МАЭК жұмысшылары енді Әблязовқа қарсы шықты
Маңғыстаудағы «МАЭК» ЖШС жұмысшылары бейне үндеу арқылы президент Қ. Тоқаевтан көмек сұрап, арада он күн өткенде айтқан уәждерін жоққа шығарды.
Маңғыстаудағы «МАЭК» ЖШС жұмысшылары бейне үндеу арқылы президент Қ. Тоқаевтан көмек сұрап, арада он күн өткенде айтқан уәждерін жоққа шығарды. Ақтау қаласы мен облыс аумағындағы көптеген елді мекендерді жылу мен жарықпен қамтып отырған компанияның «Yntymaq» кәсіподағының мүшелері еңбекақыны көтеру туралы мәселе көтерген еді. Алайда аталған кәсіподақтың төрағасы Асқар Қойшыбай тағы да үндеу жолдап, мердігер ұйымдармен келісім-шартқа қатысты қате ақпарат таратқанын мойындады.
Ең қызығы, «Еңбекақымыз өте төмен. Жыл сайын тариф бағасы өскенімен айлығымызда өзгеріс жоқ» деген «Yntymaq» кәсіподағы мүшелерінің сөзінен кейін ұйым төрағасы Асқар Қойшыбайдың жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы қарым-қатынас жақсы бағытта орнағанын хабарлады. Тура он күн бұрын олар іштегі құрал-жабдықтардың тозғанын айтып, мәселенің мәз емес екенін президентке жолдаған еді.
«Біз бұл бейне үндеуді өз еркімізбен жазғанымызды мәлімдегім келеді. Алдын-ала кәсіподақ ұйымымен немесе қандай да бір тараппен келісілген жоқ. Салалық кәсіподақ басшылығымен бірнеше кездесулер орын алды. Осыдан кейін біз бейне үндеуге қатысты шешіміміздің қате болғандығына көз жеткіздік. Сондай-ақ, «МАЭК» қызметкерлері комбинатты басқару құзіретін Мұхтар Әблязовқа беру туралы бастамаға түбегейлі қарсы екендіктерін мәлімдейміз. 18 сәуірде тараған үндеуде менің тарапымнан дәйексіз ақпаратқа жол берілді. 16 сәуірде «ЖЭО-2» - де орын алған технологиялық ақаулар мердігер ұйымдардың сапасыз жұмысының нәтижесі емес. Себебі құбыр желілерін жөндеу жұмыстарымен мердігер ұйымдар айналыспайды», - деді Асқар Қойшыбай.
Маңғыстаудағы еңбек дауына қатысты мәселе туындап, оны шешуге қатысты жағдай ушығып жатқан кезде шетелде қашып жүрген Мұхтар Әблязов «МАЭК» ЖШС туралы ұсынысын президентке жолдаған болатын.
Мұхтар Әблязов бейнежазба арқылы айтқан ұсынысында Энергетика министрі болған уақыттары «МАЭК» ЖШС-нің жағдайы сын көтермегенін еске алды. Үш мың адам еңбек ететін мекеме жұмысшылары облыс әкімшілігіне барып, талап қойған жайттар жиі қайталана берген соң білек сыбана іске кірісіп, үш айда компанияның жүйелі жолға қойғанын да жеткізді.
«1998 жылы жағдай ушыққанына қарамастан мәселенің бәрі үш айда шешілді. Кейін «Қазатомөнеркәсіптің» құрамына өткенде де шу болған жоқ. Алайда Мұхтар Жәкішев сотталғаннан кейін жағдай қиындап, компанияда түрлі мәселе туындады», - деді Мұхтар Әблязов.
Оның бұл жауабына депутат Айдос Сарым әлеуметтік парақшасында «Әблязов қашықтықта отырып МАЭК-ті басқарғысы келеді екен. Егер Қазақстан түрмесінде отырып басқарамын десе, келісуге болады» деп жазды.
Жыл сайын тозығы жеткен құбырларды жөндеудің салдарынан тұрғындары жиі сусыз қалатын Ақтаудағы МАЭК компаниясына дәл қазіргі уақытта расымен де білікті басшы қажет-ақ. Алайда компаниядағы жағдайдың реттелуін маңғыстаулықтар әлі де ұзақ күтетін секілді. Себебі, жыл сайын қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан тұрғындардың жылу мен суға қатысты шағымы азаяр емес.