы шайтанның бір құралы. Арақ ішетін адам үш түрлі хайуанның образына енеді. Алдымен арақ ішер алдында өтірік күлу, жағымпаздану сияқты түлкі мінезділікке салынса, одан кейін бірнеше шөлмек босатқасын, есін еміс-еміс біліп, күші тасып, ырылдасып, төбелесіп, қасқыр мінезге ауысады, артынша есін білмей шошқа секілді кез келген лас жерге ұйықтай салып, өзін адам санатынан шығарады.
Ішімдік соншалықты талай қылмысқа себепкер болса да, оны жойып жіберуге ар-ұятымызды жұмылдыра алмай жүрген жайымыз бар. Егер аз да болса шараның бірінші қадамын жасалып, ішімдіктің этикеткасына: «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі арақ-шарап ішу отбасыңызға зиян келтіретінін, қылмыс жасауға, өліміңізге себепкер болуы мүмкін екендігін ескертеді» деген жазу жазылса, дұрыс болар еді.
Қоғамда ішімдік дертке ем деген сөз бар. Тіпті, кей замандастарымыз күніне бір рет арақ ішу денсаулыққа пайдалы деп, соны әдеттеріне айналдырып алған. Алайда «Тәулігіне бір-екі рет алкоголь қолдану денсаулыққа пайдалы деген сөз – миф. Бұл баяндама сол мифтің тас-талқанын шығарды», – дейді АҚШ-тың Сиэтл қаласындағы Денсаулық көрсеткіштері және анализ институтының профессоры Эммануэла Гакиду. Бұл институт әлемнің 195 елінде зерттеу жүргізіп, алкогольдің адам ағзасына зиянын зерттеген. Нәтижесі Lancet медициналық журналында жарияланған. Онда келтірілген деректерге қарағанда, спирттік ішімдіктер кесірінен жыл сайын дүниежүзінде 15-49 жас аралығындағы 2,8 миллион адам қайтыс болады екен.
Бұл өте қорқынышты көрсеткіш.
Арақ атамыздан қалған ас емес. Қоғам да одан біржола, бір демде арылып кете алмайтыны түсінікті. Бірақ қазір елімізде арақ-шараптан бас тартқан ауылдар бар. Райымбек ауданындағы Сарыбастау, Жамбыл ауылдарының ішімдіктен біржола бас тартып, дүкендеріне сатпайтынын білеміз. Сол сияқты күні кеше Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Жанұзақ ауылы да ішімдек пен темекіден бас тартыпты. Осы үрдіс ақырындап кең етек ала берсек, әсте-әсте жамандықтан арылармыз. Онда қылмыс та, қорлық-зорлық та азаяр еді. Ішімдік – жамандықтың көзі екенін ұмытпайық.
Бақытжан Жаңабаев, имам